Жас боксшылар бәсекесі
Жақында «Балқаш қалалық спорт клубының» іргетасын қалаған, бокстан КСРО спорт шебері, Балқаш қаласы бокс Федерациясының тұңғыш Президенті, спорт ардагері Тлеугерей Маканалинді еске алуға арналған I халық- аралық турнир өтті. Жарыс 2007-2008 жасөспірімдер арасындағы түрлі салмақ санаты бойынша өткізілді.
Төрт күнге созылған бокс додасына Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Армения елдерінен және Қазақстан құрамасы мен Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жасөспірімдер қатысты.
Ашылу рәсімінен кейін ширек финалға шыққандар күш сынасып, бұл сыннан сүрінбегендер жартылай финалға шыққан және үшінші орынға табан тіреген боксшылар қызу тартысты. Әр сайыс 3 раунд, 2 минутқа созылды.
Қызыл бұрыш пен көк бұрышта түрлі салмақтағы жасөспірімдер бар шеберлігін салып сайысты. Қарсыластар да аянбады. Байрақты бәсеке жас таланттарды анықтап, болашақ чемпиондарды дайындауға және боксшылардың өзара тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауына керемет мүмкіндік болды. Халықаралық дәрежедегі бапкерлер турнирдің әділ өтіп жатқанын, ұйымдастыру деңгейі көңілден шыққанын айтты.
Жарыс қорытындысында, 46 келіде қарағандылық Нығман Нығметов, 48 келіде Қазақстан құрама командасының оғланы Алдияр Бахадүр, 50 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Ерәділ Ұзақбай, 52 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрасыл Тулеубек, 54 келіде Балқаш қаласынан Ералы Ерік, 57 келіде павлодарлық Марғұлан Ауып, 60 келіде Атырау облысының боксшысы Ануарбек Марат, 63 келіде қостанайлық Кирилл Шкута, 66 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Бекарыс Нұрмұхан, 70 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Жасұлан Бердалы, 75 келіде атыраулық Жандос Алпысбаев, 80 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Бақытжан Айтмуханов, +80 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Бексұлтан Қайратұлы чемпион атанды.
– Бұл жарыс мен үшін үлкен сын болды. Тәжірибе жинақтадым. Бапкерім Ринат Басаровқа алғысым шексіз. 60 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарым осал болған жоқ, – дейді чемпион Ануарбек Марат.
Сонымен қатар, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен Қазақстан құрамасының боксшысы Игор Соловьев, «Ең үздік әдісі үшін» номинациясымен Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Алдияр Бахадүр, «Үздік төреші» номинациясымен Петропавл қаласынан келген төреші Алдияр Жақиянов марапатталды.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz