Руханият

Жанарымыздағы – «Жас Абай»

Бүгін – Абайдың туған күні. Осы ретте жанарымызда қалған мына бір ғажап туындыны жаңғырта кетсек пе дегенбіз. Былтыр Алматыға жол түскенде, Әбілхан Қастеевтің мұражайына арнайы барған едік. Музейдің екінші қабатында қылқалам шеберінің бірнеше шедеврін тамашалап шықтық. Сонда көзге жылы ұшырап, көңіліміз ерекше құлағаны «Жас Абай» портреті еді.

Әбілхан Қастеевтің барлық картиналарын мектеп қабырғасында жүріп, кітаптан кезіктіргенбіз. Бұл жолы көзімізбен көргеннен болар, жаңағы ғажап туындыларға әлі таңдай қағып отырамыз.

– Тарих 1945 жылы Абай суретіне арналған республикалық байқау өткенін, сол байқауда Әбілхан Қастеев туындысы – «Жас Абайға» елдің ықыласы айрықша болғанын айғақтайды.

– Себебі, суретшілердің көбісі Абайдың кемеліне келген кезіндегі портретін салып шықса, Әбілхан Қастеев қана ерекшеленіп, Абайдың 15-16 жастағы жеткіншек шағын бейнелеген. «Абай жолы» эпопеясының 1-томындағы «Қайтқанда» тарауын оқысақ, осы жас, білімге ұмтылған Абайды көреміз. Біле-білсеңіздер, суретші бар шығармашылық ғұмырында Абайға арнап, отызға жуық картина салған. Бірақ «Жас Абайдың» портреті салынған 1945 жыл – суретші шығармашылығындағы маңызды кезең. Ол бозбала жігіттің есте қаларлық жарқын бейнесін жасай білді. Жас ақынның әлі ашылмаған мүмкіндіктерінің күші мен қуатын суреті арқылы көрсетті, – деді музей қызметкері Гүлденай Бекбаулиева. – Жеткіншек Абайдың портретіне, қарасақ көзқарасының өзінен жалынды байқауға болады. Кітапты жаңа ғана оқып болып, көкжиекке қарап, ойланып тұрған жас жігітті көреміз. Осы портрет сол уақытта жүлделі орын алған.

Автор жас Абайды бейнелемес бұрын тікелей Мұхтар Әуезовпен әңгімелесіп, мағлұмат жинап алыпты. Абайдың ауылына да арнайы барған деген дерек те бар. Жалпы, Қастеевтің ерекше қасиеті қандай сурет салса да, алдымен көзі қарақты көнекөздерден сұрап, терең зерттеп алып, зерделі дүниені жарыққа әкелетін болған.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button