АймақҚарқаралы

Жарықтың жағдайын жел біледі…

Осы аптаның сейсенбісі күні Қарқаралы қаласын қақ жарып ағатын шағын өзен арнасынан асып-тасып, қала тұрғындары мен қонақтарын әбігерге салса, онымен қоса аудан орталығы мен Жаңанегіз ауылы жоғары кернеулі ток көзінен ажыратылып, қызметі электр қуатына тәуелді мекемелердің жұмысы еріксіз тоқтап қалды. Осы қолайсыздықтардың себеп-салдарларын білу үшін Қарқаралы қаласының әкіміне телефон шалдық.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

– Тәулік бойы толассыз жауған жаңбырға таудың сай-саласындағы қардың суы қосылып, жайшылықта жылап ағатын бұлағымыз бұрқ-сарқ етіп «қайнады». Бірақ, ешбір аулаға су кірген жоқ. Тұрғындар материалдық, басқадай шығыннан дін аман. Электр жарығы туралы айтатын болсақ, қаладағы жоғары кернеулі ток жүйесінің жалпы ұзындығы тоқсан шақырымға жуықтайды. Оның бірсыпырасы жер астымен тартылған, тозығы жеткен желілер. Жаңбыр суы тигенде олардың істен шығатын кездері бар. Маусым сайын жөндеу жүреді. Сөйтсе де, электр қуатын тарату кәсіпорны бәрін жаңалап үлгермей жатыр, – дейді Асылан Рақымбергенұлы.

Жазған құлда шаршау жоқ. Қарқаралы КРЭК кәсіпорнының басшысына хабарластық.

– 8 сәуірде Қарқаралы қаласында электр жарығы өшті. Мамандар электр желісін аралап, тексеріп, жеке меншіктегі трансформаторларды ағытып, тек КРЭК кәсіпорнына қарасты желілерді қосты. Келесі күні ақау Қарқаралы ауыл шаруашылығы лицейінен табылды. Оны қалпына келтірдік.
Жаңанегіз ауылының электр қуатынан ажыратылуына «Жас дәурен» балалар лагеріндегі кабельдің істен шығуы себеп болды. Қазір электр қуаты аудан көлеміндегі елдімекеннің бәрінде бар. Қалыпты жұмыс істеп тұр.
4 сәуір күнгі қатты дауыл кезінде Қарағайлы кентінде электр жарығы сөнген болатын. Техника қауіпсіздігі талабы бойынша, желдің жылдамдығы секундына 15 метрден асса, бағанға шығуға тыйым салынады. Автомұнараны пайдалануға да болмайды. Ертеңінде, күн демалыс болғанына қарамастан, сағат 8-ден бастап, бригада жұмыс істеп, түске дейін электр қуатын қосты. Жоғарыда айтылғандардың бәрі ауа райының қолайсыздығынан орын алған жағдайлар, – дейді Нұрлан Байжұманов мырза.

Қазіргі өмірді электр қуатынсыз көзге елестету қиын. Ток берілмесе, кәсіпорындар мен шаруашылықтардағы жұмыс қаңтарылып, мекемелердегі ұйымдастыру техникалары тоқтап қалады. Қарқаралы КРЭК басшысының сөзінен аңдағанымыз, өңірге электр қуаты тұрақты берілуіне ешкім кепіл бола алмайтын сыңайлы. Келешекте жарықтың болар-болмасын жел біледі екен.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button