Жаңалықтар

Жармұхамед Төленұлының ісі

Жазушы Медеу Сәрсеке ғалым Е.Бөкетовтің інісі Қамзабайға жазған бір хатында өзінің «сәті түссе Жармұхамед Төленұлы туралы да жазуға ойланып жүргенін» мәлім еткен. Алайда, аталған азамат хақында қалам тербеуге сәті түспепті. Себебі де түсінікті. Тақырыпты қапысыз тану үшін уақыт керек. Ол уақыт Медеу ағада жоқ еді…

Ел-жұртқа белгілі Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов, Е.Бекмақановты жазғанда М.Сәрсекенің уақыты Жармұхамедке келгенде неге жетпей қалды деген сұрақ та орынды естілер. Мәселе нақты жазушыда емес. Поэзия заңы бойынша Жармұхамед Төленұлының бейнесін мінсіз мүсіндеп шығу үшін үш істі таза және толық игеру керек-тін. Үш істің есім-сойы: Үлкен Сәтбаев, Үлкен Жезқазған, Үлкен Террор. Біздің «Үлкен Сәтбаев» деп отырған кісіміз 1922 жылдың 1 желтоқсанында Семейде ашылған қазақ педагогикалық училищесінің директоры болып тағайындалған Әбікей Зейінұлы Сәтбаев. Үлкен Сәтбаевқа жаңа қызметте бірінші кезекте шешуге тиісті нендей күрделі мәселе күтіп тұрғаны белгілі болатын. Ол – ұстаздарды аяқ киіммен қамтамасыз ету. Азамат соғысы, ашаршылық азабын тартқан халық жалаң аяқ, жалаң бас күн кешіп жүрген кез.

1922 жылдың 22 қарашасында Семейдегі губерниялық оқу бөлімі коллегиясының күн тәртібіне «Ұстаздарды аяқ киіммен қамтамасыз ету» мәселесі қойылған болатын («Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» 73-қор, 1-тізім, 58-іс 18-бет). Коллегияда аяқ киім мәселесін шешу оқу бөлімінің жабдықтау бөліміне тапсырылса, енді училищеде ұстаздарға қыстан шығатын аяқ киім тауып беру ісіне директор жауапты, мұғалімсіз оқушы жоқ, шұғыл, тез арада жол табу керек. Кілең керекті ойланып, ойға кеткен кезде есіне семейлік «етікші жандарал» аталған Жақсылық түсе кетті. Алдау қоспай, адал еңбегін сатып күн көретін қолөнер шебері Жақсылық көмек беруден бас тартқан жоқ. «Тек бір шартым бар, адал еңбегімізді ақшаға сатпаймыз. Кенже інім Жар­­мұхамед кедейліктің кесірінен оқи алмай қалып еді. Училищеге ал, жиырма бірге келді, тым құрмаса, тыңдаушы болып жүріп сауатын ашсын!»

1923 жылға дейінгі сауатсыздығының себебін Жармұхамед 1943 жылғы Балқаштың мыс комбинатының цех бас­шылығына ұсынылған анкетасында ашық жазған (Қарағанды облыстық архиві. Қ. П-1, 4-тізбе, 146- іс, 167-174 бб. Ары қарай ҚОА.). Анкетада ол үлкен ағаларының 1900 жылдары көрші елге жұмыс іздеп кеткенін жазыпты. Жармұхамед ауылда кәрі әке-шешесімен қалады. Бірер жылдан соң әкесі Төлен мен шешесі Анифа Бөденқызы Оңтүстік Алтайдың Змеиногорск уезіне ұлдарының қасына көшіп келіп, біраз уақыттан соң қайтыс болады. Жалбыр тонды жетім Жармұхамед 1909-1912 жылдары Озерка селосындағы көптің табын малын, Дүйсембай Бегимбетов, Тоғайбаевтардың жеке меншік қойларын бағады. 1914 жылы Жармұхамед «Семей-Барнауыл» теміржолында ағалары Жақсылық, Игілік, Сүйіндікпен бірге қара жұмысқа жегіледі. 1915 жылы Батыс-Сібір кеме шаруашылығында кочегарлыққа жалданып, 1916-1918 жылдары Анжеро-Судженск қаласында №4 шахтада корытчик болады. 1918 жылы Семейге оралып «Земство», «Рабочая артель» ұжымдарында ағаларымен бірге етікшілікті кәсіп қылады. Етікшілікпен қатар, 1920-1922 жылдары Қарқаралы уезінде 2-3 айлап болыстық сайлауға өкіл болып тағайындалып та жүреді.

Директор Сәтбаевтың рұқсатымен училищеде үш жыл еркін тыңдаушы болған Жармұхамед 1925 жылы комсомол жолдамасымен Москваға оқуға аттанады. Жармұхамедтің жолдама алуға толық негізі бар еді. Шыққан тегі кедей табынан, қалалық кеңеске, комсомол комитетіне сайланған, жетім балалар үйінің директоры да болған. Партия қайда жұмсаса, сонда қызмет еткен. Бас пайдасын іздемеген, халықтың қажымас досы болу ниетімен іс қылған. Оның бұл ниетін біз Семей архивіндегі Жармұхамедтің губерниялық атқару комитетінің мандат комиссиясынан өзін халық шаруашылығына пайдалы болу үшін арнайы техникалық білім алуға Москваның Бауман атындағы жоғары техникалық училищесінің 2 жылдық жұмысшылар факультетіне жіберуді сұраған өтінішінен оқып білдік.

Жармұхамед Мәскеуге барып, жоғары білім алуға қолы жеткенде де түпкі мақсаты өз пайдасы болмағанын, өз басына қадір, ғиззат-құрмет, мал, мақтан іздемегенін 1928 жылы Бауманканың химия факультетінің екінші курсында оқып жүргенде кездейсоқ кіші Сәтбаевпен кездес­кен соң қабылдаған шешімінен көруге болады. «Кіші Сәтбаев» деп отырғанымыз – ғалым Қаныш Сәтбаев, азан шақырып қойған аты Ғабдулғани, қазақ халқы еркелетіп «Қаныш» деп атап кеткен. Жармұхамедпен 1918 жылдан таныс Қаныш оған мамандығын шұғыл өзгертуге кеңес береді.

Жармұхамед Қаныштың «Химия өндірісі бізде әзірше салынбайды, мына кә­сібіңмен дәп қазір туған еліңе пайда келтірмейсің, сенің игілігіңді басқалар көреді, ойлан» деген сөзін құп алып, 1929 жылы Москвадағы тау-кен академиясының түсті металдар факультетінің екінші курсына кен байыту инженерлігіне ауысады. Жармұхамед таңдаған факультеттің негізінде Үкімет 1930 жылы жаңадан түсті металдар және алтын институтын құрады. Бұл институтта Ж.Төленұлымен қатар атақты Камал Қадыржанов оқиды. 1931 жылы екі қазаққа Алматыдан жас Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев студент болып қосылады, үшеуі кейін 1936 жылы Балқашта кездеседі. 1932 жылы Ж.Төленұлы Жезқазғанға жолдама алып, Қарсақпайдың кен байыту фабрикасынан бірақ шығады. Міне, осы Қарсақпайда Жармұхамед Төленұлы 1933-1934 жылдары қазақтың Қанышымен бірге үлкен Жезқазғанның кен байлығын Москвадағы СССР академиясының 1934 жылғы қарашадағы сессиясында сәтті қорғап шығуға еңбек етеді. Москваның академиктері оның майдақол мінезін ұнатып, Тюленев деп айтылатын тегіне орай, Жан Тюленевич деп сыйлаған соң достары Қаныш пен Димаш та оны құрметтеп Жан деп атап кетеді.

Үлкен Жезқазғаннан кейін Жан Тө­ленұлы Мәскеуде 1935-1936 жылдары кен байыту инженерінің дипломын сәтімен қорғап шығып, 1936 жылдың жазында Балқаштың мыс қорыту комбинатының кен байыту фабрикасына келеді. 1936-1937 жылдары СССР-де жау іздеу, табу, әшкерелеу, соттау, ату науқаны қызу жүріп жатқанда Москва билігі Үлкен Сәтбаевты Бішкекте ұстап, тергеусіз, сотсыз атып тастайды. Балқашта да репрессия қыза бастаған. Кремль комбинаттың директоры В.Ивановты 1937 жылдың шілдесінде ұстайды. Бас қалалардан Қарағанды да қалыспайды. 1937 жылдың қарашасында А.Асылбеков, Н.Нұрсеитов, М.Гатаулиндердің сот процестерін ашады. Обкомның «жасырынып қалған жау бар, әшкерелеңдер» деген шұғыл тапсырысы Балқашқа жетісімен 1937 жылдың 3 желтоқсанында инженер Ж.Төленұлы «контрреволюция­лық, ұлтшыл, фашистік бандының мүшесі, халық жауы» деп қамауға алынады да, 1938 жылдың қазанында 25 жылды арқалап, Магадандағы ГУЛАГ-тың Колыма лагеріне кете барады (ҚОА.Қ. П-1. 1-т., 23-іс, 180-181 бб.).

1940 жылдың 4 ақпанында Ж.Төлен­ұлының шағымымен айыптау үкімінің күші бұзылып, іс қайта тергеуге жібе­ріледі. Қайта тергеуде «кінәсі дәлелденбеген» деген негізде іс қысқартылып, Жармұхамед 1940 жылдың күзінде Балқашқа оралады. Қиянатшыл билік Колымадан қайтқан мүгедек, жаралы жанды 18 жыл бойы заводтың зиянды жұмысына жегіп қояды. Одан тек Кіші Сәтбаев ғылым академиясының президенттігіне оралғанда құтылады. Қаныштың пәрменімен 1958 жылдың желтоқсанында Жан Төленұлы Қарағандыда құрылып жатқан химия­металлургия институтына қызметке тағайындалады (ҚОА. Қ-359, 1-т, іс- 1.). Қазақ ғылымына шынайы қызмет еткен Жармұхамед 1960 жылы Академия президентіне Алматыдан денсаулығына байланысты Қарағандыға жұмыс іздеп келген Е.Бөкетовті институттың директорлығына ұсынады. Президент Қ.Сәтбаев досы Ж.Төленұлының адалдығын, ел пайдасын, ғылым ісін ойлайтындығын жақсы білгендіктен оның ұсынысымен келіседі. Қазақ халқының қажымас досы бола білген Жармұхамед Төленұлының үлгілі ісі де – Үлкен Қарағандының тарихы.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button