Басты тақырып

Жарқын мереке – лайықты құрмет

    Еңбектері ел экономикасының тұрақты дамуына кепіл болған кеншілер мерекесі жетпіс жылдан бері тойланып келеді. Тамыз айының соңында келетін бұл мерекеде жанын шүберекке түйген шахтерлердің жанкешті еңбегіне лайықты марапат көрсетілетіні мәлім. Биылғы жылы да айтулы мереке қарсаңында Кеншілердің мәдениет сарайында қарағандылық кеншілерге ерекше құрмет көрсетіліп, еңбектегі жетістіктері үшін облыс әкімінің Мақтау грамоталарына, Алғыс хаттарға және салалық марапаттарға ие болды. 

Бұл күнді кеншілер қаласы атанған Қарағандының ерекше тойлауы заңдылық. Қазақстан экономикасының ілгерілеуі жолында негізгі саланың біріне айналған көмір өнеркәсібі болашақта да ел байлығын еселей беретіні анық. «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің төңірегінде Кеншілер күнін ерекше атап өтудің өзі – күн сайын шахталарда тынымсыз еңбек еткен кеншілер еңбегіне лайықты құрмет.

«Арселор Миттал» көмір департаментінің кәсіпорындарында және көмір разрездерінде еңбектерімен ерекшеленген озат кеншілердің фотосуреттері ғимараттың фойесінде орналасқан «Даңқ аллеясында» көрініс берді. Бұл жерде, сонымен қатар, «Қарағанды көмір бассейнінің тарихы» көрмесімен де танысуға мүмкіндік алды мерекеге қатысушылар. Ал, салтанатты шараға қатысуға келген шахтерлер мерекелік турникетпен қоршалған кілем бойымен жүріп, залға өтті. Бұл – олардың еңбектеріне берілген баға мен жасалған құрметпен қатар, мерекеге ерекше салтанат берді.

–       Қарағанды шахтерлер күнін айырықша күтеді. Қарағанды мен шахтер екеуі – бір ұғым. Облысымыздың барлық кеншілерін, аймақ тұрғындарын осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қарағандыны шын көңілімен жақсы көреді, кеншілер еңбегін ерекше құрметтейді. Бұл – біздің жеріміздегі ең қаһарман еңбек. Қарағандыны Қарағанды еткен – біздің шахтерлер. Сол себепті сіздерген үлкен рахмет айтып, еңбектеріңізді қоғам жоғары бағалайтынын жеткізгім келеді, – деді құттықтау сөзінде облыс басшысы Ерлан Қошанов.

Сонымен, кәсіби мерекеге орай дәстүрлі түрде қарағандының үздік шахтерлері марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, көмір өнеркәсібіндегі жылдар бойғы адал еңбегі  үшін және шахтерлер мерекесіне орай «Тентек» шахтасының №1 дайындық жұмыстары учаскесінің үңгушісі Төлеген Нұрмұхамбет, «Шахтинск» шахтасының №1 шығару учаскесінің жерасты электр слесарі Владимир Эфимов және Қарағанды көмір бассейнінің ардагері Жаукен Нұрмұғамбетов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, «Қазақстан» шахтасының көтеру машиналарының машинисі Роза Науширванова, Ленин атындағы шахтаның жерасты тау-кен монтаждаушысы Игорь Кузнецов, Күзембаев атындағы шахтаның тазалау кенжарының тау-кен жұмыскері Фарит Якишев және «Дубовская» теміржол станциясының сигналшысы Ольга Котович  облыс әкімінің Алғыс хаттарын алды.

Бірінші дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісіне «Шахтинская» шахтасының машинисі Сәбит Әбдірахманов пен «Қазақстан» шахтасының директоры Александр Забелин ие болса, үшінші дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен «Костенко» атындағы шахта директоры Аманбай Бейсембаев марапатталды.  Бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен «Восточная» ОБФ цехының аппаратшысы Татьяна Оман лайық деп танылды.

Марапаттауды «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры  Вадим Басин жалғастырып, көмір департаментінің қызметкерлеріне ведомстволық сыйлықтар тапсырды.

Шахтерлер күні мерекесінің 70 жылдық мерейтой салтанатында облыс әкімінің, қала әкімінің, көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің және КД басшылығының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, ақшалай сыйлықтармен және басқа да марапаттармен екі мыңға тарта шахталар мен көмір департаменті кәсіпорнының  еңбеккерлері ие болды.

Марапат соңы қарағандылық шахтерлердің әнұранына айналған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысовтың орындауындағы «Спят курганы темные» әнімен ашылған концертке ұласты. Сонымен қатар, кеншілерді кәсіби мерекелерімен қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаева, «Астана опера» мемлекеттік театрының жеке орындаушысы Салтанат Ахметова, «Алтын Батыр» стэп тобы, Санкт-Петербургтан арнайы шақырылған танымал ресейлік топ «Спортлото» құттықтады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

 

Суреттерді түсірген

Д.КУЗЬМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button