Жалынның ортасынан адам өмірін арашалаған ер
Биыл елімізде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдар 30 жылдығын атап өтуде. Үш онжылдық ішінде құтқарушылар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауқымды жетістіктерге жетіп, талай сын сағатта ерлік пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетті. Сондықтан, бұл жылдар осы салада қызмет атқарып жүрген мыңдаған құтқарушылардың батылдығының айқын көрінісі іспетті.

Көптеген жас буынға үлгі ерлердің бірі – Қарағанды облысына қарасты Төтенше жағдайлар департаментінің №19 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы – Қазбек Қабдығаниев. 1995 жылы Бұқар жырау ауданында дүниеге келген ол 2016 жылдан бері құтқарушылар қатарында абыройлы қызмет атқарып келеді. Қызмет барысында Қазбек талай өрт пен апаттық-құтқару жұмыстарында кәсіби біліктілігі мен батылдығын дәлелдеді.
Әрбір шақырту – адам өмірін қорғау, қауіптің алдын алу, қоғам алдындағы жауапкершіліктің сын сәті екені белгілі. Бұл мамандықта темірдей тәртіп пен жоғары физикалық дайындық та қажет. Қазбек осы талаптарға толық сай келіп, қазіргі таңда міндетін аса жауапкершілікпен атқарып жүр.
Құтқарушының күнделікті өмірінде спорт маңызды орын алады. 13 жасынан бастап, қазақ күресімен айналысып, бүгінде Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған ол еңбек пен спортты қатар ұштастырды. Жалынның ортасында адам өмірін арашалаған ер, ұлттық спорттың дамуына да үлес қосып жүрген азамат. Оның өмірлік ұстанымы – елге қызмет жолында қауіпсіздік пен бейбіт өмірді сақтау.
Бұл орайда Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы – тек бір мекеменің мерейтойы емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күн-түн демей тер төгіп жүрген әрбір құтқарушының еңбегін ескеру сәті. Қазбек сынды жастың өмір жолы – осы мамандықты абыроймен атқарып жүрген әрбір жастың айқын еңбегінің дәлелі.
Аяулым СОВЕТ