Жаңалықтар

“Жарылыстан көз ашпаған, далам-ай”

Бұдан екі жыл бұрын Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, артынша алапат өртке ұласты. Адам шығыны да болды. Сол қайғылы оқиға ұмытыла бере, қазақ даласы тағы да бір дүр сілкінді.

Бұл жолы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында жойқын жарылыс болды. Қаза болғандар да бар. Бүгінде Тараздағы қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді халыққа. Оның айтуынша, кеше жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге 88 маман өтініш білдірген. «Олар Тараздағы қалалық ауруханада, Байзақ ауданының орталық ауруханасында жарылыстан зардап шеккендерге тиісті медициналық қызмет көрсетті. Нәтижесінде жеңіл жарақат алған алпыстай адам үйлеріне қайтарылды. Қазіргі таңда тек Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр. Оның алтауының жағдайы орташа ауыр, қалғандарының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», – деді аймақ басшысы ӨКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Бердібек Сапарбаев ауруханадағы науқастармен кездескенін, ауруханаларда дәрі-дәрмектердің тиісті қоры барын атап өтті. Тараз маңындағы әскери бөлімде болған жарылыс салдарын жою кезінде қаза тапқандар да бар. Бұл туралы арнайы брифингте Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button