Осакаров

Жан дауасы – жүрек жылуы

«Осакаров ауданының психологиялық-педагогикалық түзету ка­бинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – тұрғындардың сұранысын талап деңгейінде орындауға машықтанған бірегей орталық. Балаларды қорғаудың Халықаралық күні аясында аудан әкімі Нұркен ҚОБЖАНОВ дамуында кемістігі бар балғындарды оңалтып, қоғамға бейімдеумен шұғылданатын мекемеге арнайы барып, тәрбиеленушілермен, олардың ата-аналары және педа­гог мамандармен пікірлесті. Мақсатты қызметтің ұйымдастырылу үдерісімен танысып, балаларға мерекелік сый-сияпат ұсынды.

Суретті түсірген Ольга ФИЛИППОВА.

Бейресми қалыптағы әңгіме барысында орталықта жүргізіліп жатқан жұмыстар ауқымын тағы бір мәрте тереңірек бағамдаған Нұркен Сайфиддинұлы істі әлі де ілкімді ете түсу бағытындағы әрекеттерге ерекше мән беру қажеттілігіне назар аударды. Мемлекет тарапынан басымдық сипат берілген бағдарлы шараларды ширату мен ауқымын одан әрі кеңейту мәселесін үнемі ескеру жөнінде тиісті лауазымды тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Жұмысы жүйелі, қолға алған шаруалары орнықты орталық ерекше сұранысы бар балаларға өз қызметін 2012 жылдан бері үздіксіз ұсынып келеді екен. Мұнда Дауна синдромына шалдыққан, психикалық дамуы жетілмеген, сөйлеу қабілеті қалыңқы, арнайы оқытуды талап ететін есту қабілеті кемшін, көру органдары дертке ұшыраған және басқа да біршама сырқат түрлерінің әсерінен тағдыр теперішін сезінген 1,5 жастағы балалардан бастап, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қажетті медициналық-әлеуметтік оңалту көмектері көрсетіледі. Қабылдау мүмкіндігі 20 орынға шақталған мекемеде педагог-логопед, педагог-психолог, педагог-дефектолог, дәрігер-невропатолог, массаж жасаушы медбике және емдік шараларды қамтитын денешынықтыру маманы жұмыс істейді.

Орталық меңгерушісі Зура Түсіпқалиқызының айтуынша, қазіргі таңда оңалту және бейімдеу шараларымен қамтылған балалардың 10-ы мектеп жасына дейінгілер, 8-і мектеп жасындағылар, ал 2-і денсаулық жағдайына байланысты мектептегі оқу-тәрбие үдерісінен тысқары қалғандар екен. Олардың ішінде 9 бала – ресми түрде мүгедектер санатында. Мекеме қолданысқа берілгеннен кейінгі үш жылда республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып келсе, кейін қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөліне бастаған. Оның ішінде аудандық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемінен бөлек, облыстың қаражат қоржынынан берілетін мақсатты трансферт те бар. Ізгі ниеттен бастау алатын мекеме қызметін тек Осакаровка кентінің тұрғындары ғана емес, аудан орталығына іргелес орналасқан басқа да селолық округтердің жұртшылығы тұтынатыны, әрине, жағымды жайт. Мәселен, биыл Пионерское ауылынан 2 бала, Колхозное ауылынан 1 бала тұрақты түрде келіп жүр. Ал, былтырғы жылы, тіпті, көршілес Нұра ауданының аталған қызмет түріне мұқтаж балалары да осы орталықтың мүмкіндігін оңтайлы пайдаланыпты. Ең бастысы, мамандардың білімі мен білігіне жүгінушілер жүргізілген жұмыстың сапасы мен нәтижесінің тиімділігіне тәнті. Бұл – мемлекет қаржысының нақты қайтарымы бар екендігінің көрсеткіші.

Анастасия КАРИПИДИ, кент тұрғыны, орталық қызметіне жүгінуші баланың анасы:

– Кішкентай ұлымды біраздан бері осында әкеліп жүрмін. Кестеге сәйкес, аптасына екі рет келеміз. Бұл жерге баламның бойы әбден үйреніп алды. «Қашан барамыз?» деп асығады да тұрады. Шынымен де, бұрынғы жағдайымен салыстырғанда ілгері басушылық бар. Ұрпаққа қамқорлық жасау – аса қажетті іс. Жүрек жылуы – жан дауасы. Ана ретінде мемлекет саясатына ризамын, аудан басшыларына, осы мекеменің ұжымына айтар алғысым шексіз.

 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

 

Басқа материалдар

Back to top button