АймақБас тақырыпҚарағанды

Жарты жыл ішінде Қарағанды экономикасы қуатты өсім көрсетті

Қарағанды облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жыл басынан бергі кезеңнің қорытындыларына сәйкес, өңірдің барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалуда. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 11,8 пайызға артып, 2,3 трлн теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 6,3 пайызға өсіп, 458,4 млрд теңгені құрады.

Сурет www.ortcom.kz

Бұл туралы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының жартыжылдық қорытындылары қаралған аппараттық жиында мәлім болды. Жиынға облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ Қарағанды және Теміртау қалаларының әкімдері қатысты.

– Өңдеу өнеркәсібінде 12,1 пайыз көлемінде өсім тіркелген. Бұл – машина жасау, металлургия, резеңке мен пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп пен азық-түлік өндірісіндегі оң көрсеткіштер есебінен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, көмір мен металл кендерін өндіру көлемі де арта түсті, – деп мәлімдеді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Инвестициялардың өсімі ауыл шаруашылығы мен өңдеу салаларымен қатар, әлеуметтік секторға — атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына да бағытталған.

Ауыл шаруашылығында ет пен сүт өндірісі айтарлықтай көбейіп келеді. Сонымен қатар, өңірде тұрғын үй құрылысы жандана түскен. Биыл 545 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожуховтың мәліметінше, облыс орталығында 11 көпқабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр. Жыл соңына дейін жаңа баспанаға жеті мың отбасы қоныстануы тиіс.

Теміртау қаласында да экономика құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

– Теміртаудың өнеркәсіптік негізі — металлургия. Алайда біз бұл салаға толықтай тәуелді болмас үшін қосымша бағыттарды дамытып келеміз. Машина жасау, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығару салаларына серпін беру – тұрақты әрі теңгерімді экономикалық өсімнің кепілі, – деді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.

Биыл Теміртауда екі жаңа өндіріс іске қосылды: бірі — тау-кен өндірісіне арналған арматуралық анкерлік бекітпелерді, екіншісі — алюминий профильдерін шығарады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат жиналысында жыл соңына дейін барлық жоспарланған экономикалық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе, өнеркәсіп көлемін ұлғайту мен инвестиция тарту мәселелеріне басымдық берілетінін ерекше атап өтті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button