Руханият

Жас дарындар додасы

Дарынды балаларды анықтап, олардың дамуына қолдау көрсету мақсатында және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Балдәурен» балаларға және жасөспірімдерге арналған аймақтық көпжанрлы вокалдық байқау өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Байқау эстрадалық, дәстүрлі ән және аспаптық жанр бойынша үш топқа бөлінген.

– Жас әншілер өздері шыр­қаған ән тарихын жақсы меңгеріпті. Дауыс ырғақтары да кәсіби әншілерге жетерлік-ақ. Жас та болса, әннің мазмұнын ұғып, сезініп шырқады. Қазылар алқасы да осыған баса назар аударып әділ бағаларын берді, – деп атап өтті Теміржолшылар мәдениет сарайы директорының Жаңа Майқұдық мәдениет үйі бойынша орынбасары Амангелді Ахметжанов.

Расында байқау шарттарына сай қатысушылар деңгейі өте жоғары. Бұл сөзімізді көрермен қауым да растады.

– Бұндай мәдени шараларға көп келмесек те, ән мен әншінің үйлесімділігін, әнді қалай шыр­қап тұрғандығын, оның әншілік деңгейін танитындай жастамыз. Байқау қатты ұнады. Жастардың жеңіске деген ұмтылысы бізді жігерлендіріп, көңілге қуаныш ұялатты, – дейді көрермен Бағым Бегалықызы.

Сонымен, дәстүрлі ән жанры бойынша бас жүлдені №3 балалар өнер мектебінің оқушысы Әлімхан Қабытаев, эстрадалық ән жанрының бас жүлдесін Інжу Түсіпбек алды. Ал, аспаптық өнер бойынша бас жүлде №66 мектеп-лицейінің оқушысы Аяулым Бауыржанға бұйырды. Ж.Тәшенов атындағы №54 мектеп оқушысы Алия Асланова I орын жүлдегері атанды. Ол 16-17 жас аралығында өнер көрсетті. Оның бұл жобаға қатысуына ұстазы Мадина Асабуева себепкер болған.

– Бәйге болған соң, жеңу мен жеңілу қатар жүреді. Десек те, байқау балалардың деңгейіне сай әділ өтті. Өнер көрсеткен жеткіншектер арасында осалы болмады. Тап осындай қарқынмен дайындықты үзбесе, бұл балалар қалааралық тіпті, халықаралық байқауларда қара үзері анық. Мұны біз олардың табиғи таланты мен ынта-жігеріне қарап айтып отырмыз, – дейді жеңімпаз Алия Асланованың жетекшісі Мадина Мейр­жанқызы.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button