Жаңалықтар

Жарты жылдық жұмыс қорытындысын баяндады

Қарағанды облысы бойынша экология департаментіне тұрғындар мен заңды тұлғалардан 62 өтініш түскен. Ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы осы және басқа да жұмыс қорытындылары туралы Облыстық экология Департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков айтып берді.

– Келіп түскен өтініштердің 36-ы жеке, 18-і заңды тұлғалардан. 8 өтініш қазір қарастырылуда. Қалғандары мерзімінде қаралмақ. Департаменттің атына құқықтық статистика басқармасынан ескертулер болған жоқ, – деді Қанат Мұсапарбеков.

Жыл басынан бері департамент қызметкерлері 179 жобалау материалдарын қабылдады. Олардың 53-і келісіліп, қалғандары пысықтауға жіберілді. Қоршаған ортаға эмиссия бойынша 66 рұқсат қарастырылып, оның ішінде, 27 оң және 33 теріс жауап алды.

Спикер атап өткендей, жалпы облыс бойынша ағымдағы жылы кәсіпорындар өз қаражаты есебінен 35 млрд.теңгеден астам сомаға табиғатты қорғау іс-шараларын орындайды деп жоспарланған.

– Біз 122 тексеру жүргіздік. Оның ішінде 20 алдын алу және 102 жоспардан тыс тексерістер өткізілді. Нәтижесінде 2 млн 871 мың теңгеге 31 айыппұл салдық. Жалпы облыс бойынша 2019 жылға кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 35 млрд. теңгеден астам сомаға табиғат қорғау іс-шараларын орындау жоспарланған. Ағымдағы жылдың 6 айында облыс кәсіпорындарында табиғатты қорғау іс-шараларын орындауға 10,1 млрд.теңгеден астам қаражат игерілді, – деді Қанат Мұсапарбеков.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың арнайы кеңесі құрылды. Ол консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Сараптама кеңесі экологиялық сараптама жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану проблемаларын, экологиялық қауіптілігі жоғары объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларын қарауды талқылайды.

Өткен жарты жыл ішінде мемлекеттік экологиялық сараптама 12 рет сараптамалық кеңес өткізген. «Қазақмыс Энерджи» ЖШС БТЭЦ, «Bassel Group LLS» ЖШС, «Жәйрем КБК» АҚ сияқты ірі объектілер қаралды.

Басқа материалдар

Back to top button