Жампоз Жанғожин
Қызметте жүрген жылдары талантты журналист, жазушы, аудармашы Аман Жанғожинмен көптеген мәселелер туралы пікірлесіп, әңгімелесіп, ақылдасып отыратын едік. Әбекең біздің өлкеміздің тарихы, кешегі өткен тұлғалары жайында зерттеу кітап, түрлі энциклопедиялардың жарыққа шығуына орасан зор еңбек сіңірді.

Еңбекқор, қарымды қаламгер Аман Жағдаұлының ақпарат саласында жарты ғасырға жуық шаршамай-шалдықпай жемісті қызмет етіп келе жатқанын жақсы білемін. Жампоз журналист Аман Жанғожинді облыс қана емес, бүкіл еліміз жақсы біледі, таниды десек, артық айтқандық емес.
Сонау бір жылдары Аманның аймағымыздың әлеуметтік саласы, мәдениеті мен өнері туралы жазылған қаншама зерттеу материалдары газет бетінде жарық көріп қана қоймай, кейін құнды кітап, альбом болып та оқырман қолына тигенін көрдік.
Әбекең 1993 жылдан облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі бола жүріп, облыста тарихи топонимдерді қайтару, ескірген атауларды жаңарту жолында елеулі еңбек сіңірді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту саласында облыстық телеарналар мен тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастыратын шаралардың бел ортасынан табылады.
Тарихи тақырыпты қаузап, республика көлеміндегі басылымдарға даңқты жерлестеріміз Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек би, Мұса мырза Шорманұлы, Шортанбай Қанайұлы, Тіленші және Алшынбай билер, танымал ғалымдар мен өндірістің білгірлері, жазықсыз репрессияға ұшыраған боздақтар туралы талай танымдық материалдар, журналистік зерттеулердің авторы Аман Жағдаұлы энциклопедист-өлкетанушы ретінде облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып жүргенде Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған қос томдықты шығарушы шығармашылық топтың құрамында сол кітаптың 1-томын жинақтап, дайындап берді. Бұл істе ғалымдардан Мәуен Хамзин үлкен көмек берген еді. Одан кейін Қазекеңе арналған кітап-альбом шығарылды, Әбекеңнің осындай ізденімпаздық еңбегі еленіп, Мәдениет басқармасының Алғыс хатымен марапатталған болатын. Туған өлкенің тарихына, адамдарына қатысты әдебиеттер шығаруға журналистік қана емес, қайраткерлік те үлес қосып жүрген Аман Жағдаұлының Бұқар жырау Қалқаманұлының кесенесін көтеру жөнін де баспасөзде алғашқылардың бірі болып мәселе көтеріп, тұлғаның 325 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі болғаны да бүгінде есімізде.
Жампоз журналист Әбекең қаламгерлікпен қатар біраз жылдар мемлекеттік қызметте де болды облаткомның баспасөз орталығының референті, халық депутаттары облыстық кеңесінің қостілділік бойынша бас маманы, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, облыс әкімі орынбасарының кеңесшісі лауазымдарын абыроймен атқарды. Аман Жағдаұлы көп жыл облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметінде болып, бас редакторлар Нұрмахан Оразбековпен, Мағауия Сембаймен бірге аймақтың бас басылымының өсіп-өркендеуіне елеулі еңбек сіңірді. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен білімді де білікті азамат, қарымды қаламгер замандасымыз Аман Жанғожиннің «Парасат» орденімен марапатталуы, оның қажырлы еңбегімен қатар, қашан болсын жымиып, жүзінен нұр шашып тұратын жайсаң мінез, парасатты болмысына берілген жоғары баға екені даусыз.
Бүгінде отау құрғандарына 50 жыл толып отырған үлгілі отбасы, өнегелі шаңырақ иелері Аман мен білікті дәрігер Бәтима екеуі ұл-қыз өсіріп, немере шаттығына бөленіп отырған жандар. Мерейлі мерейтой құтты болсын! Аман Жағдаұлындай зерделі зерттеуші, жүйрік журналист, қадірменді қаламгердің әлі де оқырманына берері мол деп ойлаймын, ендеше жазары таусылмасын!
Рымбала ОМАРБЕКОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері



