ЖаңалықтарСпорт

Жарылғапов турнирі жалау көтерді

Қарағандыда Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған XXVIII халықаралық бокс турнирі басталды. Жарысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, бокстан Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі және облыстық бокс федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.

Аталған былғары қолғап додасына Қазақстан, Куба, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия және Камбоджаның ең мықты боксшылары мен 26 команда қатысады. Жалпы 135 спортшының 16-сы қыз.

Осыған орай, Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында айтулы жарыстың баспасөз мәслихаты өтті. Оған бокс спортының майталмандары мен Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин, бокстан Грузия құрамасының қазіргі бас бапкері Рамаз Полиани, ресейлік және американдық актер, продюсер Игорь Жижикин қатысты

– Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Бүгінгі басты күн – осы атаулы күн. Ал, өтетін турнирге келер болсақ, боксшылар, барлығыңды бірдей қайтпас қайсар, табанды болуға шақырамын. Алдағы додада жеңіс тілеймін, – деді Серік Сәпиев.

Турнирдің алғашқы жекпе-жегін облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов ізгі тілегімен ашты. Сондай-ақ, қарағандылық бокс жанкүйерлерін құрметті қонақтар – Куба Республикасының Қазақстандағы елшісі Оскар Сантана Леон, белгілі кинорежиссер, сценарист, Қарағандының тумасы Олег Степченко, бокстан әлем чемпиондары Роландо Гарбей, Валерий Рачков, Георгий Канделаки, Рамаз Полиани, аты аңызға айналған футболшы Евгений Ловчев, танымал актер Игорь Жижикин да құттықтап ақжарма тілегін білдірді. Жанкүйерлерді қазақстандық және шетелдік былғары қолғап шеберлерінің керемет те қызықты жекпе-жегі күтеді.

Жүлделерден басқа турнир жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарға ие болады. I орын – 300 мың, II орын – 200 мың, III орын – 100 мың теңге. Финалдық жекпе-жек және халықаралық біріншіліктің жабылуы 21 желтоқсанда өтеді деп күтілуде.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button