Жанды жадыратқан «Жайдарман»
Қарағанды қаласының орталық мəдениет жəне демалыс саябағында қала əкімінің кубогі үшін «Қарағанды − менің сүйікті қалам» атты «Жайдарман» фестивалі өтті.
Жалынды жастардың басын қосатын «Жайдарман» − танымал жоба. Бүгінде жоба өмірдегі, жалпы қоғамдағы құбылыстарды əдемі əзілмен жеткізе білетін жастардың шығармашылық ордасына айналып отыр.
«Жайдарман» ойындарының тəрбиелік мəні өте зор, − дейді ұйымдастырушылар. Бүгінде Жайдарман қатарынан шыққан қарағандылық жастар қоғамда өз орнын тапқан азаматтар. Жайдарман кешіне Алматы, Астана қалаларынан жəне Қарқаралы ауданының Бақты ауылы, Шет ауданының Еркіндік, Қызылқой ауылдары, Ақадыр кенті жəне қаланың өзінен барлығы 14 команда қатысты.
Айтулы кеште командалар екі сағатқа жуық уақыт бойы көрермендерге астарлы əзілмен, қағытпа қалжыңмен керемет көңіл-күй сыйлады. Көңілді тапқыштар сайысын қала тұрғындарының сағынғаны анық байқалды. Оған дəлел сайыс барысындағы көрерменнің ыстық ықыласы мен шексіз қолдауы болды.
Сайыс өте жоғары деңгейде өткізілді. Жайдарманшылар тек арнайы тақырыппен шектеліп қана қоймай, əртүрлі тақырыптарды да қозғады. Тапқырлығымен жəне шеберлігімен көзге түскен командаларға көрермен тарапынан соғылған қошемет зор болды. Дегенмен де, дайындығы жеткіліксіз болған командалардың да барын жасырмаймыз. Бірақ, қай команда болсын көрермен тарапынан жас жайдарманшыларға деген құрмет пен қошеметтің үстем болғанын байқадық.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде Қарағанды Білім-инновация лицейінің оқушыларынан құралған «Кардеш» командасына бұйырды. I орынды Астана қаласынан келген «Элита» командасы алса, II орын Қарағанды қаласынан «Болашақ ВИП» командасына бұйырды. Ал, Астана қаласынан келген «Тұран Астана» командасы III орынды місе тұтты. Сайыс бойынша алматылық Нұрдəулет Сейтомаров пен Шет ауданы, Еркіндік ауылының жас ойыншысы Кəусар Қорабаева үздік ойыншылар деп танылды.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті