Жас домбырашылардың жарқын жеңісі
Павлодар қаласында өткен «Күй – қазына» I өңіраралық зияткерлік-орындаушылық байқауында Қарағандының жас домбырашылары үздіктер қатарынан көрінді. Өнерпаздар жекелей номинацияда жеңіске жетіп, командалық есепте жүлделі үшінші орынды иеленді. Ұлттық күй өнерін дәріптеуді мақсат еткен байқау биыл Павлодар қаласындағы Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің 35 жылдығына арналды.

Үш кезеңнен тұратын шығармашылық байқауға Павлодар, Өскемен, Астана, Көкшетау, Қарағанды және Семей қалаларынан келген жас домбырашылар қатысты. Олар орындау шеберлігін ғана емес, күй өнеріне қатысты теориялық білімдерін де көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша «Шертпе күйдің үздік орындаушысы» аталымында Қарағанды қаласындағы «Қосбасар» командасының мүшесі Нұрмұхамед Жақанов жеңімпаз атанды. Музыкалық жетекшісі – Гүлжамал Әбішева. Ал, «Төкпе күйдің үздік орындаушысы» атағы Семей қаласындағы «Әлқисса» командасының мүшесі Әнуар Бекасылға берілді. Рүстембек Омаров атындағы арнайы жүлдені Астана қаласының «Ақжелең» командасынан Бейбарыс Бәкішев иеленді.
– Командалық форматта алғаш рет қатысып отырмын. Бұл мен үшін өте қызықты тәжірибе болды. Домбыра – мен үшін жай ғана аспап емес, ол – даланың үні, ата-бабалар тарихы, ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Күй арқылы халқымыздың рухын, ұлттық дәстүрдің қуатын жеткізуге тырысамын, – дейді Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Нұрмұхамед Жақанов.
Байқау аясында Қ.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының оқытушысы, PhD доктор Айтолқын Тоқтаған «Екі күйші – екі тағдыр: Дина мен Сейтектің шығармашылығы» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Ол Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының күй мұрасын жан-жақты талдап, жас орындаушыларға тағылымды дәріс ұсынды.
Жалпыкомандалық есепте Қарағанды құрамасы құрметті үшінші орынға ие болды. Команда сапында Нұрмұхамед Жақанов, Манас Әлиев және Әлия Құрмашқызы өнер көрсетті.
Қазақтың күй өнерін ұлықтаған байқау жас домбырашылардың шығармашылық шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық мұраны насихаттауға да үлкен үлес қосты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



