Электр энергиясы – экономиканың да, күнделікті тұрмыстың да ажырамас тірегі. Өндірістің дамуы, қалалардың өсуі және халықтың жайлы өмірі ең алдымен, сенімді энергетикалық инфрақұрылымға байланысты. Осы бағытта Қарағанды облысында электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде электр желілерін жаңарту инвестициялық бағдарлама аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жобалардың басты мақсаты – электр желілерінің тозуын азайтып, жүйенің тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ, апаттық ажыратулардың санын қысқарту.
«Қарағанды Жарық» ЖШС мәліметінше, ірі жобалардың бірі – 110 кВ «ГПП-1 – Саран» әуе электр желісін қайта жаңғырту. Ұзындығы шамамен 45 шақырымды құрайтын бұл магистральдық желі өңірдің электр жүйесінде маңызды рөл атқарады.
Жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта желі бойындағы тіректер кезең-кезеңімен жаңартылып, электр сымдары күшейтілуде. Жаңғырту жұмыстары 2027 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған.
Аталған жобаны іске асыру магистральдық электр желілерінің жүктемелерге және қолайсыз ауа райы жағдайларына төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Инвестициялық бағдарлама аясында тағы бір маңызды жоба – «Саран» қосалқы станциясынан шығатын 6 кВ кабель желісін қайта жаңғырту. Бұл желі Угольный, Дубовка және 106-шахта кенттерін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жоба барысында тіректер мен электр сымдары толық ауыстырылып, желінің техникалық сипаттамалары жаңартылуда.
Жаңғырту нәтижесінде электр энергиясының техникалық шығындары азайып, жүйенің сенімділігі айтарлықтай артады. Электр инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тек магистральдық желілермен шектелмейді. Өңірдегі елдімекендерде де тарату желілері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
Атап айтқанда, Қарағанды қаласының Пришахтинск бөлігіндегі Финский кентінде және 2-кеніш аумағында 6-0,4 кВ электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
2-кеніш аумағында бұрынғы әуе желісі заманауи кабельдік желіге ауыстырылды. Сонымен қатар, ескі электр сымдары оқшауланған жаңа сымдарға алмастырылып, трансформаторлық қосалқы станциялар жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 900-ден астам тұрғынның электрмен жабдықтау сапасы жақсарады.
Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Мұнда «Болашақ» жаңа қосалқы станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа нысанды пайдалануға беру өңірдің энергетикалық жүйесінде қосымша қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, электр жүктемесін теңдей бөлуге жағдай жасап, қаланың жаңа тұрғын кварталдары мен кәсіпкерлік нысандарының дамуына инфрақұрылымдық негіз болады.
Облыста электр желілерін жаңарту жұмыстары 2025-2029 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жалғасады.
Жалпы алғанда, энергетикалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту өңірдегі электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, тұрғындар мен өндіріс орындары үшін тұрақты әрі сапалы электр энергиясын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өз тілшімізден



