Жаңалықтар

Ауыл жастарына бағытталған «Ұлт қазынасы» жобасы жаңа кезеңге өтті

Ауыл жастары – ел болашағының тірегі. Әрбір шалғай ауылда арман арқалаған, бірақ, өз қабілетін толық көрсетуге мүмкіндік іздеп жүрген талантты жастар баршылық. Олардың білім алып, кәсіби бағытта дамуына жол ашу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Сол бағытта облыста алғаш рет бастау алған ауыл жастарының кәсіби, әлеуметтік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған «Ұлт қазынасы» жобасы жа­ңа кезеңге өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте жоба өкілдері мәлімдеді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жоба алғаш рет былтыр қыр­күйек айында пилоттық негізде бастау алды. Негізгі мақсат – ауылдық жерлердегі талантты жастарды анықтау, олардың әлеуетін дамыту және білім алу мен кәсіби дамуға тең мүмкіндік жасау. Пилоттық кезеңнің нәтижесі жобаға ауыл жастары тарапынан жоғары қызығушылық бар екенін көрсетті.

– Жоба аясында облыстың шалғай ауылдық елдімекендеріндегі жалынды жастармен бірнеше кездесу ұйымдастырдық. Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, жастар өз ойларымен бөлісіп, түрлі салада табысқа жеткен мамандардан кеңес алды. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – тәлімгерлік жүйе. Ашық іріктеу нәтижесінде білім беру, кәсіпкерлік, медицина, мәдениет, мемлекеттік қызмет және басқа да салаларда еңбек ететін 25 пен 50 жас аралығындағы табысты мамандардан құралған тәлімгерлер жастарға тәлім береді, – деді жоба үйлестірушісі Азиза Кулметтенова.

Азиза Есенкүлқызының мә­лім­деуінше, жоба барысында тә­лімгерлер өңірдің әртүрлі аудандарындағы ауылдарға барып, жастармен жалпы 30-дан астам көшпелі кездесу ұйымдастырды. Онда 1300-ден астам жас қамтылды. Кездесулердің нәтижесінде әрбір тәлімгер өзіне бірнеше шәкірт таңдап алып, олармен жеке жұмыс жүргізді. Соның аясында шеберлік сабақтары, тәжірибелік кездесулер, кеңестер мен түрлі кәсіби бағыттағы оқыту іс-шаралары ұйымдастырылды.

Брифинг барысында өткен жылғы менторлардың бірі, дәрігер, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының үш мәрте стипендия иегері және «Qaragandy Jastary» сыйлығының лауреаты Аманжол Абдрахманов та жоба аясындағы жұмыс туралы пікір білдірді.

– Әр кездесуде ауыл жастары болашақ мамандықтары туралы көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өз армандары мен мақсаттары жайлы еркін пікір алмасты. Біз де өз тарапымыздан аянып қалмадық. Тәжірибемізбен бөлісіп, олардың кәсіби бағыттарын айқындауға көмектестік. Әсіресе, медицина саласына қызығушылық танытқан жастар аз болған жоқ. Солардың ішінде дәрігер болуды армандайтын бір жас жігітпен жеке сөйлесіп, медициналық білім алу жолдары мен бұл мамандықтың жауапкершілігі туралы бар білгеніммен бөлістім, – деді спикер.

Ал, режиссер және тәуелсіз «DAT» театрының жетекшісі Дунай Еспаев жобада менторларды іріктеу процесі айрықша форматта өткенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы менторларды таңдау арнайы онлайн-платформа арқылы жүргізілген.

– Үміткерлер туралы барлық ақпарат «Saryarqa jastary» арнайы платформасына орналастырылды. Ең бастысы, менторларды жастардың өзі таңдады. Дауыс беруге шамамен 7 мыңға жуық адам қатысты. Бұл жобаға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетсе керек, – деді Дунай Еспаев.

Дунай Амандықұлы сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласына қызығатын жастардың белсенді болғанын баса атап өтті. Оның айтуынша, кездесулер барысында көптеген жастар актерлік шеберлік, театр және шығармашылық мамандықтарға қатысты толыққанды ақпаратпен танысып, алдарына нақты межелі мақсат қойған.

Жоба тәлімгерлері өткен жыл­дың соңында облыс әкімінің орын­басары Әлібек Әлденеймен кез­десіп, атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ұтымды ұсыныстарын ортаға салып, саралады. Кездесу барысында тәлімгерлік жүйесін күшейту, ауыл жастарына арналған жаңа оқыту форматтарын енгізу және қатысушыларды жеке сүйемелдеу тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды.

Пилоттық кезеңнің нәтижелері мен қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, 2026 жылы «Ұлт қазынасы» жобасы жаңартылған әрі кеңейтілген форматта жүзеге асырылады. Алдағы уақытта тәлімгерлік жүйе күшейтіліп, жастармен өткізілетін кездесулер саны артады. Сонымен қатар, қатысушыларға көрсетілетін жеке қолдау тетіктері кеңейтіледі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button