Жарылғапов турнирінде қазақ боксшылары топ жарды
Жыл соңында үздік боксшылардың арқа төсінде бас қосатыны бар. Әр өңір сайдың тасындай кіл мықтыларын іріктеп, өнерін ортаға салады. Бұл – спорттық дода ғана емес, талай таланттың томағасын сыпырып, үлкен аренаға жол ашқан беделді бәсеке. Айтып отырғаным – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғ.Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнир. Биыл осы бәсеке 41-ші мәрте халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Төрт күнге жоспарланған бокс мерекесі де мәресіне жетіп, үздіктер анықталды.

Биылғы турнир былтырғысынан бәсі де, бәсекесі де жоғары өтті. Олай дейтінім, осы жолы турнирге 200-ден астам боксшы қатысқан. Олардың қатарында қазақстандық боксшылар ғана емес. Қытай, Тәжікстан, Өзбекстаннан да келген үздік команда бар.
Бұл турнирге жыл сайын үздіктерін алып келетін командалардың қатарында Алматы да бар. Ерлер командасының аға бапкері Медеу Жұмашев биылғы бәсекеге 14 спортшысын алып келіпті. Оның жетеуі жүлделі орындардан көрініпті. Атап айтсақ, екі шәкірті чемпион атанса, төртеуі ІІ орын, біреуі ІІІ орын иеленген.
– Былтыр да бұл турнирге шәкірттерімді алып келгенмін. Сол жылы бізден тек біреуі ғана чемпион атанды. Ал, биылғы чемпионат былтырғыға қарағанда тартысты өтті. Өзбекстан құрамасының боксшыларының дайындығы жоғары деңгейде. Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген спортшыларын да алып келіпті. Бірақ, біздің боксшыларымыз керемет нәтиже көрсетіп, былтырғы көрсеткішімізден асып түсті, – деді Медеу Ерманұлы.
85 келіде жұдырықтасқан алматылық Бекнұр Батырбек пен аса ауыр салмақтағы Ерсұлтан Сапар үш жекпе-жек өткізіп, чемпион атанған. Ал, 75 келідегі Нұртілеу Әлиақпаров чемпиондыққа бір қадам жетпей, күміспен күптелген.
– Нұртілеудің ересектер арасындағы бәсекеге бірінші мәрте шығуы. Десе де, дайындығының арқасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Ақтық сынға дейін төрт кездесу өткізген. Тәжікстан, Өзбекстан құрамасының боксшыларын жеңді. Бірақ, ақтық кезеңде Қытай боксшысынан айласын асыра алмады. Оған аяқпен жұмыс істеуді, жекпе-жекті техникамен алып шығу қажеттігін ескерттім. Бірақ, дегенімді орындай алмай қалды. Қызбалыққа салынып, жұдырықтасты. Ал, әккі қарсыласына да сол керек. Екінші нөмірде жүріп-ақ жеңісті жұлып алды. Келер жылдан Азия ойындарына дайындықты бастаймыз, – деді Алматы командасының аға бапкері.
Бұл турнирде Алматыдан келген қыздар командасы да сәтті өнер көрсетті. Жалпы, турнирге қыздар командасы сапында 12 боксшы бақ сынап, тоғызы жүлделі орындарға іліккен. Оның екеуі алтын, екі күміс жүлде еншілесе, бесеуі қола медальға қол жеткізген.
Қарағанды облысының қыздар командасы да сәтті өнер көрсетті. Жалпы, аталған турнирге қатысқан алты боксшының алтауы да құр қол қайтпапты. 48 келіде өнер көрсеткен Гүлназ Бөрібаева мен 54 келідегі Анита Адишева чемпион атанған. Ал, 51 келідегі Гүлнар Тұрапбай мен 60 келідегі Аяжан Ермек күміс еншілесе, 65 келідегі Жасмин Қизатова мен 70 келідегі Азиза Исинаның еншісіне қола жүлде бұйырды. Әрі жалпыкомандалық есепте алматылықтардан кейінгі сатыға жайғасқан. Сонымен қатар, Анита Адишева шеберлігі мен үздік техникасымен көзге түсіп, қыздар арасындағы «Үздік боксшы» атанды.
Анита Адишева бұл турнирде екі кездесу өткізген. Өз салмағында үздіктердің бірі болғандықтан, жарыс жолын бірден жартылай финалдан бастапты. Сөйтіп, жартылай финалда алматылық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алады. Ал, шешуші сында қытайлық боксшымен қолғап түйістіреді.
– Бұл турнирге кіл мықтылар келеді. Осалы жоқ. Әрі ауқымы үлкен болғандықтан, әр команда өз мықтыларын іріктеп қосады. Осы жолғы менің басты қарсыласым – қытайлық боксшы. Ірі денелі, әрі бойшаң. Бірінші раундтан кейін бапкерім қарсыласқа қысым жасауды тапсырды. Яғни, бірінші нөмірде бокстасып, жақын арақашықтықты ұстауды тапсырды. Нәтижесінде, бапкерімнің кеңесінің арқасында жеңіске жеттім. Енді қаңтарда Алматыда оқу-жаттығу жиыны өтеді. Ал, ақпанда Болгарияда Странджа кубогы басталады. Шамалы демалыстан соң дайындықты қайта бастаймыз, – деді Анита.
Жалпы, өткен жолы облыс қомандасы Федерация кубогында өнер көрсетіп, ІІІ орын иеленген болатын. Сол бәсекеде қыздар командасында осы алты боксшымыз өнер көрсеткен. Бүгінде, сол алты боксшымыз Жарылғапов турнирінде күш сынап, жүлдегерлер қатарынан көрініп отыр.
Ал, Қарағандының ерлер командасы да алтынсыз қайтпады. Жарыс жолына түскен бес боксшымыз жүлдегерлер қатарында. 70 келіде өнер көрсеткен Райымбек Асылбеков пен 92 келідегі Нұржан Думан қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



