Жамағат арасындағы жарыс
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай облыс жамағаттары арасында футболдан жарыс өтті.
Бұл үрдіс ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы еді. «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ұйымдастырылған аяқ доп додасына облысқа қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінен 17 команда жасақталып, өзара бақ сынасты.
– Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұратын футбол турнирінің мақсаты – облысқа қарасты мешіт жамағаттары арасында бірлік пен бауырмалдықты арттыру. Сондай-ақ, қоғамға және жамағат арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Өйткені, тәні мықты мұсылман сауапты істерге ұйытқы болады. Жүрген жерінде жақсылықтың жаршысы бола алады, – деді облыстың бас имамы Естай Әбдіғали.
Сайысқа ойыншылар белсене қатысып, үздік ойын өрнегін көрсете білді. Олардың арасында футбол ойнап, машықтанған футболшылар да табылды. Ал, ойынға келер болсақ, ойын тәртібі мен ережесі бұзылмай жамағат сауатты ойын көрсете білді.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша облыстық мешіттер атынан бақ сынасқан «Әнет баба» командасы жеңімпаз атанып, 100 000 теңгені қанжығасына байлады. ІІ орынды «Балқаш» командасы иеленіп, 70 000 теңгені еншілесе, «Қарқаралы» командасы ІІІ орынды алып, 50 000 теңгені місе тұтты.
Сондай-ақ, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша көзге түскен ойыншылар марапатталып, оларға қаржылай сыйлық табысталды.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz