Руханият

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ақын:«Бар ғылымның бастауы – әдебиет»

Сурет кейіпкердің жеке мұағатынан

– Осы күні әдебиеттің миссиясы өзгерді ме? Қазір оның қоғамдағы орны қандай?

– Әдебиеттің миссиясы мыңжылдықтар бойы өзгермейді. Өйткені, әдебиет – әлемдегі бар ғылымның бастауы. Қазір ертегілер мен фантастикалық шығармаларда жазылған жайттар шындыққа айналғанын көріп жүрміз. Адамдар бұрын ұшуды армандаса, бүгін ол қарапайым қатынас түрі болып қалды. Әдебиеттің миссиясы – биліктегілерді мақтау емес, мемлекеттің идеологиясына қызмет ету емес, әдебиеттің міндеті – адамзат баласын өркениетке жетелеу.

Ал, оның қоғамдағы орны – бұрынғыдан едәуір өзгергені рас. Өйткені, қазір адамдар кітап оқуды қойды. Ол ақыл-ойды аздырады. Кеңес үкіметі тұсында қарапайым шопанның әдеби танымы филология ғылымдарының докторларымен пара-пар еді. Жазушылардың кітабы мыңдаған данамен шықса да, оқырманға жетпей қалып, қайта басылатын. Ал, қазіргі әдебиеттің оқылуын жарыққа шығып жатқан кітаптардың таралымынан аңғару қиын емес.

– Сіздің буын қазақ әдебиетіне қандай леп әкелді?

– Біздің буынның әдебиетке қандай леп әкелгені әзірге белгісіз. Дегенмен, уақыттың басқа бір парағы ашылған тұста әдебиетке әкелген лебіміз ағараңдап көріне бастайды деп санаймын. Біздің буын қара өлеңге едәуір өзгеріс енгізді. Себебі, қыз-жігіттердің әлемдік әдебиетті оқуға толық мүмкіндігі болды. Әлемдік әдебиеттегі алуан түрлі ағыммен танысу өлең құрылысына өзгеріс енгізуге ықпал етті. Дәстүрлі жазудан өзгеше жазу, өлеңдегі еркіндік, бұрын айтылмаған тың ойлар тудырды. Форма жағынан да, мазмұн жағынан да реформа жасады.

– Соңғы оқыған әдеби шығармаңыз, одан алған әсеріңіз?

– Карен Армстронгтың «Ибрахимнен бүгінге дейінгі Иудаизм, Христиандық және Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану Баяны» кітабын оқып жүрмін. Одан алған әсерім өте зор. Адамның сарайы ашылады. Дінге, ондағы радикализм мен фанатизмге байланысты көп дүниені ұға бастадым.

Ақын Ақберен Елгезек «Ақындарға әдеби кітап оқи бергеннен пайда жоқ, жаратылыстану ғылымын оқу керек» деген пікір айтып еді. Мен де қазір әдеби шығармалардан гөрі өзге ғылымдар жайлы зерттеу еңбектерге, танымдық дүниелерге ден қоя бастадым.

Сұхбаттасқан  Назым ДҮТБАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button