Жаңалықтар

Жас дарын

          Қарапайым ғана қазақтың баласы… Қатардағы көп білім алушылар секілді Балқаш қаласындағы №15 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы… Болмысы, өзін-өзі ұстауы, адамдарға қарым-қатынасы, ортамен араласуы бәрі-бәрі қарапайым… Алайда, қаланың, облыстың ғана емес, тұтастай республиканың атын шығарып, қазақтың мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатқан талапты жас.
Көздінің көзінен, тілдінің тілінен сақтай гөр деп тілеп, бетіне қарап отырған бір үйдің жалғыз баласы болса да, жас дарын Ілияс Жақсыбеков орынсыз еркелікке әуес болмай, қайта білім-ғылымға құштар болып өседі. «1 сыныптан бастап астрономияға қызығушылығым оянды. Энциклопедияларды оқуды да 6-7 жасымда бастадым », – дейді өзі жай ғана. Оның бұл сөзін ұстаздары да мақұлдап отыр. Осы талабымен көптеген кітаптарды оқып-тауысып, ғылымға деген қызығушылығы жыл өте арта түседі. Өткен жылдың қазан айында интернет желісін парақтап отырып, оқушылар арасындағы халықаралық деңгейдегі «Спутник» жас инженер-зерттеушілердің конкурсын көзі шалып қалады. Ресейдің Самара қаласындағы академик С.Королев атындағы зерттеушілердің ұлттық университетінде 5-11 сынып оқушылары арасында екінші жыл ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – ғарыш саласына қызығушылығы басым жас таланттарға қолдау көрсетіп, жасөспірімдердің осы бағыттағы білімі мен білігін тереңдету болып табылады екен. Ілияс еш ойланбастан, байқау шарттарымен танысып, қатысуға ұсыныс береді. Байқаудың алғашқы іріктеу кезеңінде ғарыш саласы, оның ішінде физика, астрономия, жалпы білімпаздық бойынша конкурстың арнайы сайтындағы тест сұрақтарына жауап беру міндеттеледі. Әлемнің әр бұрышынан қатысқан 7500 баланың ішінде екінші кезеңге тек 1500 жас зерттеушілер іріктеліп, біздің Ілияс та 25 сұрақ, 5 тапсырманы еш қиналмастан сәтті орындап шығып, негізгі 100 ұпайдың 96-сына дұрыс жауап беріп, байқауды жалғастыруға жолдама алады. Екінші кезеңде берілген төрт бағыттың біреуін таңдай отырып, өзінің шығармашылық жобасын жолдау қажет болады. «Ракетостроение» (зымыран жасап шығару құрылысы) бағытын таңдаған Ілияс бар зейінін осы жұмысқа арнап, күндіз-түні үздіксіз ізденіп, орыс тілінде өзінің жобасын жолдайды. Араға біршама күн салғаннан кейін, байқау қортындысы шығып, финалға өткен зерттеушілердің ішінде балқаштық Ілияс Жақсыбековтің де есімі тізімге ілігеді. Іріктелген 200 баланың 198-і Ресейдің әр қаласынан болса, біреуі – Түркиядан, біреуі – біздің Ілияс екен.
Жас дарын осындай үлкен дәрежеге жетуге жағдай жасаған мектеп басшысы Қ.Дүбірбековаға, үнемі қолдап, дем берген сынып жетекшісі Г.Серіковаға шәкірттік алғысын білдірді.

Еркеназ БАҚТОРАЗҚЫЗЫ.
БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button