Басты тақырыпСәтбаев

Жас ақындар – жалынды жыр қайнары

   Кеншілер мекені – Сәтбаев қаласы биылғы жылы айтыс ақтаңкері, танымал жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдық мерейтойы аясында ел көңіліне қонымды біршама іргелі іс-шараларды ілкімді түрде іске асыруымен ерекшеленді. Алғашында жыр жүйрігінің «Шындық» жинағының тұсаукесерін өткізіп, одан кейін «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырған еді. Біртуар тұлғаның есімін еншілеген Кеншілер сарайын дүбірлі думанға бөлеген келісті өнер додасы – Шынболат Ділдебаев атындағы «Ұлы Дала үні» республикалық жас ақындар айтысы солардың жарасымды жалғасындай әсер қалдырды. 

Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы талаптарымен мейлінше үндес болмыстағы айтыс аламанында елдің әр аймағынан және Қытай Халық Республикасынан сайдың тасындай іріктеліп келген, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сүбелі сөздің майын тамызған 14 жас ақын бәсеке көрігін қыздырды.

Жыр додасының ашылу рәсімінде айтыс ақындары мен көрермен қауымды қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Асқар Ыдырысов, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, айтысқа төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, белгілі жыр жүйрігі Аманжол Әлтаев құттықтап, сөз сөйледі. Осы орайда, қазылар алқасының құрамында елге етене таныс айтыс ақындары Төлеген Жаманов пен Өміржан Көпбосынов, кенші-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұса Тілеуов, ақын-журналистер Абдолла Дастанов пен Ізтөлеу Түсіпов болғанын айта кеткен жөн.

Екі күнге ұласқан жыр додасының алғашқы кезеңінде 7 жұп ақын сахна төріне көтерілді. Әділдікті аттамау үшін олардың әрқайсысы жыр сайысына қойылар талап үдесінен шыға білгенін тілге тиек ету жарасымды секілді. Шынында да, тәуекелге табан тіреп келген айтыскерлер көрермен көңіліндегі «Жастардың аузынан жөндемді сөз шыға қояр ма екен?» деген мазмұндағы күмәнді ой тұманын әу бастан-ақ сейілтті. Мәнерлі мақам, айшықты сөз, ұтқыр ой, тапқыр теңеу, өткір сын, астарлы әзіл мен тегеурінді тілек арнасынан асып-тасып төгіліп жатты. Жалындаған жігері бар жас ақындар Елбасының ерен еңбегін, Қазақ елінің бүгінгі күнге дейін бағындырған тәмам жұртты тамсандырар биік белестері мен кемел келешегін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлағатты ұстанымдары мен оның ел дамуына, сананың сергуіне тигізер игі әсерін, сондай-ақ, қоғамдағы кертартпа құбылыстарды, жастар тәрбиесі мәселесіндегі жетістіктер мен кемшін соғып жатқан тұстарды тұспалдап та, Шынболаттың «ізімен» шырайын енгізе отырып, шындық тұрғысынан шынайы түрде де жырлай білді. Ақиқатын айту керек, айтыс барысында Шынкеңнің ұлттық өнер түрлерін өркендетуге қатысты өлшеусіз еңбегі мен дара тұлға ретіндегі қадірі мен қасиеті де әдемі әспеттелді.

Бір сөзбен түйіндесек, әр ақынның өзіне тән таным-түйсігінен туындаған оралымды ойлар мен маржан сөздер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жандарын жадыратып, біршама қауымның санасына сәуле құйды.

Алғашқы күні өткен айтысты саралау мен бағалау нәтижесінде келесі кезеңге қатысу құқығы 8 ақынға беріліп, соған орай, 4 жұп жыр жарысын жалғастырды. Бәйге жолында ауыздығымен алысқан арғымақтың күйін кешкен жас «перілер» бұл кезеңде де өзгеше өнер көрсетті. Ұтымды сөз бен тағылымды жырға ұйыған көрермен ілкі бір сәттерде демін ішіне тартып, сілтідей тынса, бәзбір кездері дүбірді дүбірге ұластырып, қиқуға қиқу қосып жатты. Қысқасы, ақындар айтарын армансыз ақтарылып айтты. Ал, айтысқұмар ағайынның арқа-басының құрыс-тырысы жазылып, мағмұрланған күй кешті.

Әрине, бәсекеде жеңілген бар, жеңген бар. Бұл – бұлжымас заңды­лық. Жергілікті өнерпаздар көрермен «көңілін аулаған» аз-кем үзіліс аралығында қазылар алқасы түйінді тұжырымын да жасап үлгерген еді…

Нәтижесінде Шынболат Ділдебаевтың әулеті тағайындаған арнайы жүлделерді Рай Дөңбай (Тараз), Мұқағали Сейтқазы (Ұлытау), Медет Нұрланұлы (Жаңаарқа) және Жеңіс Тілекенов (Сәтбаев) иеленді. ІІІ орынға тиесілі әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі екі жүлдені жезқазғандық Жоламан Мағзұмов пен павлодарлық Нұрқанат Қайрат өзара бөлісті. Тараз қаласынан келіп, тыңдарманды тәмсіл тұнған тамаша жырымен тамсандырған ару ақын Аруна Керімбек ІІ орынды еншілеп, 300 мың теңге сыйақыны алды. І орынға лайықты түрде қол жеткізген қытайлық қандас қарындасымыз Сұлужан Таубалдының сұлу өлеңдері мен қазақ қызына тән ибалы мінезіне, тауып айтар және төңірегін түгендеп айтар тапқырлығына тәнті болған көрермен оған сомасы 400 мың теңге құрайтын жүлде тапсырылар сәтте ыстық ықыласын танытудан аянып қалмады. Ал, Бас жүлдені (600 мың теңге) жеңіп алған ақтөбелік дүлділ ақын Данияр Алдабергеновтің саңлақ сөздеріне айтысқұмар қауым екі күн бойы мейірлене қол соққаны анық еді. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар тарапынан жүлдеге ілікпеген ақындарға 40 мың теңгеден сыйақылар берілді.

Қаладағы ұлттық өнер орталығының жетекшісі Гүлсім Дәуіт сахнада жасындай жарқылдаған Сұлужан Таубалдыға көрермен ықыласының айғағы ретінде қолдан құйылған күміс жүзік тарту етті.

Айтыстан кейінгі ауызекі талқылаулар кезінде жұртшылық қазылар алқасының әділдік жалауын жықпай, ақындарға қапысыз баға бергенін айтып жатты. Шынтуайтында, соңғы шешім киелі өнер сайысына төрелік жасаудың төресіндей болды.

Айтысты қортындылау сәтіндегі өз лебізінде қала әкімі Асқар Ыдырысов жыр жүйріктері додасының жыл сайын дәстүрлі негізде өткізіліп тұратынын мәлімдеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button