Басты тақырыпТұлға

ЖАНЫ НӘЗІК, ЖАНАРЫ ЖІТІ ЖОҚШЫ

Шағын жанрдың шебері, журналист Мағауия Сланбекұлы алып тұлғалы. Үстелді жаншып, қағазды түтеп, қаламды сығымдап жіберер әлпетке ие. Алайда, жаны нәзік, жанары жіті болуы керек. Алыпқа тән аңқаулығы да бар болар? Ол жағы бізге беймәлім. Ал, нәзіктігі мен жітілігі жазғанынан аңғарылады. Кеңестік заманда новелла авторларын роман жазбайды, қиындықтан қашады деп сынағандар «үлкен сағат жасау жеңіл ме, әлде кішкентай сағат жасау жеңіл ме?» дегенде тосылған екен.

Мақаңның «Қу тақтайды сөйлеткен Аман» очеркі тым шағын. Газеттің бір бетінің үш ширегіне жетер-жетпес. «Очерк жанры тасада қалуда, қайта жан беру қажет» деп еді бірде өзі.

Тақырыптағы «қу тақтай» дегеніне онша көңілім толған жоқ басында. Алайда, кейін ойлана келе, автордың бұлай деуінің өрескелдігінен гөрі шындықты бетке айтуды мұрат еткені басым екенін ұққандай болдым. Домбыраны қу тақтай деп ұғатындар аз болмаған, қазір де аз емес. Қу сөзінің қазақта мағынасы көп-ау. Қу – әбден құрғаған, бойында бір тамшы да суы қалмаған, таза қасиетіне ие болған затты білдіреді. Қу деп махаббаттың символы аққуды да айтамыз. Діни догматика домбыраны шайтанның «қу ағашы» десе, Қашаған ақын домбыраның бар затының кемелдігі мен шеберлігін, рухани тазалығын ашып әрі ақтап, әрі әспеттеп берген.

Очерк шағын болғанымен жүгі ауыр екен. Алдында меңзегендей сағаттың үлкен-кішілігі емес, сайманы түгел әрі әрбірі өз орнында тұрып, уақыт шіркінді дұрыс шамалауға мүмкіндік беруі маңызды. Сағат үшін асқан жылдамдық та, тым сабырлы баяулық та қажет емес. Зиянды. Сол сияқты шағын жанрдағы шығармалар да романдарға бергісіз өз айтарларынан жаңылмауы керек.

Мағауия журналистің де елге, жұртқа, ақыр аяғында өзіне-өзі айтарын шағын жанр арқылы көздеуі бір бұл емес. Және бекер емес. Өзі де өзге де аса қадір тұтар Мұхтар Мағауинді «Құбылыс» деп тани тұра, осы тақырып аясында сонарды басып, текті түптеп, жадыны жаңғырта отырып, құбылысын шап-шағын көлемге сыйғызған. Мұнысы сараңдығынан емес, сарабдалдығынан болар. Біз болсақ кетер едік, қалқып-шалқып, тым алыстан орағытып.

Домбыра шебері Аман Сәдуақасовқа арнаған очеркінің кейіпкерлер галереясы зор. Бір кейіпкері бір кейіпкерін көлегейлемейді, бірін-бірі сәулелендіреді. Ішінде жандысы да, жансызы да бар. Жандыдан жалғыз ұлының бойына қазақы қасиет, күйшілік өнер дарытамын деп алыстағы Аққорадан қашықтағы Қарағандыға домбыра жасатуға арнайы ат арылтқан әкесі, осы жолда талай оқиғаны көріп, көңіліне түйіп, куәгер болған өзі, қос жанары шешектен ағып, тас соқыр болғанда саусақтарына көз біткен Төлеубек ақсақал, бүгінгінің қас шебері Аман, әке өнерін мұра етпек ұл Рахат, әзірге санасымен емес, түйсігімен домбыра ішегіне жармасып жүрген немере Әміре.

Жансыздан бас кейіпкері домбыра болса, оның ішегін, тиегін, құлағын қалай айтпай кетсін. Осылар очерктің үш бөлігіне атау болып әрі түрлі символикалық мәнді құбылта жариялап тұр. «Ішекте» іштегі шер қозғалар жайттар қозғалса, Аманды тілге «тиек» еткендей болып, талай дүниенің тиегін ағытқан. «Құлақта» құлағың болса, құйып ал дейді!

«Ішекте» «үкімет рұқсат берген бес қойдың ішінен» бір ісек сойылады. Осы жарым сөйлемнің мағлұматы қандай қою. Үстірт айтылғандай болғанымен кеңестік солақай саясаттың сырын ашып тұр. Ешкінің аяғының желі бар, бағуы қиын жануар екенін бір-ақ ауыз сөзбен қайырып, малшы тұрмысынан толымды сурет берген.

Құжынаған қала халқының ішіндегі ауылдас адамдарының неліктен туған жерін, кең жазира даласын, ата-баба мекенін тастап шыққанына баланың миы жете бермеуі де рас. Мәлім де, беймәлім себептер кейін ашылады. Олар 32-нің ашаршылығы, 37-нің қуғын-сүргіні еді. Қалаға тұяқ іліктірген қазақтың біразы жан сақтаған, іліктіре алмағаны ақсүйек болған.

Очеркте уақыт пен кеңістік мол қамтылған. Қарқаралы мен Ақсораңнан бірдей дерлік қашықта, Арқаның сансыз сары адырларының тылсым қойнауларының біріне жасырынған Аққорадан бастап, Азия мен Еуропаны көктей өтіп, сонау Америкадан бір-ақ шығасыз. Әрине, ескі де жаңа Қарағанды, Копайгород, кешегі Осакаров, бүгінгі Ақтоғай, Ағыбай батыр ескерткіші орнатылған Балқаш, Әміре ән шырқаған Париж, өзінің асқақ «Менін» қазағына арнаған Мұхтар Мағауиндай ұлы жазушы сол миссиясын алаңсыз орындамаққа, жалпақ жұрттың мезі қылар сөзінен аулақ болмаққа Чехия асып, біршама уақыт табан тіреген Прага, одан соң мұхит асып әзірге қоныс тепкен Вашингтон аталады.

Ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, австриялық Франц Фибек те очеркте жүрген соң, әрине шексіз ғарышқа да көтерілесіз.

Абай да «еркеленіп шыққан сөзімен» дәл өзінің өлшеулі жерінде, қиюы келіскен қырында тұр.

Әңгіме, домбыра жайында болған соң күй сүлейлерінен Байжігіт, Қызай, Нияз, Тәттімбет, Тоқа, Құрманғазы, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Уәли Бекенов, Қаршыға Ахмедиаров бар, әрине.

Әншілерден Ақан, Біржан, Мәди, Әсет, Әміре, Құрмаш Ыбышев есімдерін кездестіреміз. Соған орай әрнеге ой жүгіртеміз. Бір масаттанып, бір суынамыз. Бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген! Сол алыптардың қатарында аты аталған Құрмаш қандай бақытты! Прагада ән салған Құрмаш. Салдыртып жүрген Мақаң. Мұқтар ағасының алдында. Вашингтонда болды ма екен? Болса, сөзсіз ән салады.

Жаны барға бергісіз, рух көтерер «Қосбасар» күйлері, Байжігіттің қашаған күйлері, «Тоқырауын толқындары», «Елім-ай», жеті нота, шанақтан шыққан сан алуан дыбыстар…

«Ми», «фа» дыбыстарының аралығында керемет бір үзілмей естілетін дыбыс бар екен. Байжігіт күйлеріндегі қашаған пернедегі сауып алу әдісі арқылы екі перненің арасынан сұқ саусақпен ғана алынатын «ми» мен «фа» дыбыстарының арасындағы сиқырлы дыбыс! Еуропалық нотаға ілікпеген әлде сыймаған сегізінші дыбыс! Тәттімбеттің «Азамат қожа» күйінде де бұл дыбыс саусақпен жалатып қана алынады екен. Ардаби Мәулетұлының дерегі бұл. Мақаң соған сүйенеді де тағы бір дүниенің ұшын көрсетіп кетеді. Бұл не ғажап дыбыс?! Қызығушылық та, ынтызарлық та осындайдан оянары сөзсіз!

Ақын-жазушы, зерделі зерттеушіден «нағыз қазақ – домбыра» деген ұлы ақын Қадыр, Тәкен Әлімқұлов, Сәкен Жүнісов, Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Мағауин, Таласбек есімдерін түзген. Ұлы болса да, Еуропаға құл болған Азияның шерін айтам деп он жылға сотталып кете барған ақын Бүркіт Ысқақов та еске алынған.

Күйші, әнші туралы жазғандарына тоқталып: «Бәрінде әнші мен күйші бар. Домбыраларын жасаған шеберлер жоқ», – дейді. Жай ғана хабарлай салатын жайт емес. Өкініш, күрсініс, қайғы, мұң, шарасыздық қатар булығып келетін жайт. Алайда, қаламгер экспрессияға бой алдырмайды. Леп белгісін емес, нүкте қояды. Көп нүктеге татитын, леп белгісіне бергісіз жалғыз нүкте. Ноқат. Иә, ғаламның өзі осындай бір ноқаттан, жалғыз-ақ нүктеден бастау алыпты-мыс. Бір ноқаттан жаралған, жаратылған деген болжам бар. Негізі ноқаттың өзі де болмаған уақыт болған уақыт тарихында. Ноқаттың пайда болуы бергі тарих. Ендеше ноқатты көрмеген, оған назар аудармаған пенденің одан зорды көрдім, білдім, сездім дегені шынайы емес болар.

Шебердің шебері ғана бойында қайда жасырынғаны беймәлім сиқырмен тудырған әр домбыра ерекше жәдігер болып табылады. Кейде домбыраға ат та қойылады. Нұрғиса Тілендиевтің Дариға атты домбырасы болған. Мұны да Мақаң назарға салады.

Міне, көрдіңіз бе, бәрін қамтығандай болып отырып, сол қымбат сый – домбыраны жасаған шеберді тағы да ұмыта береміз. Домбыра дүниеге өзінен-өзі келетіндей көреміз. Домбыраның тағдыры оны жасаған шебермен тамырлас болуы керек. Біз осыны естен шығарып аламыз. Тіпті назарға ала бермейміз.

Мақаңның осы бір очеркі осындай түйіндерге алып келеді. Нешеме түйткілді түбімен қопара көтереді.

«Алақанынан жып-жылы бір леп сездім. Жұмылып кеткен көзін қарай алмадым. Дәтім бармады…», – дейді. Ақсақалдың домбыраның бетқақпағын жонып, дәл қиюластырғанын көреді. «Сол күннен бастап, шебердің қос шырағы саусақтарының ұшында тұрғандай көрінеді маған», – дейді. Осы әңгімесін тарқатқанда Аман шебер де алақандарын ашып, саусақтарына қарай беріпті. Бәлкім, ол өзі де толық сезе бермеген алайда, бойында бар бір құдіретке сол сәтте ғана назар аударған болар. Аудартқан байқампаз журналист Мағауия.

Қас шебер Аман Сәдуақасовтың қолынан шыққан домбыраларды сыйға алғандар қатарында әуелі композитор Нұрғиса Тілендиев, күйшілер Қаршыға Ахмедиаров, Уәли Бекеновтер содан соң, президент Нұрсұлтан Назарбаев, ғалым Шәкір Ыбыраев, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бар екен. Тағы қаншама домбырасы кімнің қолында жүр, кімнің қолы жетті, кімнің қолы жетпеді, қай мұражайда тұр ол өзінше бір зерттеуді қажет етпек.

Мақаң күй шертуде шыңға шықпағанмен, жоқ іздеуде көп жұрттың алдын орайды. Ол домбыраның киесін іздеуде, домбыра шеберін қанатының астына алар иесіне іздеу жариялауда. Табылса игі!

Әлимсақтан бері келе жатқан қазақтың қашан пайда болғанын дауға айналдырған жұрт көп бүгін. Бүгінгі күні қолда бар қазақтың көне домбырасы V-VI ғасырларда жасалыпты. Алтай тауының солтүстігінде ұзындығы 120, ені 60 км Қарасу көлі, ал сол көлдің шығыс солтүстігінде тау жолбарысының мекені аталған Кербез таудың қойнауындағы бір үңгірден 2007 жылғы шілдеде табылған. Қазіргі Моңғолияның Манхан өлкесі бұл. Домбыра қарағайдан, пернелері қайыңның, тобылғының, ұшқаттың қабықтарынан екен. Мойны мен шанағында түркінің қашау жазуы бар. Бұл аспаптың суреттемесін Қаржаубай Сартқожа ежіктеп берген. Оның түйеқобызға да, өзге қобызға да ұқсамайтынын, мойны жіңішке, перенелері бар екенін, домбыра екенін дәйектеген. Шебері кім екен деп сұрарсыз. Әрине, қазақ деп айтар едім мен. Алайда, Алла әуелі домбыраны жаратып, содан соң домбыра қазақты жаратқан болуы да мүмкін. Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлі бекер айтты дейсіз бе, аузына Алла салған сөзді айтқан ғой. Не десек те, қазақ пен домбыра етене, егіз, кіндігі бір. Сақ бабаларымызда екі мың жыл бұрын сондай аспап болғанын да ұмытпаңыз. Қос шекті домбырасының өзі бірнеше мың жылды қамтитын қазақтың кіндік шешесі болғысы келетін жұрттардың көбінің жасы бірнеше ғасырдан аспайтыны еске түскенде езуге күлкі үйіріледі.

Мағауия Сланбекұлы да Англия парламентінің төріне әспеттеліп ілінген қой жүнін, екінші дүниежүзілік соғыстың тауқыметін бөліскен, байырғы Астархан аумағында ескерткіш орнатылған қос түйені және тағы басқа бүгін көпшілік мән бере бермейтін дүниелерді жазғандағы мұраты қазағының барын қастерлеп, жоғын түгендеу. Ол нені жазса да, осы жолдан бір ауытқымайды. Ол шағын шығармаларымен-ақ оқырманды терең шыңырауға бойлатып, заңғар шыңға шырқата біледі. Тек зейінді бола біліңіз. Жоқшының жоғын табуға септесіңіз.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

Қарағанды экономикалық университетінің аға ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button