Жаңалықтар

Жас Қазақ (Ерлік дастаны)

Ақын, белгілі қаламгер, журналист Ержан ИМАШ – 65 жаста

«… Ел қорғаған майданда жас арыстан
Төлегендей артыңа қалдыр дастан.
Жас қазақ жатты жауын жаныштап»
«Жас қазақ» әнінен

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

І.
Жетімдік.
Бейбіт күнде
Сұрасаңдар «Төлеген қайдан еді»:
Қазақстан, Өскемен – аймақ, елі,
Тарбағатай, Алтайдан түлеп ұшып,
Шомылғаны – Зайсанның айнакөлі.

Қарақұдық – туған жер, ауылы оның,
Ерте жетті жетімдік – ауыр өмір.
Жеті жаста әкесін, он бірінде
Алып кетті шешесін лағын өлім.

Үш қарындас, тағы да бала қалды,
Әжелері Мүслимән кәрі адам-ды.
Құдай иіп, ең үлкен аға-жеңге
Ғабділғұмар Күләшпен панаға алды.

Ол екеуі келгенше шамасы да
Балаларға, қамқор боп анасына,
Тавриядан Шемонаиха ауданына,
Көшті сосын Лениногор қаласына.

Уақыттары бұлардың текке өтпеді,
Оқуларын жалғады мектептегі.
Бәйек болған аяулы аға-жеңге
Ішіп-жем мен киімнен шектеп пе еді?!

Кірген шақта есейіп енді естері,
Жеті сынып бітіріп, он бестегі
Төлеген де жұмысқа тұрмақ болды,
Тірлігіне отбасы селбескелі.

Бұғанасы қатпаған, бекімеген,
Өжет, алғыр жасынан жетім өрен,
Үйдегілер қаншалық қарсы болсын,
Орналасты барып сол бетіменен.

Шығаратын зауыт бұл қорғасын да,
Жүрексініп сәл ғана ол басында,
Тәуекел деп тас жұтып, белін буды
Сезіп-біліп бәрі оңай болмасын да.

Төселмеген шикі жас әлі сынға,
Басқаратын Вдовин ауысымда
Краншының шәкірті болып бастап,
Өзі болды үйрену барысында.

Қабылданып комсомол қатарына,
(Асыл пышақ қынында жатады ма?!)
Жоспарын да асыра орындаумен
Озаттардың ілікті атағына.

Тер төккенді, сірә да, мін көре ме?!
Өзі жүрді танытып үлгі-өнеге.
Маңайына үйіріліп тұрар жастар
Жаны бірге адамдай бір кемеде.

Міндетіне мұқият тапсырылған,
Бозбаланы байқалған жақсы қырдан.
Комсомолдар жиналып цехындағы,
Ұйымына өзінің хатшы қылған.

Бірауыздан барлығы мықты демеп,
(Қолдау деген қашанда, тіпті, керек)
Сенім артып әріптес серіктері,
Одан игі істерді күтті, демек.

Тәртіп болып талабы, қалағаны,
Соған қарап оларды бағалады.
Күннен күнге арттырып қарқындарын,
Сүйсіністі цехтағы ағалары.

Өзі жүрер Төлеген жарқыл қағып,
Көпшіл, адал әуелден салтын бағып.
Еңбек етпей біледі ол тілегіңді,
Қабыл ете қоймасын «алтын балық».

…Қырық бірдің өтуде жаз айлары,
Көбеймесе, жұмысы азаймады.
Осы кезең ширады пісіп-қатып,
Азамат боп кіршіксіз таза ойлары.

Жасы толды дәл биыл жиырмаға,
Көз тастайды түу алыс, қиырға да.
Неге екені белгісіз, жүрегінде
Ұйытқиды кеп бір дауыл құйындана.

Алабұртқан әлдебір сезім бе екен?!
(Көрген шақта сол қызды төзім кетер).
Ауызына сөз түспей абыржиды,
Ұстай алмай алдында өзін бекем.

Мәлім ғана өзіне бұл азабы.
(Басылар ма ғашықтық, сірә, зары?!).
Келе жатқан жасынан біте қайнап
Қайда жүр-ау жан досы Жұмажаны?!

Шын достыққа жалғанда жетеді не?!
Көзі жеткен оның нақ екеніне.
Құрдасы еді бірге өскен, бірге оқыған,
Енді қатар істейді екеуі де.

Алаңдаумен көңілі нені аңсады,
Жолдасының таяды келер шағы.
Шіркін, бүгін қыдырса ғой түнімен,
Тамылжып тұр маусымның кемел сәні.

Неге келмей Жұмажан жатыр әлі?!
Сыбдыр қаққан жап-жасыл жапырағы
Әсем баққа қаланың ортасында
Екі қызды танысқан шақырады.
Қалып еді сол жолы білісе алмай,
Қараторы ұнады бірі сондай!
Сонша неге кеудесі дүрсілдейді,
Жиі-жиі соғады тынысы, Алла-ай…

«– Атым менің, – назданып, –
Ерке, – деді,
Құлын мүсін, дидары көркем еді.
Содан бері неше күн, мезгіл өтті
Жүрегіне от тастап өртегелі.

Дерттісің ғой, балақай, байқадың ба,
Содан бәлкім миың да шайқалуда.
Бір сөзіңді айтып қал, жігіт болсаң,
Шығарып сап үйіне, қайтарыңда».

Бекінді де ширықты осы ойменен,
Жұмажан да оралды кешеңдеген.
Шайдай ашық аспан да, күннің жүзі,
Жел де жоқ, жаңбыр да жоқ нөсерлеген.

Жиырма бірінші маусымның күні
болар,
Ох! Армансыз сейілдер бүгін олар.
Қолтығында екі қыз шалқып-тасып,
Таң атқанша сырласып жүріп алар.

Ай астында, мүлгіген бақта мынау, –
Сүйгендердің сырлары ақтарылар.
Бара жатар бақыттың құшағында
Үміт етіп ертеңгі ақ таңынан.

…Екі аруға өтінді барды-дағы,
Қабыл алып жүздері балбырады.
Мәз-мейрам боп келеді сабаздарың
Орындалған тәрізді бар мұрады.

Суреттеуге шаттығын тіл жете ме?!
Қатарласып аяңдар, бір жекеде.
Екі жаққа айырылды жұптарымен,
Қараңғыға сүйрейді түн жетелеп…

Жібегіне жолығып Ер Төлеген,
Болды көкте жүргендей Еркеменен.
Қуанышын бұлардың бөлісуге
Таң сібірлеп келеді ертелеген.

Төңірек маң ұйқыда тұншығады,
Сәлден кейін төгілер күн шуағы.
Кенет, кенет, саңқылдап репродуктор
Суық хабар жеткізген үн шығады.

Естігенде сұмдықты суыт та әлгі,
Естен тана екі жас тұрып қалды.
Саусақтарын сығымдап бір-бірінің,
Не боп жатыр дүние ұмытқан-ды

«Соғыс, соғыс! Кімдер оны бастады –
Германия бізге қарсы ашқаны.
Ел шегінен басып кіріп, ойран сап,
Өртеп, жойып, бомбыларын тастады».

Хабар осы кісі шошыр сиқынан,
Атып тұрды жатқан жұрт та ұйқыдан.
Абыр-сабыр не істерлерін білмейді
Опыр-топыр мына ұйқы-тұйқыдан.

…Міне, жақын қыз тұратын үй қалды,
Қоштасарда екі ғашық қиналды:
Төлеген де жігіт еді әдепті,
Бойжеткен-ді Ерке-дағы иманды…

ІІ.
Панфиловшылар
… Қып-қызыл боп атып сонда құба таң,
«Аттан!» деді сол күні алып Ұлы Отан.
Ұл-қыздары жіберер ме намысын,
Желбіреген туын қалай құлатар?!

Еркін, азат Кеңестердің елі еді,
Халықтары, әйелі мен тең ері.
Жер бетінен жойып оны жіберу –
Фашистердің арманы сол, керегі.

Еуропаны жаулап әбден тасты ма,
Көпшік қойды әлдебіреу астына.
Гитлердей көсемдері көкіді:
«Табанымда жатады, деп, Москва!»

Өткізбек боп сонда жеңіс шеруін,
Төкті әскерін білген ылғи жеңуін.
Екі-үш айда жетіп келді түбіне
Астананың қалқан құрған шебінің.

Жолда қалып Украина, Беларусь,
Молдавия, Прибалтика ең алыс.
Ресейдің қалаларын өрт жалмап,
Атысы жоқ бір күн болмай демалыс.

Кезіккенін бұйым көрмей шіл құрлы,
Ел жүрегі – Москваға ұмтылды.
Сол уақытта алғы шепте қасқайып,
Жауға қарсы ең бірінші кім тұрды?!

Сайыпқыран, сақадай сай, кіл мұздай,
Қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, қырғыздар –
Панфиловтың дивизиясы болатын
Алатаудай жеткен сонау шың-құздан.

Алматыда жасақталған құрама,
Тату бәрі – бірі інідей, бірі аға,
Ел басына күн туғанда азамат
Қару алып, атқа қонбай тұра ма?!
Көбі уыздай, қылшылдаған өндір жас,
Беттескеннің белін үзіп, оңдырмас.
Командирі Панфиловтай генерал
Сан шайқаста ысылған ол көндімбас.

Жастық шақта осы мынау неміспен
Ресей мен патшасы үшін керіскен
Орта Азияда бандылармен алысқан
Іріткі салған ел мен жұртқа кеп іштен.

Тәжірибелі, парасатты, салмақты,
Қатал, жұмсақ мінезі де бар бапты.
Қырғызстан комиссарын әскери,
Колбасшылық орынға осы таңдапты.

Атақ-даңқын ерліктері жайыпты,
Адам еді атына сай, лайықты.
Отан үшін оққа төсеп кеудесін,
Болған құрбан, өзі де опат, майып-ты.

Ол сүйетін туған жерін, халқын да,
Құраманың асқақтатып даңқын да.
Талқан еткен бес дивизия бір айда
Қалды ерлері қайтпас жаудың артында.

Жиырма сегіз батыр шыққан осыдан,
Оған қанша қаһарман бар қосылар.
Бауыржан мен Мәлігімді жырласам,
Ағыл-тегіл қаламыммен жосылам.

Қас дұшпанның еске салып тәубасын,
Қойша қырып, бітіргенше саудасын,
Тырқыратып қуған еді оларды
Алып қашып жөнелгенде сау басын.

Сыбағасын жендеттердің мол берді,
Зытты ұмытып мәйіттерін көмгенді
Гвардиялық атауын ап дивизия.
Туына әкеп тақты Ленин орденді.

316 қалыс қалып номері,
«Біз панфиловшы жауынгерміз»,
– дер еді.
Сұранғандар майданға деп өтініп,
Құштар болып өзі осында келеді…

ІІІ.
Соғыс. Майданда
Москваның батысы, Нахабинда,
Толықтырып өзінің қатарын да,
Панфиловшылар тынығып жатыр
аз күн,
Ішке бүгіп кегі мен қаһарын да.

42-нің қаңтары – қысы келді
(Көрсін енді немістер үсігенді)
…Бір топ жігіт Лениногор қаласынан
Комиссия үйінің ішіне енді.

Бойы бірдей, құралпы жігіттерді,
Бастай беріп тізімге ап, іріктеуді:
Комиссия мүшесі Мәлік өзі
Шетте тұрған екеуден үміттенді.

Біреуі тұр көздері шоқтай жайнап,
Бойындағы қайраты оттай қайнап
Ашаң жүзді, сымбатты қара торы,
– Тоқтаров! – деп саңқ етті қатты
айқайлап.

Екіншісі ақсары, денелі еді,
– Жұмажанмын Батталов! – деген оны
Төлегенмен апарып қосты бірге
Автоматшылар ротасын демегелі.

Дос екенін Мәлік те кейін білді,
Қылжақтасып бір-бірін ойын қылды.
Жаттығуда қалыспай, жарысумен
Дәл көздеуге нысана мойын бұрды.

Осылар кеп саптары толыққалы.
Шыққан да жоқ құрама жорыққа әлі.
Ротада саяси басшы Мәлік,
Орынбасар Бауыржан полктағы.

От еді ғой Төлеген жанып тұрған
(Әттең, қыршын кетті ғой болып
құрбан!)
Отыра қап ойнаса доминоны,
Әңгіменің тиегін ағыттырған.

Домбырасын өкінер алмадым деп,
Орыс, қазақ әндерін салғанын көп
Тыңдағанға дейді өзі «Жүрмін оны
автоматтың үніне жалғағым кеп».

Өнерлі еді, алуан би де білер,
Қашан көрсең жайдары күйде кілең:
Көтереді көңілін достарының,
Кеше ғана қоштасқан үйлерімен.

Дарқан, жомарт, Төлеген өзі сері
Қолда барын басқамен бөліседі
Бәрі қатты сыйлайды ішке артып,
Ешкім жаман көрмейді, теріс оны.
Секілді еді Алтайдың бір шынары,
Жапырағын жаймаған бүршік әлі.
Жауын көрсе жапырып тастайтындай,
Білек, жеңін сыбанып, құлшынады.

ІV.
Бес күнгі ерлік
Эшелонда барлығы бір жолдағы,
Алдарында алғы шеп, тұр жаулары
Жиырма екісі қаңтардың келіп түсті
Дворцыға қалың ну тым жан-жағы.

Көп бөгелсе аязда қалмақ үсіп,
Автоматшылар шаңғымен алға түсіп,
Батальонға жол салып келе жатыр,
Артта полк ізімен қарманысып.

Бір деревняда тыныстап, аялдады,
Мұндағы жұрт дастарқан жаяр бәрі.
Басын қосып командир, комиссарлар
Міндеттерін ертеңгі баяндады.

Соныменен, ақпанның үші болды,
Сақылдаған сары аяз күшіне енді.
Ново-Синюхова қарсыда деревняда
Бір гарнизон фашистің күші мол-ды.

Батальон, жеткенше полк келіп,
Автоматшылар ротасын бөліп-бөліп,
Қара түнде лап қойды үш жағынан
Жатқан жауға үйлерде толып қонып.

Жиырма минут созылды қанды қасап,
Жігіттер де желпініп қалды жасап.
Төлеген де тапсырды айдап әкеп,
Жеті бірдей немісті алдына сап.

Тоқтамайды онымен батыр, серің,
Тағы кетті, бойында батыл сенім!
Блиндаждан тығылған тауып алып,
Желкелеумен жеткізді офицерін.

Сегізін де мұрнынан тізіп берді.
(Байқалмайды сөзінен бұзық белгі),
Командирі полктің Капровтан
Офицерді сұрауы қызық болды.

Дегеніне: «Білемін неміс тілін»,
Полковник те бас изеп, келісті бұл.
Оңашалау қазақша сыбап алып,
Беттен ұрып қарумен келістірді.

Кімнің жаны ашысын залым жауға,
Капров та тегінде әділ жан да.
«Қазақ тілін үйреттім», – деп Төлеген,
Арқасынан қақты оны Бауыржан да.

Осы күні ерледі Жұмажан да –
Тіке барып қорықпай сұм ажалға,
Танкісін де қиратып, төртеуін де
өлтіріп,
Келді салып үш неміс ызалы алға.

…Түгесілмес ерлігі мұныменен:
Жұрттан бұрын селоға кіріп өрен,
Шатырына бір үйдің бекініп ап,
Фашистерді жусатқан қырып ерен.

Қаһарланып жауына қайраттанды;
Автоматын қолына сайлап та алды.
Төлегеннің боратқан оқтарынан
Жиырма үш неміс көшеде жайрап қалды.

…Бородино алда жатты көлденең,
Даңқы мәлім село еді ғой ол деген.
Жан алысып, жан берісіп орыстар
Наполеонның өзіне де бермеген.

Мұнда неміс «СС» пенен «Қубастан»
Ұстап тұрған гарнизонын түу бастан.
Барар жолдар ашылмайды Холмға
Ол иттерді үйшігінен қумастан.

Міндет анық, мақсат одан ауыр да,
Түн ішінде оны басып алуға,
Мәлік те бар, Төлеген де ішінде,
Батальон шықты қауырт шабуылға.

Қиян-кескі ұрыстар да басталды,
Жер тітіреп, гүрілдетіп аспанды.
Қапы қалған фашистерден ес кетіп,
Қаншамасы қара жерді жастанды.

Жетінші ақпан күнінің де таңы атты,
Бірақ, жаулар күйремеген, жарақты.
Қайтармаққа шүйлігеді селоға
Снаряд пен оққа көміп алапты.

Хабар жетті: «Солтүстік жақ төбеден,
Шабуыл жасап қырық неміс келеді ол».
Қамдағанша бұйрық тиіп жігіттер
Жоқ боп кетті заматында Төлеген.

Мұндай шақта алды-артына қарай ма,
Барды-дағы орналасып сарайға,
Жалғыз өзі жайпап салған сол сәтте
Жауыздарды ентелеген талай да!
Жолдастарын қимылымен қылып таң,
Автоматпен баудай қылып қырыққан:
Отыз алты сілімтігі жер құшып,
Тек төртеуі тірі қапты қырықтан…

Сегізінші ақпан туған күн де еді,
Қайтып келіп күзетінен түндегі,
Үй ішінде қағаз жазып отырған
Мәлік пенен Ер Төлеген бірге еді.

Қолына алып қаламсабын ол-дағы,
Әжесіне қысқа хатын жолдады.
Арыз етіп қайта-қайта Мәлікке,
«Партияға кірсем ғой» деп болмады.

Өтінішін алды-дағы жаздырып,
Төлегенді сол мезетте мәз қылып,
«Енді сен де коммуниссің, Тоқтаров!», –
деді Мәлік жымиды да аз күліп.

Бесінші күн бұл соғысқа кіргелі,
Сол мерзімде талай жауды жүндеді.
Қорқу білмес, қайту білмес Төлеген
Берлиніңе адымдайды ілгері.

…Бородиноны қолдан шыққан алмаққа,
Ұшақтары төбелерден заулап та,
Зеңбіректен, минометтен атқылап,
Келеді жау қалың өрттей қаулап та.

Қаруларын қысып ұстап қолға нық,
Бұлар жатыр бекіністе қорғанып.
Маңдайына тас тисе де дұшпандар,
Өршелене ұмтылады долданып.

Ию-қию, атыс-шабыс төңірек,
Қылт еткеннің қиып түсіп көбін оқ.
Дискілерін бірінен соң босатып,
Төлеген де атып жатыр мол рет.

Мәлік пенен Жұмажан дос жанында,
Мүлт жібермей көзге түскен
жауын да,
Боратады автоматтан оқ төгіп,
Айналғандай саусақтары жауырға.

Блиндажға ұрыс салып ол жатқан;
Келіп қалған офицерді оң жақтан:
Екі аяқтан жаралады сәтінде
Оқтарымен автоматтан соңғы атқан.

Жанталасып жандәрменде далбаса
Сырғып кейін жөнелгені ол қаша.
Тынышталар түрі жоқ Төлегеннің
Тек өлтіріп, одан кегін алмаса.

Атуына дискісінде оқ біткен,
Одан әрі Жұмажанды көп күтпей.
Гранатасын лақтыруға ыңғайлап,
Орнынан тұра берді ол, тіптен.

Енді ғана жібергелі тұр еді,
Пулеметтің ішке тиген бір оғы
Осып өтіп, ішектерін шұбалтып,
Жарып өтіп, қарынын да іреді.

– Жаралысың, Төлеш-ау, жаралысың,
Ақтарылып ішегің, барады ішің.
Сабыр етші, жараңды таңып берем,
Ажалыңа асығып барамысың?!

Жаралысың, Төлеш-ау, жаралысың,
Құлақ аспай не болды, баламысың?!
Шыр-пыр болған Жұмажан
безек қағып, –
Еркең үшін, тыңдашы, анаң үшін!

– Жоқ Жұмажан, оғыңды әкел бері,
Жарығың мен сызатың қатер ме еді?!
Кететұғын құтылып түрі бар ғой
Анау фашист сұмырай, әкең көрі…

Аппақ қарды бояп жатыр қызыл қан,
Ер Төлеген сұламады ұзыннан.
Бүріп ұстап ішектерін «Әуп» деумен
Тұра берді орынынан қызудан…

Сол бетінде жетіп барып қасына,
Автоматпен бір-ақ ұрды басына.
Қақ айырылып қауашағы байғұстың,
Миы кетті айналаға шашыла…

Ер дегендер Төлегенді Ер десін,
Дәл осындай ұлдар керек елге шын!
Енді кері бұрыламын дегенде,
Тағы бір оқ тесіп өтті кеудесін.

Өр Алтайдың тауға біткен шынары,
Басын имей, тік тұрды да құлады.
– «Төлеген үшін!» жаңғырықтырды
жер-көкті
Батальонның атой салған ұраны.

Тойтарылып жаудың беті, шегінді,
Ақырында Берлиніңде жеңілді.
Жанын қиып, қорғап қалған жерімді,
Қалай ғана ұмытамын Ерімді,
Төлегендей қаһарманым Ер ұлды?!

…Қайғырысып, жыласып ертесіне
Тапсырды оны достары жер төсіне
Әжесіне бер рет сәлем жолдап,
Хатқа үлгермей өтті ғой Еркесіне…

Бес жылда емес, ерлігіңді бес күнде,
Келер ұрпақ есіміңді естір де…
Бұл тарихта ұмытылмас еш нәрсе,
Оу, Төлеген! Сені ұмытпас ешкім де!!!

Ержан ИМАШ

Басқа материалдар

Back to top button