Жарыс жолында – желаяқтар
Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» ел дамуының ұзақмерзімді Стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі – Қазақстан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға қалыптастыру, сол арқылы оларды өз денсаулықтарын нығайтуға мүдделі болуға бейімдеу. Жезқазғанда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын күз» марафоны осынау ұстанымды нақты әрекетпен айғақтаудың үлгісі іспетті әсер қалдырды. Алаш алаңында өткізілген спорт мерекесінің ашылу салтанатына жанкүйер қауымды қоса алғанда, бір мезгілде екі жарым мыңға жуық адам жиналды.
Бұқаралық сипатымен ерекшеленген желаяқтар жарысының мақсаты, әрине, салауатты өмір салтын насихаттаудан тысқары, қашықтыққа жүгіруге әуесқой жандардың шеберлік деңгейін одан әрі ұштау, шашасына шаң жұқтырмайтын мықтыларды анықтау, спорттық тұрғыдағы достық қарым-қатынастарды нығайта түсу болғаны анық. Қалың қауымға арнаған өзінің құттықтау лебізінде қала әкімі Батырлан Ахметов, міне, осы жайттарға ерекше екпін берді.
Марафонға жергілікті тұрғындармен бірге Сәтбаев, Қаражал қалалары, Жәйрем кенті, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының әуесқой спортшылары арнайы келіп қатысқалы отырғанын атап өтті. Аталған спорт мерекесінің бұдан былай жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетінін мәлімдеп, сөз түйінінде барлық қатысушылардың жарыс жолында шалдықпауына, сондай-ақ, мәре сызығында кездесулеріне тілек қосты.
Құттықтау кезегін одан әрі бокстан халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі, Астана қаласы төрешілер кеңесінің төрағасы, Жезқазғанда бокстан өтіп жатқан XXVI республикалық турнирдің супервайзері Ерболат Әшімов жарасымды жалғастырды. Жалпы жұртқа сәттілік тілеген елордалық мейман Жезқазғанда спортты, оның ішінде, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға жете ден қойыла бастағанына назар аударып, қала басшылығына, спорт саласына жауапты мамандарға, көңілге қонымды бастамаларды нақты қимылдарымен қолдауға әзір тұратын тұрғындарға риясыз алғысын білдірді.
Сөз орайы келгенде жоғарыда аталған бокс турниріне республиканың әр аймағынан келген спортшылар мен төрешілер құрамы марафонға қатысушылар қатарынан табылып, халықтың қарасын қалыңдата түскенін айта кеткен жөн.
Марафонның бас төрешісі Нұржан Қалиев жарыстың өткізілу ерекшеліктері мен талап етілетін шарттылықтары туралы түсініктеме бергеннен кейін сахна төріне балғын таэквандошылар көтерілді. Олардың шеберлік машықтары паш етілген көрсетілім соңы қашықтыққа жүгіру сайысына жалғасты. Жүгірушілердің бел ортасынан қала әкімі Батырлан Ахметов, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мекеме-кәсіпорындар басшылары да бой көрсетті.
Жарыс жолына шыққандар төрт топқа бөлінді. Алғашқысы 7-15 жас аралығындағы бір шақырымды құрайтын ер балалар арасындағы сын болды. Аққан селдей сөреден бір мезетте толқи қозғалған қалың топтың арасынан Біржан Әпековтың бағы жанып, мәреге бәсекелестерінен оқ бойы озық жетті.
Осы жас мөлшеріндегі қыз балалар да бір шақырымдық айналым жолда бірінен бірі озуға жан аямай талпынып бақты. «Жүзден жүйрік озады» демекші, олардың ортасынан Валентина Колесниченко ешкімге дес бермеді.
Ал, қыз-келіншектердің спорттық дайындығы, шымырлығы мен төзімділігі қашықтығы үш шақырымдық жарыс жолында сыналды. Қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова, қаладағы оқу ошақтарының директорлары және тағы да басқа жауапты тұлғалар сындарлы сынға тәуекел еткен қалың елдің ортасынан табылды. Бұл топтың арасынан жеңімпаз тұғырына Наталья Носова көтерілді.
Жартылай марафондық қашықтық – 21 шақырымды еңсеру, әрине, кімге де болсын, жеңіл жүк емес. Десек те, соған бел буғандардың қатары да мейлінше қалың болды. Олардың ішінде жас та, жасамыс та бар еді. Әр айналым сайын жанкүйерлердің қошемет-қолдау көрсетуі әуесқой спортшылардың бойына тың қуат қосқандай болып тұрды. Қашықты жартылай еңсерер тұста қалың шоғырдағы адамдардың ара-жігі ажырай түскені айқын аңғарылған. Екпіні ерекше алдыңғы топтың қатары да уақыт санап сирей түстен еді. Түпкі нәтижеде бабы да, бағы да келіскен Ұлытау ауданының желаяғы Асылмұрат Бірімжан мәре сызығын бірінші болып қиды.
Марафонның бекітілген ережесіне сәйкес, балғын спортшылардың бір шақырымдық сайысында үш орынға жүлде тағайындалса, үш шақырымдық қашықтықта жарысқандар мен жартылай марафон жолына шыққандардың алғашқы бестігіне бәйге белгіленген екен.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қомақты қаржылай сыйақылар табыс етілді.
Рухы биік спорт мерекесін Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, қала аумағындағы колледждер мен орта мектептердің өнерпаздары әсем әнмен әрледі. Жастардың ел назарына ұсынған флэш-мобы да талғампаз елді еріксіз тамсантты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.
Суретті түсірген:
Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.