Басты тақырыпСпорт

Жарылғапов бәсекесі – мықтылар додасы

    Сонымен, өткен жұма күн еңкейе Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ғалым ЖАРЫЛҒАПОВТЫ еске алуға арналған ХХХІІІ Халықаралық бокс турнирі мәреге жетті. Жылдағы дәстүрмен алыс-жақын шетел боксшыларының басын қосқан бәсеке бес күнге созылды. Айтары сол, Қарағанды бокс мектебінің қалыптасу жолында айшықты із қалдырған тұлғаның жүлдесі үшін өткен жекпе-жектер жанкүйер қауымның жадында ұзақ сақталары сөзсіз…

   Ғалым Жарылғапов есімі берісі – Арқа, әрісі – Алаш жұртына жақсы мәлім. Небары қырық бес жыл ғұмырында облыстағы бокс өнерінің дамуына елеулі үлес қосып кеткен Ғалекеңнің еңбегін аймақ жұртшылығы естен шығарған емес. 1979 жылы Қарағанды облыстық атқару комитетінің дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған Ғалекең бұқаралық спортты өркендету мақсатында толағай шаруаның басын қайырды. Қоғамдық жұмыстан да тыс қалмады. Партияның облыстық комитетінің мүшелігіне, Қарағанды қалалық, облыстық Халық депутаттары кеңесінің депутаттығына, облыстық спорт комитеті партиялық бюросы мүшелігіне, «Еңбек резерві» еріктілер қоғамының Қазақ КСР республикалық және Қарағанды облыстық президиумының мүшелігіне, облыстағы орта арнаулы білім беру мекемелері директорлары кеңесі төрағасының орынбасарлығына сайланды. 1962-1968 жылдар аралығында облыстық бокс федерациясының төрағасы қызметін атқарды.

    Спортты, оның ішінде боксты дамытудағы еңбегіне орай билік тарапынан бірнеше мәрте марапат алды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, БЛКЖО ОК-нің «Комсомолдағы белсенді еңбегі үшін» төсбелгісімен, «КСРО және Қазақ КСР-нің кәсіби-техникалық білім беру ісінің үздігі» және «КСРО дене шынықтыру және спортының үздігі» атақтарымен марапатталды. Бокстан КСРО спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген жаттықтырушысы атақтарына қол жеткізді.

   Ғалекең 1984 жылы дүниеден өтті. Ең алғашқы турнир сол жылы ұйымдастырылды. Және жыл санап турнир деңгейі көтеріліп келеді.

   Былтыр Рио Олимпиадасының бірнеше жолдамасы осы турнир шеңберінде сарапқа салынды. Бүгінде бокс әлемінде есімі алтын қаріптермен жазылған күрзі жұдырықты жігіттер талай мәрте Жарылғапов бәсекесінде өнер көрсеткен-ді. Бұлардың қатарында атағынан ат үркетін Ермахан Ыбырайымов, Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев сынды оғландарды ерекше атап өтуге болады. Әлемдегі ең шебер боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін иеленген үш қазақстандықтың үшеуі де – Жиров, Артаев пен Сәпиев Жарылғапов турнирінің шекпенінен шыққан. Аталған турнирде Жиров пен Головкин – бес рет, Сәпиев – үш рет жеңіске жетсе, Топаев жеті мәрте чемпион атаныпты.

   Турнирге америкалық және кубалық бокс жұлдыздары қонаққа келуді дәстүрге айналдырған. Биыл даңқты кіші Рой Джонс жарыстың ашылу салтанатына қатысты. Америкалық боксшы ізгі лебізін білдіріп, ән де салып берді. Бұл көрермендер үшін үлкен тарту болды. Салтанатты рәсімнен кейін жекпе-жектер бастау алды.

    Нұрғазы ЖАРЫЛҒАПОВ, турнир ұйымдастырушысы:

Биылғы бәсекеде Өзбекстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан және республикадағы облыстардан келген 100-ден астам боксшы мықтылық байқасуда. Қытай бапкерлері екі құрама алып келді. Жігіттер он салмақ деңгейіндегі жүлделерді сарапқа салуда. Тұңғыш рет қыздар да үш салмақ дәрежесі бойынша бәсекеге араласты. Ал, кезінде Ғалым Жарылғаповтың өзі жұдырықтасқан 64 келі салмақта чемпион атанған жігітке автокөлік кілті табысталады.

 

    Әуелі қыздар арасында топ жарғандарды атап өтсек… 51 келіде – Назым Қызайбай (Алматы обл.), 60 келіде – Карина Ибрагимова (Ақмола обл.), 75 келіде – Виолетта Князева (Қарағанды қ.) алтыннан алқа тақты. Ерлер арасындағы бәсеке де тартысты өтті. Бұл жолы 49 келіде – Жандос Несіпжан (Алматы обл.), 52 келіде – Ақниет Балтабаев (Қарағанды обл.), 56 келіде – Бекжан Құралов (Алматы обл.), 60 келіде – Сергей Макарихин (Қарағанды қ.), 64 келіде – Мақсат Жексембі (Қарағанды қ.), 69 келіде – Сергей Карбивнычий (Қостанай обл.), 75 келіде – Рустам Жұмағұлов (Қостанай обл.), 81 келіде – Еркін Жанқожа (Қытай), 91 келіде – Алексей Севостьянов (Қарағанды қ.), +91 келіде Ахмет Маимати (Қытай) алтын медальді қанжығалады. «Лада» көлігінің кілті 64 келіде қарсылас шақ келтірмеген Мақсат Жексембіге тапсырылды.

    Мақсат ЖЕКСЕМБІ, турнир чемпионы:

Турнирге төртінші рет қатысып тұрмын. Алғашқысында үшінші орын алып, екі турнирде жүлдеге ілікпей қалған едім. Міне, бүгін көздеген мақсатымды бағындырып отырмын. Жарылғапов есімін ұлықтап, жас боксшылардың қалыптасуы үшін арнайы турнир ұйымдастырып отырған азаматтарға алғысым шексіз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button