Жаңалықтар

Жан азығы не?

Адам кітапты не үшін оқиды, неге құмартады? Біздіңше, өмірдің мәнін, ішкі МЕН-ін ұғу үшін оқиды. Ал, өмірінің мәнін, миссиясын ұққан адамның санасында түнерген бұлт болмайды. Өзін тану деген сөз – өз бойыңдағы күш-қайраттың, қуаттың бастауын табу деген сөз. Бастауын тапқан адам ғана ерік-жігерін жанып, тіршілік майданының сауытты жауынгеріне айналады. Адам – әуелден сардар. Тұлғалық тұрғыдан өсуге мақсатты һәм қабілетті қатардағы сарбаз генерал болуды армандайтыны секілді жұмыр басты пенде рухани тұрғыда өсіп, шама-шарқы жеткенше, дүниенің құпиясын ашуға тырысады. Дүниенің құпиясын ашу дегеніңіз – өз жаныңның сырларын ашу. Қазіргі жұрт өзін тұлғалық тұрғыда өсіру үшін интернеттегі коучтар мен мотиваторларға жүгінуді жөн санайды. Коучтар мен мотиваторларға сұраныс күрт өсіп кетті. Бұл сұраныс қандай да бір қоғамдық құбылыстан пайда болғаны анық.

Сурет freepik.com

Алина Кирьянова есімді психолог маманның сөзінше, жаңа ғасыр қоғамының өкілдері рухани жалғыздықтан, ішкі күйреуден, құлазудан, мәнсіздікке ұрынудан қашудың бар амалын жасайды. Осы тұста алдарынан өз қызметтерін ұсынып, мотиваторлар мен коучтар шығады.

– Осы салада қызмет істеп жүргеніме он жылға жуықтап қалды. Алуан түрлі психологиялық ахуалмен қаншама адам көмекке жүгінеді. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемнен түсінгенім – адамдар бүгінде жалғыздыққа ұшыраған. Өздерінің кәсібінен, күнделікті өмірінен мән іздеп, шарқ ұрады. Бұл – заңды құбылыс. Өйткені, күнделікті өмірінен ләззат алмаған, мән таппаған адам депрессияға түсіп, өз жанын құрдымға сүйрейді. Бұны «өзін-өзі құтқару инстинкті» дейді. Көмекке жүгінгендердің басым бөлігі бізден мотивация сұрайды. Сөйлесе келе, олар мотивация алу үшін түрлі фильмдер көретінін, тіпті, интернеттегі коучтардың курстарына жазылатынын айтады, – деді психолог.

Маман «мотивация іздеп келетіндердің қатары кейінгі 7-8 жылда ғана күрт көбейгенін айтты. «Бұрындары психологқа отбасылық жанжалдан қажығандар, жақынынан айрылып, қайғы жұтқан адамдар және осыларға ұқсас қиындықтарға тап болғандар ғана келетін еді», – дейді.

Бүгінде өмірлік қиындықтардан аман болса да, мотивацияға зәру болып, ақысын төлесе де, соны алуға дайын жандардың қатары көбейгені – қоғамдық сананың басқа бағытқа бет алғанын айқындап тұрғандай. Жұрттың, яғни, тұтынушының басым бөлігі нені қаласа, соған қарай еңбек нарығында қажетті мамандарға деген сұраныс артады. Еңбек нарығының қарапайым алгоритмі бұл.

Филология ғылымының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз Берік Рахымов білім жүйесі мектептерде қазақтың байырғы эпостық жыр-дастандарын, аңыз-әпсаналарын оқытуды тереңдету керектігін айтты. Адам жанына қажетті нәр халықтың ауыз әдебиетінде жатқанын алға тартты.

– Мәселен, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанында, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларында мол өнеге, адам жанының дәруменіндей құнар жатыр. Бұл шығармаларды оқытудың тың әдісі қажет-ақ. Оларды оқушыларға жай ғана оқыту, жаттату жеткіліксіз. Түпкі мәнін, мағынасын түсіндіріп, сырларын ашып берген жөн. Жыр-дастандарды оқымаған баланы ананың ақ сүтін ембеген нәрестемен салыстыруға болады. Көбі бүгінде ана тілінен алыстап жатыр, қадір-қасиетіне жетпей жатыр. Салдарынан ерік-жігері әлсіз, өмірге құштарлығы төмен, отанына, ел-жұртына деген махаббаттан ада ұрпақ өсіп келе жатқан сияқты, – деді Берік Рахымов.

Мәселен, өнертанушы, жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловтың зерттеу еңбектерінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қозы – адамның негізгі қуаты махаббат пен еріктің бейнесі екені айтылады. Ал, Баян – өмір мәнінің бейнесінде. Сарыбай – жақсылықтың, Қарабай – жамандықтың бейнесінде. Қозының анасы Мамабике – күдік пен қорқыныштың, уайымның бейнесінде. Махаббат пен ерік өз мәніне жету жолында ұлы күрес жүргізеді. Баянына жету үшін жамандық бейнесіндегі Қодарды жеңіп, күдік пен қорқыныштың, уайымның бейнесіндегі Мамабикенің шектеулерін бұзып өтеді.

Кейінгі уақытта логотерапия ғылымының өкілі Санжар Керімбайдың «Логотерапия», «Қуыс кеуде» секілді кітаптары трендке шықты. Автор өз еңбектерінде адам баласы мәнсіздікке жан азығының жетіспеушілігінен ұрынатынын айтады. Бұл автор да біз қозғап отырған мәселеге меңзейді. «Өмірге деген махаббат пен құштарлықты арттыратын, қуыс кеудені мәнге, құнарға толтыратын дәл осы жан азығы дейді» ол.

Әлгі коучтар ұсынатын жан азығын жеңіл-желпі, ізденіссіз, кәсіби білімсіз дайындалатын құнарсыз фасфудқа теңеуге болады. Құнарсыз ас тәнге қуат бермейтіні анық.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button