Жаңалықтар

Жас боксшылар бәсекесі аяқталды

Бүгін Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұланның батыры, республикалық жарыстардың чемпионы марқұм Айбат Амановтың құрметіне ұйымдастырылған бокстан үш күндік турнир өз мәресіне жетті.

Суреттер автордан

Турнирдің жабылу салтанатына марқұмның ата-анасы мен туыстары, батыр сарбаздың өзі қызмет атқарған Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5514 әскери бөлімінің, сондай-ақ Жаңаарқа ауданы әкімдігінің ардагерлері мен өкілдері қатысты. Ұлытау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен спорт додасында жүздеген жасөспірім бақ сынады. Жаңаарқа, Шет ауданы, Ақадыр кентінен келген боксшылар өзара мықтыны анықтады. Сарапшылар да спорттық шараның жоғары деңгейде өткенін бірауыздан айтты.

– Кезінде Айбат екеуміз бокспен бірге айналыстық. Ол өте жігерлі бала болатын. Бүгінгі турнирге келген балалардың бойынан мен Айбатқа тән жалынды, рухты көрдім. Жеңіске жетуге деген ұмтылыстары жоғары болды. Сол себепті турнир әділдік принциптеріне сай өтті деп есептеймін. Аталмыш біріншілік балаларға жақсы көңіл-күй сыйлады. Оларға үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Әлбетте, осы турнир келесі жылы да өз жалғасын табуы керек, – дейді Бас төреші Дарын Дүйсенбаев.

Турнирде бес салмақ санаты бойынша 60-тан аса медаль жиынтығы ойнатылды. 200-ге жуық жас спортшы қатысты. Батырдың ата-анасы дайындаған арнайы сыйлықтар да болды. Оны 43 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған  жаңаарқалық Қабылда Мәнсүр ұтып алды.

– Өткен жылы арнайы сыйлық Айбат өнер көрсеткен 37 келі салмақтың жеңімпазына тапсырылған еді, осы жолы 43 келі салмақ жеңімпазына беруді жөн көрдік. Жыл сайын салмақ дәрежесі ауысып, балалар үшін тосын сый болсын деп шештік. Бұл да жарысқа қатысушыларды ынталандырады. Ұлым бокспен айналысқанда, осындай жарыстарға баратын. Біз осы жарысты бірнеше жыл ұйымдастыруға көмек қолын созып келе жатқан

 Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл турнир жылдан жылға жалғасып, республикалық деңгейге дейін жететініне кәміл сенемін, – деді батырдың анасы Гүлназ Әлкенқызы.

Біріншілік соңында шара ұйымдастырушыларына Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриевтің атынан алғыс хат табысталса, жеңімпаздарға арнайы грамоталар мен медальдар салтанатты жағдайда табыс етілді.

Айтып өту керек, бұған дейін батыр сарбаз тұрған үйде, Ақселеу Сейдімбек атындағы орта мектепте мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өткен болатын.

Генерал-майор Қайрат Үмбетов ел алдында Айбат Амановтың әкесіне шапан жауып, әскердің Бас қолбасшысы атынан естелік сыйлықты табыс етті.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде  Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбат Аманов жолдастарын құтқару мақсатында соққыны өзіне қабылдап, ерлікпен қаза тапты.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Мемлекет басшысының бұйрығымен қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен  марапатталды. Батыр жауынгер есімі өзі қызмет еткен әскери бөлім жеке құрамының тізіміне мәңгіге жазылды.

С. Сейфуллин атындағы Жаңаарқа тарихи-өлкетану мұражайында Айбат Амановтың киімдері мен жеке заттары бар көрме ұйымдастырылды.

Алияр ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚР Ұлттық ұланы Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button