Бас тақырып

Жан-жақты сауалға – салмақты жауап

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының маңызды элементтерінің бірі және Әділетті Қазақстанды құруда маңызды роль атқарады. «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын тұжырымдаманы іске асыру, барлығымызға ортақ міндет», – деген Мемлекет басшысы билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын қадап айтқан болатын өз Жолдауында. Халықпен тиімді кері байланыс орнату және тұрғындардың өтініш-тілектерін жинап, қарастыру ғана емес, айтылған мәселелерді дер кезінде шешіп, нәтиже шығару мақсатында шенеуніктердің халықпен тікелей кездесуі бұл күні ешкімге таңсық емес. Одан бөлек, әкімдер қазір әлеуметтік желіде де белсенді. Халықпен пікірлесіп, олардың базынасына өздері тікелей жауап береді. Кейінгі жылдары «Әкім сағатын» өткізу де үрдіске айналып, тұрғындар тікелей эфир кезінде аймақ басшысына сауалдарын жолдап, қандай да бір түйткілді мәселенің шешіміне қатысты жауабын алып жүр. Биыл да SARYARQA телеарнасының тікелей эфирінде облыс тұрғындары бір сағат көлемінде өңірдегі ахуал жайлы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың өз аузынан естіп, көкейдегі сұрақтарын телефон және WhatsApp мессенжері арқылы жолдау мүмкіндігіне ие болды.

Сурет тікелей эфирден скриншот

«Көзге көрінбесе де, оң өзгерістер бар»

Көрермендерден сұрақ келіп түскенше, Ермағанбет Қабдулаұлы жыл бойы облыста атқарылған жұмыстарға шолу жасап өтті. Айтуынша, Қарағанды жылды жақсы аяқтайды. Әсіресе, экономикалық тұрғыдан өсім жоғары. Одан бөлек, жұмыссыздық мәселесі де оң нәтиже бере бастаған. Қазақстан бойынша ең төмен – 4,1 пайыздық көрсеткіш дәл біздің өңірде екенін де айту керек.

Қазақстан өндірісінің қара нары ретінде ел экономикасында ойып тұрып орын алатын Қарағандыдағы ең ірі өндіріс орны – Qarmet акционерлік қоғамы екені белгілі. Еліміздегі ең ірі металлургия зауыты кейінгі жылдары ірі жобаларды қолға алып, ауқымды бастамаларды атқарып жатқанын көріп те, біліп те жүрміз. Комбинатқа бұрынғы даңқын қайтарып, оны Қазақстанның әрбір тұрғыны мен зауыт жұмысшысының мақтанышына айналдыруды мақсат етіп, өз ұстанымына айналдырған кәсіпорын қазір заманауи технологиялардың, жоғары өнімділіктің және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың экожүйесіне айналған. Бұрынғымен салыстырғанда, компаниядағы жағдай әлдеқайда жақсарғанын аймақ басшысы да айтып отыр. Ал, ең бастысы – тұрақтылық.

– Qarmet – белгілі бір проблемалары бар, қарызы бар үлкен компания. Қазір өндірістік көрсеткіштер 21 пайызға дейін өсті. Бұл бізді қуантады. Дегенмен, өндірісті модернизациялау үшін үлкен инвестициялар қажет. Сондай-ақ, кеншілердің қауіпсіздігіне көп көңіл бөледі.

Олар қазірдің өзінде позиция­лау жүйесімен жұмыс істейді. Жұмыстағы қауіпсіздік, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Мәселе көп. Олар бір жылда жылдам шешіле қалады деп айта алмаймыз, – деді аймақ басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев Qarmet компаниясына қатысты мердігерлер алдындағы қарыз мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, инвестор бұл жағдайда нақты жұмыс істеп, отандық жеткізушілер мен қызметтерге көбірек көңіл бөлу керектігін түсінеді.

– Бізде Qarmet айналасында әрі қарай жұмыс істеу, кластерлік тәсіл жасау үшін үлкен бірлескен жоспарларымыз бар. Бірқатар банк басшыларымен кездестік, біз қазірдің өзінде кейбір банктермен келісімге келіп, кластерлік тәсілге байланысты бірқатар жобалар қаржыландырылатын болды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі Балқаш пен Қарқаралыдағы «Қазақмыс» кәсіп­орынының да жұмыс сапасына тоқталды. Әлбетте, жүйе құраушы кәсіпорындардың жұмысы жақсарған сайын, мемлекетке, оның ішінде, облыс бюджетіне түсетін салық көлемі де арта түсетіні анық.

– Бизнес жағынан келер болсақ, салық мөлшері көбейген. Сол себепті де жағдай жақсарып келеді. Бірақ, екінші жағынан да алаңдататын мәселелер жоқ емес. Оны біз де, сіздер де білесіздер. Баға және тариф мәселесі. Осы мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Ермағанбет Қабдуллаұлы.

Айта кетерлік жайт, Qarmet компаниясының неғұрлым қысқа мерзімде шешкен басты мәселесі – табиғи газға көшу. Бұл – үлкен жетістік.

– Қазірдің өзінде газ құбырын жеткізу жұмыстары басталды, бұл ауаға таратылатын зиянды қалдықтарды айтарлықтай төмендетеді. Көзге көрінбейтін шығар, бірақ біраз өзгерістер бар және олар жалғаса береді, – деп сендірді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сурет akorda.kz

Экономикада өсім бар

Қарағанды облысында экономиканың барлық салаларында өсім бар. Өнеркәсіптік кәсіпорындар 9 айда 3 трлн теңгеге жуық өнім өндірді. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне инвестиция көлемі 14,6%-ға артып, 680 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін үш мыңға жуық жұмыс орны ашылып, он жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Көктемгі қолайсыз ауа райына қарамастан, облыс диқандары биыл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, соңғы сегіз жылда болмаған өнім алғанын білеміз. Атап айтқанда, 1 млн. 300 мың тоннадан астам астық жиналды. Бұған дейін Ермағанбет Қабдулаұлы жоғарыда аталған көрсеткіштер диқандардың табан ақы, маңдай терінің өтеуі екенін айтқан болатын. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде дайындауда, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шаралары да өз ықпалын тигізді.

– Астықты халыққа тиімді бағамен ұсыну үшін мәселелерді шешу қажет. Ең бастысы – шаруа қожалық иелеріне көмек керек. Қазір бидайдың бағасы да арзан емес. Шаруа қожалық иелеріне көмек көрсету үшін арнайы жобаларымыз бар – деді өңір басшысы.

Одан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев бизнестің іскерлік белсенділігін арттыру үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр деген сұраққа да жауап берді. Айтуынша, «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін бағалау бойынша Қарағанды облысы елімізде жетінші орында тұр. Шағын және орта бизнесті қолдау және қолайлы бизнес-климат құру да – басым міндеттердің бірі.

– Республика деңгейінде көптеген бағдарламалар әзірленді. Қаржылық қолдауды кеңейту үшін «Даму» қорымен бірлесіп «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Жақын арада біз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қолдауды бірнеше есе арттыруды көздеп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібі, туризм жобаларына ерекше назар аударылады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар, барлық қажетті инфрақұрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру басталды. Онда бизнес өз өндірісін ең төменгі жалдау шартымен орналастыра алады. Мұндай алғашқы индустриялық алаңдар Қарағанды мен Саранда іске қосылды. Бұл тәжірибені басқа қалалар мен аудандарға тарату міндеті тұрғанын ерекше атап өтті облыс әкімі.

Өңір басшысы елімізде бірінші болып Қарағанды облысы бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендеткенін еске салды. Нәтижесінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер саны 16 есе өсті. Тартымдылықты көріп, облысқа басқа аймақтардан салық төлеушілер келді. Бұл қазынаны едәуір толықтыруға мүмкіндік берген.

Әкімдік заңсыздыққа көз жұма қарамайды

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы – қай кезде де өзекті. Облыста осыған қатысты атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен, биылғы жылу маусымында Саран қаласы жылусыз қалған болатын.
Ермағанбет Бөлекпаев Саранның орталық қазандығының жағдайын түсіндірді.

– Жаңа қазандық 13 жыл бойы салынды. Қазір іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Орталық қазандық 102 үйге жылу береді. Қазір жылу көзінде төрт қазандықтың екеуі жұмыс істеп тұр. Қазандықты іске қосу кезінде сорғы жабдықтарымен байланысты техникалық ақаулар болды. Жазда қала әкіміне сақтандыру үшін жергілікті қазандықтарды дайындау тапсырылды. Оның баяндамаларына сүйенсек, қосымша қазандықтар дайын болған. Бірақ ақпарат шындыққа жанаспады. Салдарынан бұл қазандықтар кейінірек іске қосылды, – деді облыс әкімі.

Ол Саран қаласындағы жылу мәселесі жеке бақылауда екенін айтты. Күн сайын облыс әкімінің бірінші орынбасары сол жерде барлығын қадағалап жүр. Келіп түскен шағымдарды жедел шешуге тырысады.

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір жайт – баспана мәселесі. Атап айтқанда, жыл басынан Қарағанды қаласының өзінде 20 тұрғын үйдің құжатына қатысты мәселе туындаған болатын. Аймақ басшысы аталған жағдайға қатысты қандай шешім шығарылғанын да айтты.

– Заңсыз салынған үйлердің тізімін біз сайттарға саламыз. Рұқсатсыз құрылыс салатын мердігерлер бар. Құжаттарын реттеп алып, үлескерлерден ақша алатын мердігерлер де бар. Ол – заңсыз. Қазіргі таңда заңсыз салып жатқан және салынып қойған 6-7 үй бар. Салымшылар үйлердің құжатын сұрап, тексеріп алу қажет. Мердігерлердің адамдардан үлес­кер ретінде ақша алуға құқықтары жоқ. Алдымен өз ақшаларына салу қажет, содан соң сата алады. «Қазақстан Тұрғын үй» компаниясынан кепілдік алу қажет. Үй алам десеңіздер облыстың мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасынан тізімін сұрап алсаңыздар болады, – деді Ермағамбет Қабдулаұлы.

Өңір басшысы әкімдік кез келген заңсыздыққа көз жұма қарамайтынын айтады. Айыпқа тартып, айыппұл салады. Бірақ, барлығы – заң аясында.

Ермағанбет Бөлекпаев тікелей эфирде «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолына қатысты тұрғындардан келіп түскен сауалға жауап берді. Әкім жол жағдайын жақсы білетінін айтты. Тіпті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығымен кездесіп, аталған жолға қатысты мәселені бірлесе талқылаған.

– «Қарағанды-Қарқаралы» бағ­ытындағы жол құрылысының 57 шақырымы қалды. Келесі жылы жолды жөндеу жұмыстары толықтай аяқталады, – деді аймақ басшысы.

Әкім сағатында келіп түскен сауалдардың дені коммуналдық және әлеуметтік салаларға, жолдарға, абаттандыруға қатысты болды.

Тұрғындар жеке мәселелерін де ортаға салды. Мысалы, Қарағанды тұрғыны Пришахтинскідегі Искра көшесіндегі үйді су басқанына шағымданды. Оның айтуынша, судың қайдан келетіні белгісіз және жағдай екі айдан бері шешілмеген. Ермағанбет Бөлекпаев тікелей эфирде қала әкіміне шаралар қабылдауды тапсырды. Сол жерге барып, мән-жайды анықтауын бұйырды.

Сурет saryarqatv.kz

Бір пайыз – техникаға

Биыл Қарқаралы ауданында 40 мың гектар жер өртеніп, бір адамның қаза тапқанын білеміз. Әкім сағатында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа осы жағдайға байланысты сұрақ қойылды. Аймақ басшысы өз сөзінде тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын және орманшылардың қаншалықты техникамен жабдықталғанын айтып өтті.

– Өкінішке қарай, өрт кезінде Хали Хайрат деген азаматымыз қайтыс болы. Бүгін ғана Президентіміздің Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалін ата-анасына табыстадым. Отбасына, туған-туыс­тарына көңіл айтамын. Ерлігі – мәңгі жадымызда. Ал, өрттің қайдан және қалай шыққаны тексерілуде. Тергеу жұмыстары жүргізілуде. Өзім сол өртенген жерге барып, көріп қайтқанмын. Өрт өте үлкен көлемде болды. Әрі жел де қатты соғып тұрды. Оқиға орнына көптеген техникаларды алдыртып, жұмыс істеген болатынбыз. Жалпы, облыстық бюджеттен техника алуға қажетті қаражат бөлінген. Ал, әрі қарай экология министрлігі жұмыс істеп жатыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы өз сөзінде үш бірдей өрт сөндіру станциясы салынғандығына да тоқталды.

– Біз әлі бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта Қарқаралы ауданында да саламыз деген жоспар бар. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бастысы – техника алып жатырмыз. Менің тапсырмаммен әр ауданның бюджетіне қажетті техникаларды алу үшін бюджеттің 1 пайызын аударып отырмыз. Әр аудан жыл сайын қажетті техникасын немесе басқа да қажетті құрылғыларын алып отыруы керек. Қазір осы бастамаммен қала және аудан әкімдері жұмысын бастап кетті, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

«Әкімге ризамыз!»

Сондай-ақ, «Көгілдір тоғандар» шағын ауданындағы «Томирис» тұрғын үйінің қасындағы жайлы мектеп құрылысын көруге әкім күнде келеді. Жұмысына ризамыз!», – деген қала тұрғыны жұмыстар қашан аяқталатынын және мектептің қашан ашылатынын сұрады.

Облыс бойынша 10 жайлы мектеп құрылысын бастағанбыз. 2000 орындық бір мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысын аяқтауымыз қажет. Осы 5 мектептің ішінде «Томирис» тұрғын үйінің жанындағы жайлы мектеп те бар, – деген аймақ басшысы «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында салынып жатқан мектепті ғана емес, облыс бойынша салынып жатқан мектептердің құрылысын қадағалауында ұстап отырғанын айтты.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жыл соңына «Көгілдір тоғандар» мен «Гүлдер» шағын аудандарындағы және Балқаш қаласы, Ақсу-Аюлы мен Жарық ауылындағы мектептердің құрылысын аяқтау жоспарда бар.

– Жайлы мектептер болғандықтан, барлығы сапалы болу қажет. Сондықтан, ұзақ салынып жатыр. Жұмыстар жүріп жатыр. «Томирис» тұрғын үйінің қасынан салынып жатқан мектептің сыртқы абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ендігі жылы облыс көлемінде тағы 4 мектеп салынады, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Тікелей эфирге қоңырау шалып, әкімдік жұмысына ризашылығын білдіргендер жалғыз бұл емес. Тұрғындар бірнеше жыл қатарынан жөндеу көрмеген жолдардың реттеліп, аулалардың абаттандырылғанына ризашылығын білдіріп, әкімге алғыстарын жаудырып жатты. Әлбетте, жолдардың жөнделуі бюджет қаражатына байланысты екенін де ескертті аймақ басшысы.

Тұрғындар аудан және ауыл медицинасы жайында сұрақтар қойды. «Аудан және ауыл тұрғындарын диагностикадан өтуі үшін облысқа жібереді. Неге сол диагностиканы аудан орталығынан өте алмаймыз? Облыс орталығына бару үшін жолға шығындаламыз», – дейді қоңырау шалған ауыл тұрғыны.

– Диагностиканың әр түрі болады. Кең көлемде диагностика жүргізу керек кезде оны ауылда немесе ауданда өткізу мүмкін емес. Жалпы, бізде диагностика өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар аз. Бірақ, басты мәселе – кадр тапшылығы. Осы мәселені шешу үшін қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Ауылға барып, жұмыс жасаймын деген мамандарға 8 млн. теңгеге дейін қаражат береміз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы уақытқа дейін өңір бойынша 91 ФАП салдық. Енді сол жерлерге мамандарды тартып жатырмыз. Қажетті медициналық техникаларды да алынуда, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Сурет сайт мұрағатынан

Тоғыз жолдың торабында

Қарағандыда Тeez маркетплейс сауда-логистикалық қоймасы жұмыс істей бастады. Бұл да – әкім сағатында мәлім болған ақпарат. Болашақта мұнда 8 мың жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнес қолдау алады.

Қарағандылықтар Ермағанбет Бөлекпаевтан қойманың ашылуы өңір экономикасына қалай әсер ететінін сұрады. Облыс әкімі жергілікті өндірушілер мен кәсіпкерлер заманауи қойма қызметтеріне қол жеткізе алатынын, бұл тауарларды жеткізуді едәуір жеделдететінін және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын атап өтті.

Қоймада қазірдің өзінде 300 адам жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 200 адам жұмысқа тұрады. Мұнда барлығы 8 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

– Бұдан басқа, Қарағандыда ірі логистикалық орталықтың болуы басқа инвесторлар мен бизнес-құрылымдардың назарын аударуы мүмкін. Бұл қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырады және логистика мен саудаға байланысты қосымша қызметтер ашу сияқты бизнестегі жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Өңір стартаптар мен халықаралық компаниялар үшін тартымды болады, бұл іскерлік белсенділіктің өсуіне алып келеді, – деп есептейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Халықаралық логистиканы нығайтудағы негізгі қадамдардың бірі – Қарағанды «Сары-Арқа» әуе­жайы базасында мультимодальды әуе хабын құру. Қарағандылық журналист аймақ басшысынан жаңа инвестордың жоспарлары туралы сұрады.

– Әуежайға жылына 2 млн жолаушы өткізу қабілеті бар жолаушылар терминалы, жылына 50 мың тоннаға дейін жүк өңдеу мүмкіндігі бар Cargo Тerminal жүк терминалы кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл біз әуежайымыздың базасында CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабын құру мәселесін пысықтауды бастадық. Сонымен қатар, әуежай аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының субзонасы болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

«Сары-Арқа» әуежайында жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға бағытталған Жол картасы әзірленген. Бұған АЭА субаймағы шеңберінде салықтық және басқа да преференциялар алатын әуе хабы аумағында жаңа кәсіпорындар құру есебінен қол жеткізіледі. Өңделетін жүктердің көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Осы арқылы 2030 жылға қарай 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру және бюджетке салық түсімдерін ұлғайту жоспарлануда.

Бүгінгі таңда әуежай Эквадордан, Нидерландыдан, Бельгиядан және Оңтүстік-Шығыс Азиядан коммерциялық жүк рейстеріне қыз­мет көрсетеді. Болашақта «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша әуе кемелерінің техникалық қонуы артады деп күтілуде. Бұл әуежайдың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді және оның маңызды көлік торабы ретіндегі мәртебесін нығайтады.

Телеарна журналисі «Шахтер» клубына қатысты мәселені көтерді. Клуб өз тарихында алғаш рет премьер-лигадан шығып қалған болатын. «Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?» деген сұраққа Ермағанбет Қабдулаұлы өкінішпен қабылдағанын жеткізді.

– «Шахтерге» жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінді. Демеушілер арқылы да көмегімізді жасадық. Бірақ, қаржы бөлу өз алдына, легионерлермен жұмыс істеу дұрыс болмаған сияқты. Өйт­кені, өз ішімізден футболшылар шықпайынша, дұрыс болмайтын секілді. Бізде, тіпті, балаларды дайындайтын бапкерлер де аз. Бұл мәселе талқыланды. Болашақта футбол академиясын ашып, сол жерден дайындайтын боламыз. Сөйтіп, іргетасын қалап алғаннан кейін, осында туып-өскен азаматтар «Шахтер» құрамында ойнайтын болады, – деді облыс басшысы.

Әлбетте, бір сағатта бүкіл сұрақты қамту мүмкін емес. Хабар тарату кезінде call-орталық операторлары 70-ке жуық қоңырау мен хабарламаларды қабылдағанын айту керек. Барлық сұрақтарға жауап беру мүмкін болған жоқ. Бірақ, бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button