АймақБалқаш

Жарқырайды Балқаштың жұлдыздары

Үкілі үміт… Лүпіл қаққан жүрек… Қиял көгінде қалықтаған арман… «Жас қанат» байқауына қатысушы өнерпаздардың барлығын басынан кешіретін сезім бұл! Бір қорқыныш, бір үміт, бір қуаныш, бір күдік жұдырықтай жүректерін тыным тапқызбай, мың мәрте толқытқан айтулы ән байқауы сәрсенбі күні өз мәресіне жетті. Балқаштықтар Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайында өткен шын жүйрік анықталған жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің XXVІІI «Жас қанат-2024» қалалық байқауының кезекті жеңімпазымен танысты.

Сурет қала әкімдігінен

Шағын шаһардың өнер майталмандары 14 қатысушының ән орындау шеберлігі мен шоу-бағдарлама жүргізушілерінің өнеріне лайықты баға берді. Бұл – тек қатысушылар үшін ғана емес, қазылар үшін де жауапты сәт. Себебі, өнер додасында жаңа жұлдызды таңдап, жас орындаушының үлкен сахнадағы алғашқы қадамына төрелік айту оңай емес. Өздеріне жүктелген салмағы зіл батпан сенімді абыроймен алып шығуды көздеген сарапшылар барынша әділетті болды. Жас өнерпаздар сайыс барысында 2 әннен орындады. Жартылай финалға барлық қатысушы өтіп, бас жүлдені сарапқа салды.

Нәтижесінде, Балқаш қаласындағы «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Арайлым Жұмырова байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол «Туған жер», «Ғашық жүрек» әндерін орындағанда кең дауысымен көпшілікті тәнті қылды. Сонымен қатар, «Желтоқсан» тобының мүшелері, Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері Ажар Өмірғалы мен Нұрасыл Рахмет бірінші орынға табан тіреп, облыстық «Жас қанат-2024» байқауына қатысуға жолдама ұтып алды. Екінші орынды «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінің студенті Болат Мұмедияр еншіледі. Үшінші орындарға Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Қуан Тұяқов пен Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің оқушысы Аяулым Ержанқызы тұрақтады. Сондай-ақ, байқауда белгілі кәсіпкер, руханият жанашыры Ғабит Төлеуханұлының арнайы жүлдесі С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Айғаным Ізтөлеуге, Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Балнұр Кәрімханға, Тораңғалық елдімекенінен келген Айбек Амангелдіұлына және шоу-бағдарламасын жүргізуші Жақсыгүл Мұстақыпқа табысталды. Ал, қалған барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

«Өнер байқауы үшін 28 жыл – аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында «Жас қанат» өз дәстүрі мен талғамын қалыптастырып үлгерді. Ширек ғасыр ғұмырында байқау қазақ эстрадасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Небәрі 16-18 жас аралығындағы үміткерлердің жоғары деңгейде өнер көрсетуі – балқаштықтар үшін үлкен жетістік. Жастығына қарамастан бойларында әншіге керек барлық қасиет тоғысқан. Жүрек те, дарын да, талап та, талғам да бар. Олар әлі талай биіктерді бағындырары сөзсіз.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button