Қарағанды өңірінде 23 мыңға жуық жұмысшы жастар бар
Қарағанды белсенді, мақсатты жастардың арманына тұғыр болып, бір күнге еліміздің ғана емес, әлемнің түпкір-түпкірінен келген еңбекшіл жастарының жүрек қалауын біріктірген үлкен алаңға айналды. Индустриялық орталықта өткен Халықаралық жұмысшы жастар форумы Қазақстан мен шет мемлекеттердің, атап айтқанда, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, АҚШ-тың жас мамандарын, студенттерін, тәлімгерлерін және тұтас еңбек династияларын тоғыстырды. Олардың барлығын біріктірген ортақ мақсат – адал еңбек қоғамның тірегі екенін, жұмысшы мамандықтары бүгінде тек сұранысқа ие ғана емес, тұлға мен елдің дамуына кең өріс ашатынын дәлелдеу. Сондай-ақ, форумның көздеген тағы бір мақсаты – жұмысшы мамандықтарының экономиканың тірегі ғана емес, отбасы мен ел үшін мақтаныш көзі екенін паш ету болды.

Болашаққа бастар жол
Форум шараның мәні мен мақсатын дәл берген «Ұрпақтан-ұрпаққа: болашаққа бастар жол бүгін басталады» ұранымен өтті. Студенттер мен жас мамандар, ардагерлер мен тұтас еңбек әулеттері бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісуі осының дәлелі. Шабыт пен идеяға толы форумның ресми ашылуында сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл оқиғаның аймақтық қана емес, халықаралық маңызға ие екенін атап өтті.
– Бүгін күнделікті экономиканың шынайы қаһармандары – өндіріс, энергетика, көлік және құрылыс салаларын дамытып жүрген жас мамандар бас қосты. Бұл – жай ғана өңірлік шара емес, мыңнан астам қатысушыны біріктірген халықаралық форум. Сіздер еңбектен қашпайтын, өсуге, дамуға және жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын жас буынсыздар. Дәл осындай мамандар өндіріс, энергетика, көлік пен құрылыс саласын ілгерілетеді. Форумда айтылған барлық ұсыныс пен идея ескерілетін болады. Мемлекет тарапынан әрқашан қолдау бар. Президенттің бастамасымен бұл жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланғаны да осының дәлелі. Бұл – еліміздің болашағы үшін жас мамандардың маңызын айқындау, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста 130 мыңнан астам адам жұмыс істейтін мыңға жуық зауыт пен фабрика бар. Оларда еңбек ететіндердің 85%-ы – жұмысшы мамандықтары. 23 мыңға жуығы – жұмысшы жастар. Бұл – орасан зор әлеует. Сондықтан, облыста жас мамандарды қолдау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Ал, алда дуалды білім беруді енгізу, жұмыс орындарымен жаңа жобаларды іске қосу кәсіпорындар мен компаниялардың сұранысына сәйкес кадрлар даярлаудан бөлек, тұрғын үй бағдарламаларын дамыту сияқты жоспарлар да бар. Жас мамандар үшін бағдарламалар мен модификациялар жалғасуда. Үш жыл ішінде 300-ден астам несие берілген. Жұмысшылар облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында толыққанды жұмысқа кіріскен. «Мұның бәрі – жай сөз емес, нақты қадамдар», – деген Ермағанбет Бөлекпаев ел ертеңі – жігерлі жастардың қолында екенін де жеткізді.
Ең қуатты энергия
Форумның бағдарламасы мазмұнды әрі қызу өтті. Диалог алаңдарында жастар өздеріне үлгі болатын кәсіби мамандармен және шетелдік делегаттармен тікелей пікір алмасып, тәжірибе жинады.
Мәселен, 2011 жылы үлкен жол апатына ұшырап, соның салдарынан екі аяғынан айырылған Айсұлу Сүлейменова Қазақстанның паралимпиада құрамасында жаттығады. Ол биыл Чехияда өткен «Olomouc Grand Prix» халықаралық турнирінде 100 метр қашықтықта күміс, 200 метрде қола жүлдеге ие болған. Бүгінде ол – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің цифрландыру бөлімінде жетекші инженер.
Ал, Түркиядан келген Куддис Тахшин Йылдар жастардың қоғамдық жобаларға белсене араласуы туралы тәжірибесімен бөлісті. Өзбекстан делегаты Абдулазиз Абдухамидов волонтерлік қозғалыстар жайын әңгімеледі. АҚШ-тан келген Джонатан Ли Роллинс «Күшті мемлекет мықты әрі кәсіби мамандардан басталады» деген сөзімен қатысушылардың зор қолдауына ие болды.
ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов жастарды армандаудан қорықпай, жаңа жобаларды батыл қолға алуға шақырды. «Жастарда ең қуатты энергия бар. Бастысы – сол мүмкіндікті жіберіп алмау», – деді ол.
Мақтаныш әрі үлгі
Форум аясында жұмысшы жастар мен еңбегі еленген әулет, еңбек адамдары марапатталды. III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Алмагүл Қырықбекова, «Ең үздік еңбек әулеті» номинациясымен Шахтинск қаласынан Волокитиндер отбасы, «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Балқаш қаласынан Ерлан Сыздықов марапат алды.
«Қазақмыс Холдинг» ЖШС Директорлар кеңесінің Құрмет грамоталарымен Ксения Қараваева мен Шарбану Калманбаева марапатталды.
Сондай-ақ, «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы он еңбек ардагеріне төсбелгі табыстады.
Қарағанды облысында бүкіл үрім-бұтағымен бір салада еңбек етіп жүрген әулеттер көп кездеседі.
Атап айтқанда, көмір өндірісінде төрт жүз жылдық жинақталған еңбек өтілі бар Шахтинск қаласынан келген Волокитиндер әулеті «Еңбек жолы» республикалық конкурсының облыстық кезеңінде үздік деп танылды. Бұл әулет ұрпақ сабақтастығының нақты көрінісі.
– Бізде еңбек эстафетасы әкеден балаға, немереге жалғасып келеді. Бұл – ауыр, бірақ құрметті еңбек. Жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдауға шақырамын, – деді әулет өкілі Сергей Волокитин.
Зейнетке шықса да, еңбектен қол үзбеген ол әскери борышын өтеп келгеннен кейін Долинская шахтасында 16 жыл еңбек еткен. Ал, қазір Ленин шахтасында тау-кен шебері болып жұмыс істейді. Мұндағы еңбек өтілі – 24 жыл. Балалары да осы саланы таңдап, әке жолын қуған.
– Қызым да шахтада жұмыс істейді, аға табельші. Қазір немерелерім де осы жолды таңдағалы жүр. Біздің сала – өте ерекше сала. Қайда барсаң да, бұл кәсіп бағаланады. Адамда ниет болса – болғаны, қалғаны өздігінен келеді. Қазірдің өзінде жастарда осы салаға қызығушылық бар сияқты. Біздің буын азайып барады. Ал қазіргі қарым-қатынас бұрынғыдай емес. Десек те, кіші буыннан да үйренетін нәрсе табуға болады, соны бойға сіңіру керек. Оқу мен үйрену ешқашан да кеш емес, тіпті жас талғамайды, – дейді ол.
Бүгінгі жас – ертеңгі көшбасшы
Форумда алғаш рет «Kemel Keleshek» жастар сыйлығы табысталғанын да айту керек. Бұл марапат жас мамандардың қажырлы еңбегін бағалаудың жаңа белгісіне айналды. Атап айтқанда, 16 номинация бойынша өндіріс, көлік, спорт, мәдениет саласына бүгіннен бастап, елеулі үлес қосып жүрген жастар марапатталды.
Мәселен, Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмысшысы Дархан Желібаев «Мәдени және әлеуметтік дамуға қосқан үлесі үшін» сыйлығына ие болды. Ол мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.
– Бұл өзге өңірлерде жастарды қолдау бағдарламалары қалай жүзеге асырылатынын білуге, тәжірибе бөлісуге және жаңа серпін алуға тамаша мүмкіндік. Бүгін жұмысшы мамандықтарының болашағы зор. Бастысы – әрекеттен қорықпау, – деді ол.
Одан бөлек, «Өндірістегі үздік жас жұмысшы» аталымын 23 жастағы инженер-технолог Жұлдызай Байдүйсен иеленді. Кез келген салада бағыңның жануы адамның өзіне байланысты дейді. Ол Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде «станция кезекшісі және өткел кезекшісі» мамандықтары бойынша білім алған. Мұндай саланы таңдауына отбасының әсері мол болыпты. Әкесі мен ағасы теміржол саласында қызмет етеді. Теміртаудағы «Жаңа ауыл» станциясында еңбек жолын жүк қабылдау операторы болып қарапайым жұмысшы мамандығынан бастаған ол кейін тасымал құжаттарын өңдеу операторы қызметіне жоғарылаған. Жалынды жас маман қазір ҚТЖ-да бір жарым жылдан бері жетекші инженер-технолог болып жұмыс істейді. Айтуынша, жұмысшы жастар үшін болашақ бар.
– Біздің ұжым жастарға әрдайым қолдау көрсетеді. Дегенмен, әр салада бағы жану адамның өзіне байланысты. Егер сіздің ұмтылысыңыз болса, басшылық оны міндетті түрде байқайды, әрі қарай сізге қолдау көрсетеді. Мен де сондай қолдауды сездім, – деді Жұлдызай Байдүйсен.
Сондай-ақ, шара барысында Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров аймақтық «Жасыл ел» штабының ерекше көзге түскен 15 қатысушысын марапаттады.
Форум концерттік бағдарламаға ұласты. Бастысы – қатысушылар жаңа идеялармен қатар, ерекше шабыт алғанын айту керек. Қарағандылық еңбекші жастар бұл күнді ұмытпайтыны анық. Себебі, дәл осындай алаңдар елдің болашағын жасайтын мықты мамандарды шыңдайтыны сөзсіз.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»