Жаңалықтар

Жарық жұлдыз (очерк)

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Тұғыр

Астанадан екіндіде шыққан көліктің екпіні саябырламаған күйі Сарыбелді асып, Жауыртауға жақын қалған. Көлік орнынан қозғалғалы ой құшағында отырған жігіт ағасының жүйрік қиялы уақыт диірменін кері айналдырып, аңсар көңілі алыс жылдардың қойнауына сіңіп кетті.

Сонау балалық дәуреннің бал күндерінен басталған саяхаты сағынышқа айналған сағым күндер құшағынан шыға алар емес. Маңдайы тершіп, таңдайына әлдебір ғайыптан тәтті дәм келгендей. Тамсанды. Тәтті дәм қайдан келді? Түсіне алмай дал. Аузына шекер салып, тілімен бал жалағандай сілекейі шұбырып сала берсін…

Жүргізушінің мұның әлемімен де, әлегімен де еш жұмысы жоқ. Қос жанары қара жолға қадалған күйі міз бақпай келеді. Осы сәтте радиодан әнші Қарақат Әбілдинаның орындауындағы «Асыл әжем» әні әуелеп қоя берді.

Асыл әжем, ғасыр әжем,
аңсаған,
Сағынышым сары ормандай
самсаған.
Әке болып жүргенімді
ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін
мен саған…

Әуезді әннің әсерлі ырғағы мамырдың самал желіндей маңдайын өпкен кезде, кекілінен марқұм әжесі сипағандай әсерге бөленді. Ән үзілмесе екен! Осы бір шуақты сәттің тәтті ләззаты ұзағынан болса екен! Көзін тарс жұмып алып, тәтті сезімге елтіп отырған Кендебай әжесін сағынып кетті.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыдаймын ойнақтаған албарда…

Жан дүниесі алай-дүлей күй кешіп, әннің баяу ырғағы әп-сәтте теңіздің асау толқынына айналып кеткендей. Мұны айдыннан аластап, жағаға лақтырып жатқан секілді. Анау толқын атасын, мынау толқын әжесін бұдан алыстатып әкетіп бара жатқандай… Мұның жүрегі шымырлап кетті. Сонда сезді әлгінде таңдайына тәтті дәмнің қайдан келгенін. Марқұм әжесінің бұл сабаққа кетерде қалтасына салып беретін кәмпиттің дәмі екен ғой… Шіркін, Сақып әжесінің өзіне деген тәттісі де үзілмей, мейірімі де сарқылмай кетті емес пе?! Қазір өзінің сағынышы сарқылмай ғұмыр кешуде.

Астанадан шыққалы көңілі әлденеге алабұртып, ауыздықпен алысқан арғымақтай сабырына бой бермеген еді. Сағыныш екен ғой. Бала күнінен бауырына басып, бойына ар, аузына бал сіңірген Мұхамбедия атасы мен Сақып әжесіне деген, алтын бесігі, кеншілер қонысы Қоңыратқа деген, ауылдағы ағайын-туыс, дос-жаранға деген сағынышы екен ғой. Алыс күндерге ала қашқан асау қиялы тізгін бермей келе жатыр еді. Ата қоныс, алтын тұғыры Ақтоғайға деген аңсар көңіл екен ғой.

…Бұлар қазақ үшін қара алтынның сарқылмас қазынасы саналған Қарағандыға ат басын тірегенде, ақшам жамырап, айнала қою қараңғылық құшағына сіңіп бара жатқан. Арқаның көгін жұлдыз көмкеріп тұр. Самаладай жарқырайды. Жұмыр жерді нұрға малындырып, қаракөз қала Қарағандыны шуаққа шомылдыра жарқыраған жалқын сәулелі сансыз жұлдызға жанарын қадаған Кендебайдың кемел ойы кемеріне толған теңіздей толқып сала берген.

– Анау жұлдыз – Қаздауысты Қазыбек бабамның жұлдызы. Тәттімбеттің күй-ғұмыры да жұлдызға айналыпты. Мына жұлдыз – Алаш көсемі Әлихан бабамдікі. Әлімхан атамның жұлдызы. Нарманбеттің жыр болып төгілген тағдыры көкке нұр болып бекініп алған екен. Бұлбұл Күләш апасының шұғылалы жұлдызы да жарқырайды. Ерекше нұрлы бір жұлдыз шапшаң қозғалып, жиі орын ауыстыратын секілді. Шашубайдың жұлдызы болар, бәлкім… Бір-біріне тым жақын тұрған екі жұлдыз жарыса жымыңдайды. Арқада күйден күмбез тұрғызған Аққыз апасы мен Мағауия (Хамзин) көкемнің жұлдызы-ау… Көзіне ерекше нұрлы көрінген мына бір жұлдыз алғашқы ұстазы Әшірап апайының жұлдызы болса керек.

Жұдырықтай жүрегінде тулаған бұл ой-қиялы күбір болып сыртқа шығып жатқанын өзі де аңғарар емес. Әйтеуір, ерекше сезім құшағында келе жатыр. Егер, ақын болса, аспандағы жұлдыздар шеруі тұңғиық әлемнің тылсым сырын тәпсірлеп, ақ қағазға жауһар жыр болып тізбеліктер еді.

Бұл жолаушы – Арқаның арда азаматы, Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты, Балқаш қаласының Құрметті азаматы, елінің мақтанышы, халқының қадірлісі Кендебай Сарыбайұлы Адамбек. Туысқандарының тойына емес, мектептегі алғашқы ұстазы, Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің үздігі Әшірап Рахымбайқызының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқан еске алу кешіне келе жатыр.

Балқаш металлургия комбинатын өткен жылдардың 20-30-шы жылдарынан бері шикізатпен қамтамасыз етіп келе жатқан алып кеніш Қоңыратқа алып-ұшып келеді. Ұлағатты ұстазының мерейтойына орай өтетін іс-шараға өзі бастамашы болып, өзі ұйымдастырған еді. Алтын тұғырына бір қонуға асығып келеді. Иә, Қоңырат – Кендебай Сарыбайұлының алтын бесігі, Алтынсарин мектебі – алтын тұғыры!
Ірі өндіріс ошағы демесеңіз, қоңырқай тірлік кешкен Қоңыраттағы сүйікті елі «Генерал ұлымыз келе жатыр», – деп, жолға қарап елеңдеп отыр. Ал, өзінің алтын тұғырына жай ғана қауіпсіздік генералы емес, адалдықтың адмиралы келе жатыр.

Біртуар

Адамбековтер әулетінің атажұрты – Ақтоғайдың Қараталы. Арқадағы ең биік тау Ақсораңның етегіне ежелден қоныс тепкен Қараталдың табиғатына тамсанбай қайту мүмкін емес. Келбеті керім, ажары көркем, ұлылар мекені болған Қараталдың азаматтары да – шетінен арлы. Елін емірене сүюдің ерен үлгісіне айналған ерлерінің Шабанбай биден – Алаш көсемдері Әлихан мен Ақбайдың Жақыбына дейінгі, Әлекеңдерден – кешегі марқұм Қабылсаят Әбішев пен бүгінгі Нұрлан Дулатбековке дейінгі буынында «бұл кім еді?» дегізетін осалы жоқ. Тура осы Қараталда тумаса да, Кендекеңнің тұла бойына Ақсораңдай асқақтық, Тоқырауындай тұнықтық атаның қанымен сіңген.

…Сонау ХХ ғасырдың 30-шы жылдары зеңгір көктің қазаққа тиесілі аумағын қара бұлт торлап, замана дауылы қыр қазағының қараша үйінің уығын сықырлатып, шаңырағын шайқап тұрған. Сол тұста дала қазағы өзегін талдырмас үшін өндіріс ошақтары мен өзен-көлді жағалап кеткені белгілі. Ақсораңның айналасын, Тоқырауынның аңғарын жағалай қонған момын елдің құлағына Балқаш маңында өндіріс ашылып жатыр деген сыбыс жетеді де, үміті үзіле бастаған ел үйін жығып, бір уыс тары-бидайын дорбаға түйіп, Көкше көлді бетке алыпты.

Мұхамбедия ақсақал да Адамбек әулетіне қарасты өрен-жаранға бас болып, қонысын Қоңыраттан сайлауға тәуекел етеді. Әйтпесе, кешегі қазақтың соңғы ханы Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісіне 250 киіз үйлі қолымен қолдау көрсетіп, ел ішінде сөз ұстап, абырой арқалаған Наурыз бидің ұрпағы Мұхаң ел ішінде қалса да, аштан өліп, көштен қалмайтын еді. «Көппен көрген ұлы той» Мұхамбедия ақсақалды амалдың жоқтығынан осы көшке ілестірген.

Сөйтіп, Кендебай ағаның әкесі Сарыбай да, Кендебайдың өзі де осы Қоңыратта туды. Мұхамбедия атасы кеніште теміржолшы, әкесі Сарыбай Қоңырат кенішінде механик болып еңбек етті. Анасы Райхан ауыл мектебінде мұғалім.

Атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған Кендебай Сарыбайұлы ұлттық тәрбиенің мәйегінен нәр алып, қазақы құндылықтардың барлығын бойына сіңіріп өсті. Көпшіл, айналасына қамқор, сөзге шешен, іске бекем…

…Ауыл мектебінің тар дәлізінде достарын жинап алып, оларға әлденені түсіндіріп, ойын баласы болса да, ойлылығын танытып, төңірегіне қамқорлығы мен қайырымын көрсетіп жүретін бала Кендебайды сыртынан көрген ұстаздары:

– Сарыбайдың осы баласынан бірдеңе шығады. Тұрысының өзін қараңыздаршы. Түбі бір жерді жарып шығады, – дейді екен.

Әдетте, ата-әженің бауырында болған бала шолжаң, еркетотай болып өседі емес пе?! Бала Кендебайдың бойына әкенің күші, ананың сүтімен дарыған дара қасиеті оны даналыққа бастады. Жасынан көшбасшылық қасиетімен дараланған дарынды бала мектепті үздік бітіріп, Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсті. 1983-1985 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, оқуын жалғастырды. Еңбек жолын 1989 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданына қарасты «Ақбақай» тау-кен комбинатында жерасты электромеханигі болып бастады.

Қарымды қабілет, биік парасат, ұлттық намыс, өр рухпен өрнектелген өмір жолында тек қана алғыс арқалап, өсу-өркендеу соқпағын ғана сонарлаған бір азамат болса, ол – Кендебай Сарыбайұлы. Алайда, тәкаппарлықпен жаны қас болып, мақтанып, кеуде керу дегенді білмеді. Ұлтымыздың тарихы мен салт-дәстүріне жетік болып, адами арына кір жұқтырмай, бекзада болмыспен ғұмыр кешіп келеді.

Бір таң қаларлығы, ұзақ жыл арнайы құпия қызмет саласында қызмет атқарып, осы саланың аса жоғары лауазымдарында болса да, кішіпейіл қалпы мен ашықтығынан айныған жоқ.

…Өткен өмір өткелектеріне терең бойлап, тұңғиық ойдың жетегінде келе жатқан жолаушы-генералдың қыран қанатты қиялы өмір сапарының осы тұсын шиырлағанда, өздері Бектау атаның бөктеріне тұяқ іліктіріп қалған. «Сәл мызғып алсам қайтеді?» деген сұрақты үнсіз келе жатқан жүргізушіге емес, өзіне қойды. Сағымдай толқыған сағынышқа бөленіп, өткенге шолу жасаған аңсар көңілі алқына қоймапты. Шаршағаны сезілмеді. Сонда да: «Ертең қауырт шаруа бар. Мерекелік шараның аясындағы әр жұмысқа жауапты жанашырлары болғанымен, өзі бастаған істі өзі түйіндеуі керек. Ұстаз рухы алдындағы шәкірттік парызды парасатпен атқарып, абыроймен нүкте қою – өзіне тиесілі міндет. Оның сыртында, атасы мен әжесінің, Сарыбай әкесі мен Сәтбай бауырының басына барып, дұға бағыштауы керек. Бір сапарға мың сапардың жүгін артып келмесе, тағы болмайды. Жұмысбасты, жауапты қызметтегі адам болғаннан кейін, сапар кестесі өте тығыз жасалады.

Сәл де болса, көз шырымын алайын деп ыңғайланып жантайған болды. Тағы да қалың ой құрсаулап алсын…

Наркескен

…Ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет еткеніне біршама жыл өткен. Ойы өткір, бойы жинақы, тәжірибесі бай, ісіне мығым кәсіби офицердің бұл салада сатылап өсіп, ҰҚК Орталық аппаратында Терроризмге қарсы орталықтың штаб бастығы болып тағайындалған кезі. 2011 жыл болса керек-ті. Мәскеудегі Федералды қауіпсіздік кеңесінің (ФСБ) Бас кеңсесінде ТМД елдерінің Терроризмге қарсы күрес жөніндегі орталықтары басшыларының алқалы жиыны өтіп жатыр. Қазақстан делегациясын Кендебай Адамбек бастап барған. Екі күндік кеңес жұмысының күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қызу кірісіп кеткен. Бекітілуге ұсынылған құжат жобасының әр тармағы, тіпті, әр сөзі сараланып, әр елдің өкілдері өздерінің пікірін айтуы керек. Тәртіп – солай. Әр пікір стенограммаға жазылады. Пікір екі нұсқада – қолдаймын немесе қолдамаймын деген айтылуы шарт. Қолдамасаң, себебін нақтылауың керек.

Кезек Кендебай Сарыбайұлына келді. Ол құжаттың шикі тұстарын әуел бастан-ақ аңғарып, құжатты дайындаушы тарапқа өзінің ескертулерін бірінші күні айтқан. Қазақша айтқанда, алдарынан өтілген. Бүгінгі кеңеске ұсынылған құжатта өзі айтқан ескертулердің ешқайсысы ескерілмепті. Алғашқы нұсқасын сол қалпы алып келіпті. Наркескендей жарқылдап отырған қазақтың офицері намыстанып кетті білем, мәтіннің мазмұндық, стильдік, тіпті, грамматикалық қателерін шығарып, әр пікірін құқықтық тұрғыда негіздеп, «соқырға таяқ ұстатқандай» дәлелдеп жатыр. Құжаттың үш тармағының талқанын шығарып, төртінші тармағы туралы пікірін бастағанда, Ресей Федерациясы Федералды қауіпсіздік кеңесінің өкілі, генерал-лейтенант талқылауды тоқтауды ұсынып: «Предлагаю вернуть итоговый документ на доработку, собраться повторно через три часа. Негоже, когда нас, носителей русского языка, учат родному языку. Стыдно», – деп, намысқа булығып, жарылып кете жаздады. Жиынға төрағалық етуші, ТМД елдеріндегі Терроризмге қарсы орталықтың бастығы, генерал-полковнигі Андрей Новиков ұсынысты қабылдауға мәжбүр болды.
Үзіліс кезінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен Мәскеуге арнайы жіберілген ТМД елдеріндегі Терроризмге қарсы орталығы бастығының бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Молдияр Оразалиев Кендебай Адамбектің жанына келіп:

– Жарайсың, бауырым! – деп, қолын қысқан еді.

Осы оқиға есіне түссе, өзінің батылдығына ерекше таң қалады. Әлде, көзсіз батырлық па? Жоқ, ол Мәскеу мінберінде қазақтың өр рухын танытуға жаралған намыстың наркескені болатын. Әлі де солай!

Кер заманның Кендебайы

Ел шетіне жақындады. Қоңыраттың шамдары жарқырап тұр.

Бір кездері бұл қазыналы қоныстың да құты қашып, қаңырап қалуға шақ қалған кезі болған. Жолаушы-генералдың ойына сонау 90-шы жылдардың тоқырауы оралды. Өзі 1990 жылы Жамбылдан туған жеріне оралып, №5 орта кәсіптік-техникалық училищеге оқу шебері болып орналасқан. Ілкімді іскерлігі мен ұтымды ұйымдастырушылық қабілетімен танылған жігерлі жас 1993 жылы осы училищенің директоры болып тағайындалды. Осы жылдары еді ғой, тоқырау салдары қос өкпеден қысып тұрса да, қиындыққа дес бермей, бар күш-жігерін білім сапасы мен оқушылардың жағдайын көтеруге жұмсағаны. Осы жылдары еді ғой, «Балқаш-Қоңырат» тас жолының сол қапталынан 5 гектар жер алып, бау-бақша өсіргені. Сол жылдары еді ғой, осы жердің бір гектарын ұжым қызметкерлеріне бөліп беріп, өнімін де өздеріне үлестіргені. Училище базасында кооператив құрып, шеберханада дайындалған бұйымдарды сататын «Балауса» дүкенін де ашқан. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс дауылына осындай іскерлігімен төтеп бергені ел аузында аңыздай болып әлі күнге айтылып жүр. Сол училище – бүгінде Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев атындағы технология және сервис колледжі.

2015 жылы ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Қазақтың дана биі Төленің: «Өз пайдасын әркім ойлайды, ел пайдасын ер ойлайды» деген қанатты сөзі бар. Данышпанның осы сөзі тура Кендебай Сарыбайұлының елім деп еміреніп тұратын ерекше қасиеті туралы айтылғандай. Кендебай Адамбек өзінің адалдықпен жинаған абыройы мен беделін өзінің қара басы үшін емес, туған жерінің қамы үшін жұмсады. Соның арқасында, ол Балқаш жылу орталығынан Қоңыратқа жылу желісін тартқызуға, «Балқаш-Қоңырат» тас жолының жөнделуіне, өзі білім алған алтын ұясы Ы.Алтынсарин атындағы №25 орта мектеп ауласына Алтынсарин ескерткішін қоюға ықпал етті.

Қазір Астана қалалық мәслихатының депутаты, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Елордамыздың өсіп-өркендеп, қарышты дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген халық қалаулысы. Әлеуметтік желіде мейлінше қолжетімді, барынша ашық депутат. Өз парақшасында өзге замандастары секілді барған той, алған сый, киген шапан, сүйген тамағын емес, елдік мәселелерді көтеріп, Қазақстанды гүлдендіру, Елордамызды еңселендіру бағытындағы мәселелерді көтеріп отырады. Сүйсінесің! Осындай азаматтың біздің жерлесіміз болғанын, Астанада жүрсе де, Қарағандыға алаңдап, Балқаш, Қоңыратқа бір бүйрегі бұрып тұратын шын жанашырымыздың барын мақтан етеміз.

***

Кендебай Сарыбайұлының ұстазы Әшірап Рахымбайқызының туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты рәсім. Атшаптырым залға алшаң басып генерал-майор жарық жұлдыздай жарқырап кіріп келе жатыр. Иығындағы жұлдыз да, маңдайында жарқыраған бақ жұлдызы да – елінің махаббатымен, халқының құрметімен келген мерей! Ал, өзі – мыңдаған адамның жүрегінде жұлдыз болып жанып, көкірегіне шамшырақ болып сәуле берген Жарық Жұлдыз!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button