Жаны жайсаң жан
Көзі тірісінде ел алғысына бөленіп, соңында өшпес өнеге қалдырған Жарылқасын Бикенұлы Бикеновтің өмірден өткеніне биыл 5 жыл толып отыр. Бірақ, ұрпағы мен жары, ағайын-туысы, оны білетін барша ел-жұрты үшін Жәкең – тірілер қатарында жүргендей, ақылы мен парасаты, кісілігі мен кемелдігі әлі күнге құлақта жаңғырып тұрғандай. Жақындары бұл күнде сағына еске алады, жүрекпен жоқтайды.

Текті елдің тұяғы
Кей адамдар болады, өмірі – аңыз, өзі – тірі шежіре. Жарылқасын Бикенұлы сондай жан еді. Екі көзі жарық дүниені көрмей қалса да, көкірек көзі тіршілікті, қоғамды, адамды анық көре білді. Тұтас бір тоқсандық есеп-қисапты жатқа айтып беретін зердесімен, тірі болғанда бүгінгі күннің ұмытшақ, компьютер басты ұрпақтарын таңдай қақтырар еді.
Санасында сандықтай сақталған дерек, сансыз тізім, даталар, оқиғалар – оның жадының ғана емес, жан дүниесінің тазалығы мен тереңдігінің белгісі. Сол зердесі мен өмірге құштар ерік-жігері арқасында елге адал еңбек етіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы тұтас бір жүйенің тірегіне айналды.
Жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүрген жары Әнияш Бикенова Жарылқасын ағаны күн сайын сағына еске алады. Оның кітаптарын ақтарып, фотоальбомдарын парақтап, асыл бейнесімен сырласады.
– Қызғаныш, көреалмаушылық, мансап пен байлыққа құмарту, өтірік айту деген жанына мүлдем жат еді. Балаларына да соны үнемі насихаттап отыратын. Маған бірде-бір рет ауыр сөз айтып көрген емес. Бұл өмірдің өткінші, бәрінің уақытша екенін жүрегімен сезгендігі болса керек, – деп тебіренеді Әнияш апай.
Абыз кеуделі арда азамат Жарылқасын Бикенұлы – 1943 жылы 9 сәуірде Қарағанды облысы, Нұра ауданының Көбетей ауылында дүниеге келді. Түбі – Қуандықтың Алтай тармағынан. Әкесі Бикен – Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Зағипа – тоғыз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана.
Қаршадай кезінен-ақ есепке жүйрік Жарылқасын абыз ақсақалдардың батасын алып, «бала шежіреші» атаныпты. Әкесі мен анасы оны қатты жекіп сөйлемей, ұрпақ тәрбиесінде сөздің салмағымен тәрбиелеген.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, жастайынан әкесінің қасына еріп жүріп, еңбекке ерте араласқан. Ол өзінің сұхбаттарында: «Оқуда, еңбекте дұрыс жүріп, дұрыс тұрған адаммын» деп жиі еске алып отырады екен.
Еңбегімен еленген дара тұлға
Жарылқасын ағамыз еңбек жолын қатардағы бухгалтердің шәкірті болып бастайды. Азаматтық борышын өтеп жүріп, авиация полкінде механик ретінде жұмыс істеген. Сол жылдары Новосібір кеңес және кооперация саудасы институтын үздік аяқтады.
Мамандығына деген құлшынысы, есепке деген сүйіспеншілігі, адамгершілік қасиеттері оны еңбек жолында алға жетелеген. Әскерден оралған соң Нұра аудандық Тұтынушылар одағының бас бухгалтері қызметіне кірісіп, 1971 жылы, небәрі 28 жасында Қарағанды облыстық Тұтынушылар одағының бас бухгалтері болып тағайындалды. Бұл – сол дәуір үшін үлкен жетістік.
Адалдығы һәм кәсібилігінің арқасында 40 жылдан астам уақыт бойы осы қызметті атқарып, қырағылығы мен адалдығы арқасында жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.
«Қарағандыдай аумағы созылып жатқан іргелі облыстың есеп-қисабының бір адамның миына сыйғаны – ел сүйсінерлік құбылыс емес пе?!» – деп еске алады әріптестері.
Ағамыз сол кезде көпке бұйырмайтын марапат – «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен иеленген. Бұл – оның кәсіби шеберлігі мен халық алдындағы адалдығының дәлелі.
Тағдыр сынына мойымаған
Адам тағдыры – жазмыш. 30 жасында ауыр сынақ келіп, Жарылқасын ағаның қос жанары көрмей қалады. Жастық шағының ең жарқын кезеңінде келген бұл сынақ кез келген жанды қажытатын ауыр соққы еді. Бірақ, ол бұған мойымады.
Жары Әнияш апай сол күнді тебірене еске алады.
– Маған телефон шалып, «көзім көрмей қалды» деді. Ол кезде мен 25-темін, ол 30-да. Жақан жездесі мен Үмітжан апасына хабарласып, көзді емдейтін ауруханаға апардық. Дәрігерлер «1 топтағы мүгедек, жұмысқа жарамсыз» деді. Алайда өмірде адамшылық пен шынайы жанашырлықтың бар екенін дәлелдеген жандар сол кезде жанымыздан табыла білді. Қазтұтынуодағының бас есепшісі Хайдар Даминов: «Ешқандай мүгедектік алма, мен отырғанда жұмыс істейсің» – деп қамқорлық көрсетіп, кәсіби маманды қатардан шығармай, еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік берді, – дейді ол.
Сонымен қатар, Ресейдің Куйбышев қаласындағы Наталья Борисовна есімді дәрігер талай жыл емдеп, ота жасап, жыл сайын бауырындай қабылдап, үйінде қонақ қылып, шын ниетімен көмектескенін атап өткен жөн.
«Ондай мамандығына адал жандар сирек. Ұшаққа мінгізіп жіберсек, күйеуі екеуі күтіп алып, емдеп, қайта шығарып салатын. 1973-1991 жылдары жыл сайын барып тұрдық. Осы уақыт аралығында 8 рет ота жасалды. Кейінгі жылдары Алматыға емдеттік», – дейді Әнияш апай.
Ғылым мен руханияттың жанашыры
Жарылқасын Бикенұлы – есепке жүйрік маман ғана емес, ел шежіресін тасқа түсірген тарихи зердесі бар тұлға.
Нақтырақ айтсақ, ол өз дауысы арқылы 30 сағаттық естелікті диктофонға жазып, одан «Өмір сынақтарының сыры» атты 337 беттен тұратын кітап дүниеге келген. Бұл еңбек – тағдыр сынынан мойымай өткен адамның өмірлік философиясы, өмірге деген көзқарасы.
Бұдан бөлек, оның жетекшілігімен жарық көрген «Тоқа шежіресі» (2000), «Қарпық шежіресі» (2002), «Қарпық және Қожа шежіресі» (2008), «Алтай Қалыбек шежіресі» (2009) сынды шежірелік кітаптары – ата-баба тағдырымен қоса, ұлттық кодты сақтауға бағытталған тарихи еңбектер.
Сонымен бірге, Рафхат апасының өнегелі өмір жолына арналған «Апа жүрегі» атты кітабы 2019 жылы жарық көрді. Кітапта Рафхат апасының тағылымға толы өмірін Домалақ ана, Қарқабат ана сынды қазақтың қайсар қыздарының жолын жалғаушы ретінде көркем тілмен жазып шыққан. Бұл да бауырға деген құрметтің асқақ үлгісі болса керек.
Жарылқасын Бикенұлы Қарағанды кооператив институтының «Бухгалтерлік есеп» кафедрасында аға оқытушы болып, «Бухгалтерлік есеп», «Ақпараттық-есептегіш жүйесі» сынды ғылыми еңбектердің жарыққа шығуына да атсалысқан. Ақпараттық технологияның енді өркендей бастаған кезеңінде осы бағытта насихат жүргізіп, көрегендік танытқан.
Халық құрметтеген абыз
Оның білімділігі мен сөзге шешендігі ел арасында аңыз болып айтылып жүр. Батаны жүрекпен беретін, сөзді тұздықтап айтатын, шежірені түгендеп беретін абыз жан болатын.
Ол туралы мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, отставкадағы полковник Есентай Шәйменов, облыстың бұрынғы бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа сынды тұлғалар тебірене естелік қалдырған.
«Жәкең келді» дегенде, жұрт төрін ұсынып, батасын алып, дұғасын тыңдайтын болған. Халқы оның азаматтық тұлғасы мен кісілігін сыйлап, «Жаны жайсаң Жарылқасын» деп атап кеткен.
Кейіпкеріміздің көп жылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, Жарылқасын Бикенұлы – «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Нұра ауданының Құрметті азаматы. Бұл оның ел үшін қызмет еткен дара тұлға екенін аңғартады.
Ұрпақ – өмірдің жалғасы
Жарылқасын ағаның соңында – ошағының отын өшірмей, шаңырағын биік етіп отырған жары Әнияш анамыз бен ұрпақтары қалды.
Әнияш Бикенова (жақындары «Сания» деп те атайды) – Қарағанды қаласында 1948 жылдың 29 ақпанында туған. Балалық шағы мен жастық кезеңі Нұра ауданы, Көбетей ауылында өтті. Осындағы қазақ мектебін аяқтаған соң, 1967 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1974 жылы биология пәнінің мұғалімі мамандығын иеленді. Еңбек жолын білім беру саласынан бастап, кейінірек Қарағанды кооператив институтында «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады. Осы оқу орнында оқу ісі бөлімінде, кейін «Бухгалтерлік есеп» кафедрасында кабинет меңгерушісі болып қызмет етті. Тәртіптілігі мен жауапкершілігінің арқасында ұзақ жылдар бойы түрлі мекемелерде абыройлы еңбек етті. Бүгінде Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде мұрағат меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Әнияш Бикенова – Жарылқасын Бикенұлының өміріндегі ең үлкен тірегі, сенімді серігі, адал досы – жұбайы. Екеуінің тағдыры – тек некемен емес, рухпен де байланысқан ерекше жұптық ғұмыр. Ол кісі бүкіл ауыртпалық пен қуанышты бірге көтеріп, жарының әрбір күрес сәтінде қасында жүрді. Екі адам арасындағы нағыз сүйіспеншілік пен жанашырлық – қиындыққа тап болғанда бір-бірінен алыстамай, қайта жақындай түсу.
Жарылқасын ағаның жанары кенеттен нашарлап кеткенде, Әнияш апай ештеңеден қаймықпай, жұбайының қайтадан өмірге бейімделуіне, кәсіби жолын жалғастыруына барынша қолдау көрсетті.
«Ауырып қалғанын естігенде, жүрегім қарс айырылды. Бірақ, оны үмітсіздікке жіберуге жол бергім келмеді. Екеуміз бұл сынақтан бірге өтеміз деп шештік» – деп тебірене еске алады.
Анамыз жылдар бойы күйеуінің кітаптарын әзірлеуге, жазбаларын таспаға түсіруге, естеліктерін жинақтауға көмектесті. Жарылқасын ағаның шежіре кітаптары мен өмірбаяндық еңбектері екеуінің ортақ жан еңбегінің нәтижесі десе де болады. Осылайша, Әнияш апай өзінің төзімділігімен, іштей мықтылығымен, үнсіз ерлігімен елге танымал жанның ең жақын серіктесі бола білді.
Бүгінде Әнияш Бикенова – жұбайының соңында қалған рухани, тарихи, шежірелік мұраны ұрпаққа аманаттаушы, сақтаушы. Оның өз балалары мен немерелеріне деген мейірімі, өмірге деген парасатты көзқарасы – нағыз қазақ әйелінің, ардақты ана мен аяулы жардың бейнесі.
Ұлдары – Әбілқасым, Ерқанат, қызы – Гүлшат. Немерелері – Арлыжан, Томирис, Мұхаммед, Дінмұхаммед, Ардан, Арлан асқар таудай ардақты Жарылқасын ағаның ұрпағы болғанын мақтан тұтып жүреді. Сағына еске алады.
Сөз соңы
Жарылқасын Бикенов – тағдырдың тауқыметіне мойымаған, еңбегімен елге танылған, адалдығымен адамзатқа үлгі болған ардақты азамат. Көзі көрмесе де, көкірек көзімен көрген, жүрек түпкірінен сөйлеген кемеңгер.
Бүгінде соңында рухани мұра, естеліктерге толы кітаптар, өнегелі ұрпақ қалдырған ол – өткеннің емес, мәңгілік тұлғаның бейнесіне айналды.
Сағынамыз. Еске аламыз. Жаныңыз жәннатта болғай, жаны жайсаң Жарылқасын аға!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»