«Сарыарқа» клубы «Горнякты» 3:1 есебімен жеңді
Хоккейден ел чемпионатының алғашқы кездесуінде «Сарыарқа» елордалықтарға есе жіберген болатын. Екінші ойында етек жеңін жиып үлгерген сыңайлы. Олай дейтініміз, өз алаңында рудныйлық «Горняк» клубын қабылдап, қос кездесу қорытындысы бойынша 5:3 және 3:1 есебімен жеңді.

Әрине, команда мүшелеріне немесе ойын тактикасына қарап, қос команданы салыстыра алмаймыз. Дегенмен, қарағандылықтардың бір бәс жоғары екені сөзсіз. Оны жанкүйерлер қауымы да жақсы біледі. Алайда, рудныйлықтардың табандылығы мен қарсы шабуылы тым қауіпті болды. Сондықтан, жерлестерге қорғаныста сауатты ойнау қажет еді.
Бірінші кездесуде қос команда тактикалық тұрғыдан жақсы ойнады. Алғашқы айналымда бар болғаны екі шайба салынды. Ойынның алғашқы минутында-ақ алаң иелері алға шықты. Мергендігімен көзге түскен – Егор Смольянинов. Араға он минут салып, қарсыластар таразы басын теңестіріп үлгерді. Екінші айналымда да дәл сондай жағдай. Төреші ойынды бастауға белгі берген бойда жерлестер сапынан Александр Борисевич екі минут өтер-өтпеспен есепті 2:1-ге жеткізген-тін. Іле-шала қарсыластар тағы да есепті теңестіріп кетті.
Ал, шешуші айналымда жерлестер жеңісті қолдан жұлып алды. Әуелі төреші шайбаны ойынға қосқан бойда «Горняк» сапынан шабуылшы Руслан Утебаев шайба салып кетті. Алаң иелері үнсіз қалмады. 42-ші минутта – Артем Лихотников, 50-ші минутта – Кирилл Пономарев, 59-шы минутта – Александр Борисевич ойындағы екінші шайбасын салып, командаға жеңіс алып келді.
Қарсыластар қарымта ойынға тыңғылықты дайындалып келіпті. Әсіресе, қорғанысқа баса назар аударған. Ойынның 15-ші минутында «Горняк» сапынан Матвей Завьялов есеп ашқан болатын. Араға 30 секунд салып, алаң қожайындары сапынан Иван Степаненко таразы басын теңестірді.
Осыдан кейін жерлестер қарсыластардың осал тұсын таба алмады. Шабуыл болғанымен, нәтиже тіркелмеді. Әрі қорғанысын да күшейткен қарсыластардың тактикасын бұзып-жаруға да біршама уақыт қажет болды. Сәйкесінше, 21-ші минутта – Кирилл Пономарев қарсыластар қақпасына тағы бір шайба салып, 39-шы минутта – Егор Смольянинов есепті 3:1-ге жеткізді. Үшінші айналымда таблодағы есеп өзгермей осы күйінде қалды. Осылайша жерлестер өз алаңында ұпай жоғалтпады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»