Жаңалықтар

Жарыс жолында – журналистер

Иә, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында облыстың журналистері додаға түсті. Арқаның сөз ұстағандары арқа-жарқа болған жарыс өтті. Спартакиада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және «Ortalyq Qazaqstan» мен «Индустриальная Караганда» газеттерінің 90 жылдығына арналды. Тұңғыш рет жалауы желбіресе де, журналистер қауымы бір серпілген спорт тойы болды бұл.

Спартакиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкен, ардагер журналист Сүйіндік Жанысбай, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, «Saryarqa аqparat» медиахолдингінің басшысы Қамбар Ахмет және облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұл қатысты.

– «Халықпен біте қайнасып, бұқараға шынайы ақпарат жеткізіп жүрген журналистердің қоғамдағы орны ерекше. Наурыз мерекесі қарсаңында өткізіліп отырған Бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы спорт бәсекесі сәтті өтсін. Шын мықтылар жеңіс тұғырынан көріне берсін. Спорт – денсаулық кепілі. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық иелерінің бұқаралық спортқа атсалысуы көңіл қуантады. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді өзінің құттықтау сөзінде Абзал Нүкенұлы.

Әнұран шырқалды. Жарыс төрешілері таныстырылды. Қалам ұстаған қауым үстел теннисі, қол күрес, кір тасын көтеру, дойбы және арқан тартыста бақ сынады.

«Жастар» спорт кешенінде басталған спартакиада қыза түсті. Әрине, карантин талаптарын сақтаған соң, біздің де дода көрерменсіз өтті. Төрешілердің нұсқауымен, жігіттердің арасында әуелі қолкүрестен сайыс басталды. Салмақ өлшедік. Қатысушылар 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күш сынасты. Спортқа ептеп қалам сілтеп жүргенімізбен, жарыста біз біле бермейтін дүние көп екен. Әсіресе, қарсыластарды жұптау кезінде. Сонымен, жоғары салмақта «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі Мақсат Күземхан бәрінен басым түсті. Мақсат ертеден спортты жанына серік етіпті. Ал, 80 келіге дейінгі салмақта осы басылымның экспедиторы Ердәулет Бәкіров жеңімпаз деп танылды. Нәтижесінде, жалпы командалық есепте әрине, жеңіс «Балқаш өңірі» газетіне тиесілі болды. Төреші аздап демалуға уақыт берген соң, кір тасын көтеруден сайыс басталатынын айтты. 16 келі кір тасын бір қолмен көтеретін болып шештік.

Төреші «микрофон мен қалам ғана көтеріп жүрсіңдер ғой, биылша біреуін көтере тұрыңдар» деп қағытып салды. Төрешінің айтқаны – біз үшін заң. Кір тасын көтеруге жігіттер ортаға шықтық. «Не бел кетер, не белбеу кетер» деп. Төреші белгі берген соң, «бісміллә» деп бастап кеттік. Бұл сайыста осы жолдардың авторы жеңімпаз атанды. Командалық есепте де «Орталық» топ жарды.

Спорт нысанының келесі бөлігінде үстел теннисі мен дойбыдан сайыс өтіп жатқан-ды. Біз сайысымызды аяқтаған соң, үстел теннисіндегі әріптестерімізге қолдау білдірдік. Бұл жақ, тіпті, қызып жатыр. Жарыс ұзаққа созылды. Журналистердің аса қызығып ойнайтын спорт түрі – осы екен. «Ortalyq Qazaqstan» командасы жалпыкомандалық есепте ешкімге есе жібермеді. Тағы да жеңіс тұғырында.

Тақтадағы тартыс та тамаша өтті. Дойбы жарысы – ойдың жарысы. Бұл сайыста «1-ші Қарағанды» телеарнасының тілшілері қара үзді. Сонымен, ақырғы сайыс арқантартысқа да келіп жеттік. Әдеттегідей, төреші жарыстың ережесімен таныстырды. Жеребе тастап, жұпталдық. Финалда «Saryarqa аqparat» медиахолдингінің құрама командасы «Ortalyq Qazaqstan» командасын ұтып, мықтылығын көрсетті. Арқантартыста «Saryarqa аqparat» командасының бағы жанды.

…Жеті команда бақ сынаған спартакиаданың жабылу салтанатында облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев жеңімпаздарды құттықтап, журналистер арасындағы жарысты жылда өткізуге көмек беретіндерін айтты. Ал, жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған «Saryarqa аqparat» медиахолдингінің басшысы Қамбар Ахмет жан-жақты қолдау білдіргендерге алғысын айтты.

– Біздің ұсынысымызды қолдап, жарысты кәсіби деңгейде ұйымдастырған дене шынықтыру және спорт басқармасына, жан-жақты қолдау білдірген ішкі саясат басқармасына алғысымызды білдіреміз. Журналистер бір серпіліп қалды. Өте қызықты һәм тартысты өтті. Алдағы уақытта осы жарысты дәстүрлі түрде өткізіп тұрсақ деп уағдаластық, – деді Қамбар Ахмет.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте I орынды «Ortalyq Qazaqstan» газеті, II орынды «Балқаш өңірі» газеті, III орынды «Saryarqa аqparat» медиахолдингі иеленді. Жеңімпаздарға медальдар мен арнайы кубок және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button