Жарқырай түс, жас дарын!
Домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мұра, ұлттық рух. Ұлттық домбыра күніне орай Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Орталық саябақта «Dara daryn» дәстүрлі өнер кеші ұйымдастырылды.

Өнер кешіне жас жазба ақындар, күйшілер, дәстүрлі әншілер және жас айтыс ақындары қатысып, өз өнерін ортаға салды.
– Бұл – жас дарындарды қолдауға, насихаттауға, өнерін, шығармашылықтарын халыққа таныстыруға арналған жоба. Оның домбыра күнімен тұспа-тұс келгеніне ерекше қуаныштымыз. Жобаға қатысуға Қарағанды қаласынан, аудандардан, ауылдардан, өнер мектептерінен жас ақын, әнші, күйшілер ұсыныс білдірді. Жобаның алғашқы қадамын облыс орталығында бастауды жөн көрдік. Алдағы уақытта Павлодар қаласын, жақын облыстарды қамтиды. Республикалық деңгейде шығармашылық жобаның соңғы нүктесі Астанада қойылады. Онда гала-концерт көпшілік назарына ұсынылады, – деді «Dara daryn» жобасының авторы Рауан Қайдар.
«Dara daryn» жобасы – қазақтың төл аспабын асқақтату, жас өнерпаздардың талантын ашуды көздейді. Сонымен қатар, ұлттық болмысымызды кеңінен дәріптей отырып, дәстүрлі әндерімізді таратып, халықтың айтыс тамашалауына, ән мен күй тыңдауына, қара өлеңмен сусындауына мүмкіндік беру мақсатында халыққа ұсынылып отыр, – дейді «Dara daryn» жобасының ұжымы.
Кеш соңында жобаға қатысушыларға сый-сияпат жасалып, Алғыс хаттар табысталды.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың II курс студенті