Медицина

Жарақат себебі – бейқамдық

Облыстық травматология қызметі ахуалдық орталығының меңгерушісі Ерік Шонбаевтың айтуынша, соңғы уақыттары жарақат алушылар қатары көбеюде. Күн жылынысымен үлкені де, кішісі де далаға шығып белсенді бола бастайтыны түсінікті. Алайда, қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытады.

Мəселен, өткен айда медициналық көмекке жүгінгендер қатары 500-ге жуықтады. Маманның айтуынша, бұл көп.

– Былтыр осындай уақытта 350-360 жағдай тіркелген. Оның үстіне Ұлытау облысы да біздің облыс құрамында еді. Қазір облыс бойынша тұрғындар саны кемігенімен, жарақаттар қатары азаймай тұр. Бұл адамдардың бейқамдығынан, – дейді арнайы брифинг өткізген Ерік Шонбаев.

Жарақат негізінен көше жəне тұрмыстық болып бөлінеді. Жəне осының көшеде алатын түрі басым түсіп тұр. Велосипед, самокат, скутерден, мотоциклден құлау жағдайлары көп.

– Техникалық заттармен жұмыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан аяқ-қолын кескендер, тіпті, ампутация жасалғандары да бар. Облыс стационарларында металға арналған болгаркамен ағаш кесіп, соның салдарынан түрлі жарақат алған 7 адам жатыр. Көп жағдайда кесілген аяқ-қолды қайта қалпына келтіру мүмкін. Дегенмен, барлығы жарақаттың деңгейіне байланысты, – дейді ол.

Стационарға жатқызылатын науқастар көбейгенін де атап өтті дəрігер. Облыс бойынша тəулігіне 35-36 адам жарақат, сынық себебімен ауруханаға түседі екен. Олардың кейбірінің жағдайы операция жасауды қажет етеді.

– Ішімдік ішкен адамдардың түрлі жарақат алуы жиі кездеседі. Тіпті, мас күйінде реанимацияға түскен кəмелеттік жасқа толмағандар бар. Былтыр ондай 2 жағдай болса, биылғы осы кезеңде 7 жағдай тіркелді. Бұл бізді дабыл қағуға мəжбүрлейді, – деді Ерік Шонбаев.

– Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғаларының саны да артуда. Облыс бойынша аптасына жолкөлік оқиғасынан зардап шеккен 50-80 адам тіркеледі. Бұл бір-екі адамдық немесе көп адам зардап шеккен оқиға болуы мүмкін. Адамдар əдетте жол қозғалысы ережесін сақтамайды. Жүру жылдамдығын арттырады, қауіпсіздік белбеуін тақпайды. Алдыңғы орында болсын, артқы орында болсын қауіпсіздік белбеуін тағу қажет. Соқтығысу кезінде артқы жақта отырған жолаушылар алдыға кетеді. Бұл ол адамның да, алдында отырған адамның да жағдайын ауырлатып жіберуі мүмкін фактор. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілер мəселесі де өткір тұр. Жүргіншілерге арналмаған жолдармен жүріп, жарақат алғандар, қайтыс болғандар туралы фактілер де бар, – деді ол.

Мəлім болғандай, балалар жарақаты көбеймесе, азаймаған. Бұрын барлық жарақат түрлері ішінде балалар жарақаты 24-26% пайыз болса, қазір бұл – 31%. Жарақат механизмі жағынан көшедегі жарақат түрлері жиі ұшырасады екен. Оның ішінде, терезеден құлаған балаларды ерекше айту керек.

– Дəрігерлер əр адамның жанында бола алмайды, оқыс оқиғадан қорғай алмайды. Біз тек салдарымен ғана күресе аламыз. Біздікі тек болған фактіні қабылдау, барынша медициналық көмек көрсету жəне осылай ақпараттандыру. Жол үстінде жаяу жүргінші де, көлік иесі де, самокат пен скутер тебуші де тəртіпті сақтауы керек. Оларға ереже бір. Ата-аналар балаларын көзден таса қылмай, үйде қауіпті заттардың алыс, бала қолы жетпейтін жерде тұрғанына көз жеткізуі керек, – дейді Ерік Шонбаев

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button