Жаңалықтар

Жандос Сәрсен: Мемлекеттік қызметшінің құқығы әрқашан қорғалады

Жалпыұлттық реформалар аясында елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен халықпен ашық диалог орнату қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Қазір еліміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып жатыр. Осы орайда Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, тәжірибелі маман Жандос Сәрсенмен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістер мен нақты нәтижелер жөнінде әңгімелескен едік.

Сурет Жандос Сәрсеннің жеке мұрағатынан

– Жандос Шералыұлы, Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды және халықпен ашық диалог орнатуды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде белгіледі. Осы тұрғыдан алғанда Сіз басқарып отырған департаменттің бүгінгі басты миссиясы қандай?

– Департаменттің бүгінгі бас­ты миссиясы – қоғам мен мемлекеттің мүддесіне сай, кәсіби, адал және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бұл миссия мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуден бастап, мемлекеттік қызметке іріктеу, оны өткеру және тоқтату тәртібін бақылау, әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау, бюрократиядан арылту бойынша жұмыстың аясында артық рәсімдерді қысқарту арқылы халыққа қолайлы жағдай жасау секілді кешенді бағыттарды қамтиды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті дамыту функциясы да агенттікке жүктеліп отыр. Бұл бағытта да, департамент белсенді ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіп, қоғам сеніміне ие болуды мақсат етеді.

Қысқаша айтқанда, департаменттің басты мақсаты – заманауи, жауапты, халыққа ашық және сенімді мемлекеттік қызмет жүйесін орнықтыру.

– Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мен жауапкершілігі артып келе жатқаны жиі айтылуда. Бұл қаншалықты рас?

– Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі жылдан-жылға нығайып келеді деп сеніммен айтуға болады. Бұл – жүйелі профилактикалық жұмыстардың, Әдеп жөніндегі кеңестердің белсенділігінің және қоғам тарапынан күшейген бақылаудың нәтижесі.

Мысалы, 2025 жылдың 8 айында Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған 32 істің тек алтауы ғана (19%) тәртіптік сипатта болса, қалған 81%-ы – алдын алу бағытындағы жұмыстар. 2024 жылы да осындай оң үрдіс байқалады. Мәселен, 9 отырыста 48 мәселе қаралып, оның 9-ы ғана тәртіптік іс болған. Яғни, этикалық нормалардың бұзылу фактілері азайып келеді.

Бүгінде мемлекеттік қызметшінің жүріс-тұрысы қоғамның жіті назарында. Ақпараттық кеңістікте таралған әрбір сыни пікір – назарда. Бірақ мұндай материалдардың басым бөлігі расталмайтынын да айта кеткен жөн.

Яғни, мемлекеттік қызметшілердің әдебі артып, жауапкершілік деңгейі күшейіп келеді. Бұл – қоғам мен мемлекет алдындағы сенімді нығайтудың маңызды қадамы.

– Қоғамда кейде мемлекеттік қызметшінің құқығы ескерусіз қалып жатады деген пікір бар. Сіздердің тараптарыңыз­дан олардың құқығы қалай қорғалады?

– Мемлекеттік қызметші – қарапайым азамат. Оның да жеке өмірі мен қажеттіліктері бар. Соған қарамастан, олар ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Мемлекет өз тарапынан олардың еңбегін бағалап, қолдау көрсетуге тырысады.

Алайда, қоғамда «Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тек тәртіптік жаза қолданумен айналысады» деген қате пікір айтылады. Шын мәнінде, департаменттің қызметі әлдеқайда ауқымды. Біз мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға, еңбек жағдайын жақсартуға және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге басымдық береміз.

Бүгінде өңірде мемлекеттік қызметшілердің еңбек, іссапар құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. 2025 жылы 42 қызметшінің құқығы бұзылғаны анықталып, тиісті өтемақылар төленді. Сонымен қатар, жұмыс уақыты режимін бақылау да біздің құзыретімізге берілген.

Нақтырақ айтсақ, 8 айда 84 қызметшінің үстеме жұмысқа заңсыз тартылғаны белгілі болып, оларға қосымша демалыс берілді.

Икемді жұмыс кестесі – отбасылық жағдайы бар қызметшілерге жасалған тағы бір қолайлы мүмкіндік. Қазір облыс бойынша 36 қызметші осы режимде жұмыс істейді.

Тәртіптік істерді қарау барысында да заңдылыққа мән берілуде. 2024-2025 жылдары 14 тәртіптік актінің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Бұдан бөлек, біліктілікті арттыру курстарына дер уақытында жіберу мәселесі де назарда. Талдау нәтижесінде 8 қызметшінің курстан кеш өткені анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

– Сіздердің құзыреттеріңізге азаматтардың да құқықтарын қорғау кіретіні белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– «Е-Otinish» платформасы арқылы азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерден түрлі өтініштер түсіп жатады. Департамент бұл өтініштерді зерделеп, қажет болған жағдайда тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықтар расталса, тиісті ұсынымдар енгізіп, құқықтар қалпына келтіріледі және жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты азаматтармен жұмыста кеңінен қолданылып келеді.

2024 жылы қабылданған Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, мемлекеттік қызметшілер мен халық арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге нақты қадамдар жасалуда.

Мақсат – мемлекеттік қызметтер мен игіліктердің халыққа бюрократиясыз, ашық әрі әділ түрде қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Президенттің «Әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деген ұстанымы – халықпен диалог орнатуда басты бағыт. Себебі, азаматтар үшін ең маңыздысы – нақты нәтиже.

2025 жылдың 8 айында 46 азаматтың құқығы жоспардан тыс тексеру арқылы қорғалды. Осылайша, Департамент қабылдаған шаралар азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беріп отыр.

Алайда, елдің дамуы тек мемлекеттік қызметке ғана емес, қарапайым азаматтардың да құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Азаматтың өз құқығы мен қай органға жүгіну керектігін білуі уақытты үнемдеп, өтініштерді қарау процесін оңтайландырады.

Көп жағдайда азаматтар құзыретіне жатпайтын мәселелермен департаментке жүгінеді. Мұндай кезде департаментте түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, алайда бұл процестер уақыт жоғалтуға және мемлекеттік органдарға деген теріс көзқарасқа алып келуі мүмкін.

Сондықтан, құқықтық сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.

– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен талапты қажет ететін сала. Осы салада еңбек етіп жүрген әріптестеріңізге, жас мамандарға не айтар едіңіз?

– Мемлекеттік қызметші – бұл мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Әрбір шешіміңіз, сөзіңіз, ісіңіз халыққа әсер етеді. Сондықтан жүрек қалауымен келген жастар бұл саланың абыройын биіктетуге ұмтылуы керек.

Президентіміз айтқандай, «Әділетті Қазақстан – бәрімізге ортақ ел». Бұл жолда мемлекеттік қызметшінің рөлі зор.

Бүгінде салада көптеген оң өзгерістер бар. Әсіресе, кадрлық саясат ашық әрі әділ негізге көшіп келеді. Жастарға мүмкіндік көп. Тек адал еңбек етіп, сенімді ақтау керек.

– Ашық әрі мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін.

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button