Спорт

Жампоздар жарыс жолында

Спортсүйер жастардың басын қосатын облыстық «Сары­арқа-2024» дәстүрлі жазғы ауыл спартакиадасы биыл да дүркіреп өтті. Биыл спартакиаданың байрағы астықты өлке Нұра ауданында желбіреді. Осымен XXXVI рет өткен ауқымды спартакиаданың биылғысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Облысымыздың барлық өңірінен келген қонақтарды аудан орталығы Нұра кентінің халқы құшақ жая қарсы алды.

Спартакиаданың ашылу салтанаты көптеген көрерменнің қошеметімен жергілікті стадионда өтті.
Спартакиадаға қазақ күресінен спорт шебері және самбодан әлем Кубогының қола жүлдегері Бекзат Ахметбеков арнайы келді. Ол – Нұра ауданы Кертінді ауылының тумасы. Көшпенділер ойынына облысымыздың атынан қатысады.

– Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Астанада болып, өз көзімен көріп ойын жайлы көбірек білсін деген ниетпен буклеттер тараттым. Қыркүйек айында елордамызда өтетін әлемдік деңгейдегі шара туралы өзім де кеңірек айтып бердім. Ал, мынадай ауқымды спартакиаданы ұйымдастыру оңай шаруа емес, сондықтан, басы-қасында жүрген азаматтарға мың алғыс. Спорт мерекесіне бала-шағасымен келген жерлестерімді көріп қуанып қалдым. Жерлестеріңнің шаттыққа толы жүздерін көру де бір бақыт қой, – деп атап өтті Бекзат Ахметбеков.

Шараның басында ел назарына ұсынылған театрландырылған қойылым елдің көңілінен шығып, әдемі әсерге бөледі.

Спартакиада алауын жағу мәртебесі аударыспақтан облыстың төрт дүркін чемпионы Қазақстан Республикасының спорт шебері Ерғанат Тайжановқа бұйырды.

Екі күнге созылған спорт додасында 500-ден астам ауыл спортшысы сайысқа түсті. Нақтырақ айтсақ, жарыстар жазғы спорттың 12 түрі бойынша өтті. Оның ішінде, волейбол, шағын футбол, асық ату, бес асық, армрестлинг, кір тасын көтеру, Президенттік көпсайыс, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және үстел теннисі бар.

Білікті мамандардан құралған төрешілер тобы тартысқа толы спартакиадада әр спорт түрі бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады.

Асық атудан Ақтоғай ауданы – I, Бұқар жырау – II, Шет ауданы – III орынға ие болса, бесасық спортынан Нұра ауданы – I, Шет ауданы – II, Бұқар жырау ауданы III орынға жайғасты.

Жазғы Президенттік көпсайыстан Абай ауданы – I, Нұра ауданы – II, Осакаров ауданы – III орынды иеленсе, армрестлингтен Бұқар жырау ауданы – I, Абай ауданы – II, Осакаров ауданы – III орын биігінен көрінді.

Қазақ күресінен Ақтоғай ауданы – I, Шет ауданы – II, Қарқаралы III – орынға жайғасса, тоғызқұмалақтан Қарқаралы ауданына – I, Ақтоғай ауданына – II, Бұқар жырау ауданына – III орын бұйырды.

Волейболдан әйелдер арасындағы жүлделі үш орынды Абай, Шет, Қарқаралы аудандары, ал, волейболдан ерлер арасындағы жүлделі орындарды Ақтоғай, Бұқар жырау, Шет аудандары өзара бөлісті.

Дойбыдан Абай ауданы – I, Осакаров ауданы – II, Қарқаралы ауданы – III орынды иеленсе, шахматтан Абай ауданы – I, Бұқар жырау ауданы – II, Нұра ауданы III орынға табан тіреді.

Ал, үстел теннисінен Абай ауданы – I, Нұра ауданы – II, Бұқар жырау ауданы III орынға жайғасса, кір тасын көтеру бойынша Шет ауданы – I, Абай ауданы – II, Қарқаралы ауданы – III орынға табан тіреді.

Тартысқа толы шағын футбол сайысындағы жүлделі орындар Шет, Қарқаралы, Абай аудандарының спортшыларына бұйырды.

Жалпыкомандалық есепте 134 ұпаймен Абай ауданының спортшылары көш бастаса, Шет ауданының жастары 116 ұпаймен II орынға тұрақтады. Ал, Бұқар жырау ауданының құрамасы 104 ұпай еншілеп, III орынға ойысты.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button