Ботақара кентінде Бұқар жырау толғаулары қайта жаңғырды
Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде XVII дәстүрлі «Бұқарекең жырлайды» атты байқау өтіп, ұлт руханиятының асыл қазынасына айналған Бұқар жырау толғаулары қайта жаңғырды. Жас өнерпаздардың көмейінен жыр төгіліп, домбырамен толғау айтты. Ауданның дәстүрге айналған байқауына биыл 60-тан астам қатысушы жиналды.

Дәстүрлі байқауға мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар мен жас ақындар қатысты. Ең кішкентай қатысушының жасы – 8 жас.
Байқаудың негізгі мақсаты – Бұқар жырау Қалқаманұлының мол рухани мұрасын кеңінен насихаттау, халық өнерінің сарқылмас дәстүрін дәріптеу, жас буынды ұлттық құндылықтарға баулу және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Жарыс «Жыршы-жыраулар сайысы», «Бұқар жырауша», «Бұқар жырау оқулары» және «Әлемді түгел көрсе де» атты төрт аталымда ұйымдастырылды. Әр аталым талабына сай оқушылар жыраулар үлгісінде жыр жазды, Бұқар жыраудың толғауларын нақышына келтіріп мәнерлеп оқыды. Өзге ұлт өкілдері қазақ және орыс тілдерінде Бұқар жырау жырларын жатқа айтты. Сондай-ақ, қатысушылар ұлттық поэзияның үнімен үндес өз туындыларын да көпшілікке паш етті.
Шара соңында барлық өнерпаздарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Ал дара шапқан үздік жеңімпаздар арнайы диплом беріліп, ақшалай сертификаттарға ие болды.
«Бұқар жырау оқулары» аталымында бас жүлде – 50 мың теңге көлеміндегі сыйлық Ақбел ауылының оқушысы Асылжан Көшеғұловаға бұйырды. Оның жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жасұлан Хамитов.
Бұқар жырау ауданына қарасты Сарыарқа ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Руханият» қосымша білім беру орталығының «Жыршы-жырау (айтыс) сыныбының оқушылары да байқауда бой көрсетті, әрқайсысы әр аталымда жеңімпаз атанды. Мәселен, Влада Бугинова «Әлемді түгел көрсе де» аталымында жыраудың толғауын мәнерлеп оқып, екінші орын алып, ақшалай 20 мың теңгеге ие болды.
Ал «Жыршы-жыраулар сайысында» жыр-толғауларды мақамға салып орындаған оқушыларымыз да үздік деп танылып, жеңімпаз атанды. Абдолла Сардар бірінші орынды қанжығалады. Алан Нұрлан жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Жүлдегерлер Алғыс хатпен марапатталып, ақшалай сертификатқа ие болды.
Ұлт руханиятының асыл қазынасына айналған Бұқар жырау толғаулары халықпен бірге мәңгі жасай бермек. Ал оның толғауларын санаға тоқитын, жыр айтатын оқушыларымыздың биіктен көріне беруіне тілектестік білдіремін.
Нұрбала АСЫЛБЕКОВА,
Сарыарқа ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі
Бұқар жырау ауданы



