Руханият

Жарқын жүздесу

Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көре бастағанына 90 жыл толуына орай ардагер журналист, өлке тарихын зерттеуші, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төрехан Майбаспен «Маған ұнайтын басылым» атты кездесу өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан алынды

Кездесуге Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш, Қарағанды қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Баян Нұртаева, жазушы, тележурналист, Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт, өлкетанушы, қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыру мақсатында құрылған «Тағзым» тобының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Аңғар Смағұл, еріктілер ұйымының мүшелері, мектеп оқушылары, ұстаздар, кітапхана оқырмандары мен белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері және басқа да қонақтар қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Дархан Бейсенбек шараға онлайн қосылды. Биыл жетпіске толып отырған жазушы Төрехан Майбасты мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихына тоқталып, тың деректерді ортаға салды. Газеттің қоғам өміріндегі рөлін және онда қызмет еткен белгілі қаламгерлерді де назардан тыс қалдырған жоқ.

Қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова Төрехан Майбасты мерей­тойымен құттықтап, денсаулық, толағай шығармашылық табыс тіледі. Қала әкімінің Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық ұсынды.

Ал, жазушының сыныптас досы Темірбай Асанов ыстық ықыласын жыр шумақтарына сыйғызыпты. Арнауын оқып, иығына шапан жапты. Заң ғылымдарының кандидаты, «Bolashaq» академиясының профессоры Болат Сыздық, Аңғар Смағұл және басқа да ел азаматтары этнографтың өмірі мен шығармашылығына байланысты есті естеліктерін ортаға салды.

Кітапхананың оқу залы бөлімінің қыз­меткері Құралай Бейсенбайқызы «Қазақ әдебиеті» газетінің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып жасалған слайд-презентацияны ел назарына ұсынды.

Бұдан бөлек кешке қатысқан қонақтар, студенттер, мектеп оқушылары жазушымен кездесу ұйымдастырылғанына қуанышты екенін жеткізді.

Сұрақ-жауап түрінде өрбіген шарада кеш қонағы кітапхана қорына және оқыр­мандарға «Тәңірқұт» кітабын қолтаңбасымен сыйлады. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысын жеткізді.

Жазушы шығармашылығы қазақ халқының бай мәдениетінің сұлулығы мен бірегейлігін жеткізуге деген қайраткерлігін аңғартады. Көркем әдебиет пен этнография әлемінде әр еселі еңбегі күнделікті зерттеу аясына сыймайтын санаулы тұлғалар бар. Солардың бірі һәм бірегейі қаламын қолынан тастамай, қазақтың сөз өнеріне адал қызмет етіп келе жатқан тұғырлы тұлға Төрехан Майбас дер едік.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button