“Жапырақ жүрек жас қайың, сені магистральға айырбастайын…”
«Қарағанды маңайындағы, дәлірек айтқанда, Пришахтинскіге жақын орналасқан қайыңды тоғай автобан жолында «құрбандыққа» шалынады» деген гу-гу ақпар қарағандылық бірқатар белсенділерді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғаны анық. Бір айға жуық талқыға түскен мәселенің нүктесі сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында қойылды. Жолдың қайыңдарға залалы тимейтін төрт нұсқасы қарастырылып, оның ішінде ең тиімдісі таңдалыпты. Құзырлы орын жетекшілерінің айтуынша, жол салуда 140 қайың шабылмақ. «Ең тиімді жолы – осы» дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басшылығы. Оған қоса, ол қайыңдардың орнына 4 мың қайың қайта отырғызылмақ екен. Жалпы, «ҚазАвтоЖол» 30 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа орман шаруашылығына қатысты жұмыстарды жүргізуді көздейтін көрінеді.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Оңтүстік–Орталық» – «Астана–Қарағанды–Балқаш–Алматы» көлік дәлізін қалпына келтіру бойынша жоба әзірленгені мәлім. Деректерге сүйенсек, орман массиві бойынша ұзындығы 1,2 шақырым және 700 метр екі жол бөлігі өтеді. Қазіргі таңда шағын қайың тоғай маңайындағы ауыстырылатын бірінші жер телімінің көлемі 9,957 гектарды құрайды, оның ішінде орманды алқабы – 3,557 гектар. Онда 0,06 гектарды құрайтын 40 қайың кесіледі. Ал, қалған аумақ жалаңаш, жайылым, жол жиектерімен жалғасқан
«Жобалау кезінде бірнеше нұсқа қаралды, олардың ішінен ең тиімдісі, орман шаруашылығына аз шығын келтіретін нұсқа таңдалды», – дейді облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев. Көлік жолы шағын қайың тоғайы арқылы ғана өтеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның орнына орман қоры аумағында дәл осы тоғайға қайыңның 4000 көшеті, 1400 қарағай отырғызылады. Екінші учаскенің жалпы ауданы 13,6 гектар оның – 2 гектары орманды. Мұнда 100 қайың кесілмек көрінеді. Орманды жойғаны үшін мемлекетке тағы 4,5 млн. теңге көлемінде өтемақы төлейді.
өлемінде өтемақы төлейді. Игорь ГАФТОН, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды облыстық бөлімшесі директорының орынбасары:
– Мұнда автобан салынбақ, оның нақтыланған нормалары мен талаптары бар. Жылдамдық тәртібі мен жол қозғалысының қарқыны бұрынғы жолда қауіпті. Басқа екі нұсқа да қолайсыз. Бірінде, айналу алаңы үшін қазіргіден де көп ағаш кесілуі керек болса, екіншісінде, эстакада ұсынылды. Оның іргетасы үшін қайың орманының жартысын кесу керек. Соңында ең тиімді жолды таңдадық, ол – осы нұсқа. Яғни, екі қайың көшеттері арасындағы бөлік.
Қажетті нормативтиік құжаттар дайын болмайынша, бұл тоғайдағы бірде-бір қайыңның өзі түгілі жапырағы да түспейді деп отыр құзырлы орындар. Олар әзірге қайыңды тоғайға қатысты құрылыс жұмыстары жүргізілмегендігін айтады. Руслан ТӨЛЕПБАЕВ, облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
– Бұл аумақта әзірге бірде-бір ағаш кесілген жоқ. ҚР Үкіметі орман қорындағы жерлерді көліктік қажеттіліктерге өткізу туралы келісімді ресми түрде бекітпейінше, ағаштарды кесу мен қайта отырғызу жұмыстары жүргізілмейді. Бүгінгі таңда барлық материалдар жер ресурстарын басқару бойынша орталық құзырлы мекемеге жолданған. Нормативті-құқықтық акт жобасы дайын, ол талқылаулардан өтуі тиіс.
Қайыңды тоғайға қатысты жол құрылысын бақылауға қоғамның белсенді топ өкілдері ниет білдірді. Құзырлы орындар бұл өтінішті қабыл алып отыр. Демек, алдағы уақытта қайыңдардың тағдыры қоғам белсенділерінің назарынан тыс қалмақ емес.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»