Жас футболшыларға қолдау мол
Қарағанды өңірінде футболды дамыту және жас буынды спортқа баулу бағытындағы жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы игі бастамалардың аясында «Шахтер» футбол клубының өкілдері мен Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасының өткен маусымындағы үздік ойыншыларының бірі Глеб Макридов Қарағандыдағы №6 орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде клуб өкілдері оқушылармен сұхбат құрып, еркін пікір алмасты. Әрі мектепке футбол және волейбол доптарын тарту етті.

Айта кетейік, аталған білім ордасында клуб академиясының жас футболшылары тәлім алып жүр. Кездесу барысында Глеб Макридов жас спортшылармен пікірлесіп, олардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, жас футболшы алдағы уақытта Испанияның әйгілі «Атлетико Мадрид» клубына қаралымға баратынын да атап өтті.
– Жастарды спортқа мектеп жасынан баулыған дұрыс. Қызығушылықтарын арттыру үшін жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Әрі осындай кездесулер жиі өтсе екен. Оқушылар кәсіби футболшыдан футбол жайында кеңінен ақпарат алса, қызығушылығы артады. Біз мектеп оқып жүргенімізде ардагер футболшы Петр Асылбаевпен жиі кездесетінбіз. Сол кісіге қарап, футболға деген қызығушылығымыз күшейді. Бүгінгі жастар да футболға аса қызығады. Сондықтан, мұндай кездесулер әлі де керек, – деді Глеб Макридов.
Ал, клуб өкілдері өз тәрбиеленушілері білім алатын мектепке қолдау білдіріп, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға атсалысу басты мақсатының бірі екендігін айтады.
– Клуб үшін әлеуметтік жауапкершілік жай ғана ұран емес. Күнделікті атқарылатын жұмыстың ажырамас бір бөлігі. Мектеп қабырғасында баланың мінезі қалыптасып, тәртібі шыңдалып, алғашқы армандары қанат қағады. Академия тәрбиеленушілері білім алып жатқан оқу ордасына қолдау көрсету – біз үшін мәртебе. Осындай кездесулер балаларға шабыт сыйлап, өзіне деген сенімділігін мықтап, мақсатына жетелейді. Біз қоғаммен бірлесе жүзеге асатын игі бастамаларға әрдайым ашықпыз. Себебі, бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел болашағының іргетасы, – деді клубтың медиадиректоры Бекежан Ардақұлы.
Кездесу соңында оқушылар футболшымен доп теуіп, естелікке суретке түсті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



