Жаны жайсаң Жазылбек
1997 жылы журналистика кафедрасынның алғашқы толқыны өндірістік тәжірибені облыстық телерадио мекемесінде өткіздік. Сол радиода жүрген кезімде отызға аяқ басқан осы бір сырбаз, сақа жігітпен именбей еркін араластым. Мен өскен Қарағайлыға жақын Қу өңірі Егіндібұлақтың азаматы болып шықты.
Кейін 2000 жылдардың басында «Осы аймақтық телерадио компаниясына жұмысқа тұрамыз!» деп, журналистиканы бітірген оператор Еркеұлан Тойболдин екеуміз тоғыз айдай табалдырығын тоздырдық. Сол кезде де талабымызға демеу болып, бізді қала ішіндегі түсірілімдерге тартып жүретін.
Бізге жақын болатындығының тағы бір себебі сол кезде филология факультетін сырттай оқып, бітіріп шықты. Сұлулыққа жаны құмар, әдемілікті әспеттей білетін. Кескін келбетіміз бен кесек сөздерімізді көгілдір экранға бейімдей бастаған алғашқы сюжет, хабарларымызға балаша қуанатын.
Ол кезде облыстық теледидарда Кәмен Ахметов, Садық Таласбаевтай елге танымал ағалар бар еді. Жеңіс Сарымырза, Нұрлан Әбіжановтармен қоян қолтық араласып кеттік. Өз мінезімен өнеге болған ағамыз да өнерден кенде емес еді. Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияның опера класында оқыған Жазылбектің жаңғырта салған әндеріне талай куә болдық.
Ас пен тойларда, мереке-мейрамдарда түсірілім жұмыстарымен жүрген Жәкең, кешке сол өнерпаздардың ортасынан ойып тұрып орын алатын. Көшім руынан тарайтын Балқантау баурайының көркем жігітінің бойынан Жүсіпбек Елебековтей аңыз ағаларының ерекше лебі есетін.
Осы «Орталықтың» бас редакторы Мағаш аға да (Мағауия Сембай марқұм) Жазылбекпен жақсы қалжыңдаушы еді. Ерте кездерде Жүсекең Алматыдан шырқаған кезде, аудан ортасындағы радио қабылдағыш ілінген бағананы туыстары «Бауырым-ау!» – деп құшақтайды екен-мыс. Осыны меңзеген Мағау аға Жазекеңе электр бағаналарын нұсқап жымың-жымың ететін. Марқұм-журналист Мартбек Тоқмырза, өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай құрдастарымен қатты қалжыңдасыушы еді. Оператор Жазылбек ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері әкесі Нұртаза Бәкіжанов атын асқақтатты. Бұл бөлек болмысты ағасы, облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма теартының белді актері, сазгер Батырхан ағамыздан да көреміз.
Жазылбек Нұртазаұлының облыстық, Республикалық телеарналарда өзіндік қолтаңбасы қалды. Мақтау қағаз бен Алғыс хаттан кенде болған жоқ. «Әттең-ай» деген өкінішпен осы наурыздың 23-жұлдызында елудің бел ортасын еңсерер еді.
Барша ауылдас, жақын-жұрағаттарына, өнер жолындағы, өмір ағысын бірге кешкен жолдас-жораларына қайғыра көңіл айтамыз. Шынар жеңгемізге шыдамдылық пен шырайлы ғұмыр тілейміз. Назерке мен Нұрасыл балалары мен немерелері әке-аталарының жасамаған жасына жетсін!
Қош, жақсы аға Жазылбек!
Руслан НҰРБАЙ.