Қарағандылық «Юность» хоккей мектебінің тәрбиеленушілері жеңіске жетті
Канадада өткен әлемдік Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament турниріне ел атынан «Astana Team» хоккей командасы қатысқан еді. Сол турнирде ұлттық команда әлемнің кіл мықтыларымен кездесіп, чемпион атанды. Ұлттық құрама сапында қарағандылық «Юность» хоккей мектебінің тәрбиеленушілері де бар. Жанкүйерлер чемпиондарды «Қарағанды- Арена» мұз айдынында құшақ жая қарсы алып, құрмет-қошемет көрсетті.

Бұл сайыс – жыл сайын ұйымдастырылатын айтулы турнирдің бірі. Оған 13 жасқа дейінгі хоккейшілер қатысады. Айта кетейік, турнир BB, AA, AA Elites және ең жоғары AAA дивизиондары бойынша өтеді. Қазақстандық команда AA дивизионында чемпион атанып, AAA дивизионына жолдама алды.
Жарыс барысында «Astana Team» клубы Канада, Швейцария, Корея, АҚШ және Польша мемлекетінің клубтарымен күш сынасқан болатын.
«Astana Team» хоккей командасының құрамы Өскеменнің «Торпедо», «Астана» хоккей клубы, Алматының «Тайгерс» және Қарағандының «Юность» клубының тәрбиеленушілерінен жасақталған. Ал, «Юность» клубының сапынан Артем Неведров, Роман Матушкин және Михаил Бельков сынды үздіктер жеңіс үшін үлес қосты. Сонымен қатар, команданың жаттықтырушылар штабының қатарында «Юность» хоккей мектебінің жаттықтырушысы Владислав Подкорытов та бар.
– Өткен жылы ақтық бәсекеде қарсыластарымыздан жеңіліп қалғанбыз. Биыл сол қателіктерді жібермей, жеңіске жету үшін барымызды салдық. Ақтық кезеңде былтыр канадалықтардан кеткен есемізді алдық. Бұның бәрі – еңбек пен табандылықтың жеңісі. Балалар ұйымшылдық танытып, бар күшін салды. Еңбек – солардікі. Сонымен қатар, ата-аналар мен мектеп ұжымына алғысымды білдіремін, – деді Владислав Подкорытов.
Ал, шайбалы хоккей бойынша олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Владимир Хронусов болса, бұл жетістіктің өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бұл жетістік – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі маңызды табыстарының бірі. Бұндай көрсеткіштер хоккейдің дамуына серпін беріп, балалардың құлшынысын арттырады. Қазіргі таңда мектепте 560 бала жаттығады. 12 жас санаты бойынша бірнеше команда Қазақстан біріншілігіне қатысып келеді. Өткен жылы дәл осы турнирде команда ІІ орын алған болатын. Биыл олар чемпион атанды, – деді ол.
Шабуылшы Артем Неведров ақтық кезеңдегі ойынның тартысты өткенін айтады.
– Финалдағы ойын ең қиын кездесудің бірі болды. Былтыр сол қарсыластарымыздан жеңіліп едік. Биыл барымызды салып, соңына дейін ойнадық. Үзіліс кезінде өзімізді жігерлендіріп, буллит сериясында жеңіске жеттік. Турнир барысында алты кездесу болды. Одан бөлек, екі командамен екі жолдастық кездесу өткіздік. Бәрінде де жеңіске жеттік. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деді спортшы.
Жас спортшылардың бүгінгі жеңісі Қарағанды хоккейінің деңгейін көрсетеді десек, артық айтқанымыз емес.
Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



