Жалықпайтын Жасқайрат
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы игі бастаманың аясында көптеген ілкімді іс-шаралар қолға алынуда. Ең бастысы, қоғам өмірін өзінің маңдай тер, табанды еңбегімен ізгілендіріп жүрген әр сала мамандарының мәртебесін өсіруге мән берілуде.

Қарқаралыда да өмірлік несібесін адал еңбегімен тауып жүрген қажырлы жандар аз емес. Соның бірі – аудан орталығындағы «Дархан» әмбебап дүкенінде отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, он саусағынан мөр төгілетін шебер азамат Жасқайрат Ілиясов.
Аталмыш дүкенде сонау тоқсаныншы жылдардың басында ағаш өңдеу цехын ашқан кәсіпкер Мейрам Сағымбеков қоластына талабы бар бірталай жігіттерді топтастырып, ағаш өңдеу жұмыстарын бастаған болатын. Сол уақытта осы дүкенге жұмысқа кірген жас жігіт Жасқайрат өзіне-өзі қойған биік талабымен, табандылығымен қайраттана еңбек етіп, бара-бара кәнігі шебер, мықты әмбебап маманға айналды.
Заман ағымына сай, дүкен ішінен баспахана ашылғанда тың кәсіпке тез жаттығып, бұл жұмысты да ұршықша иіріп, жылдам бейімделіп кетті. Жасқайрат бойында жүре пайда болған тіл мен құлақ кемістігін елемей, ешкімге масыл болмай, қайта кейбір сау адамдардан артық жұмыс істеп, ел қатарлы өмір сүруге ұмтылды.
– Мен осы уақытқа дейін Жасқайраттың қандай жұмыс болсын «мен білмеймін, қолымнан келмейді» дегенін естіген емеспін. Бұрын айналыспаған кез келген жұмысты тапсырсам болды, үнсіз ұғып, әрбір істің ығытын тауып, тиянақты істеп қояды. Талай адаммен жұмыс істедік қой, ер-азаматтар ішінен мұндай қажырлы әрі қолынан барлық жұмыс келетін әмбебап, жан-жақты маманды кездестірген емеспін, – дейді дүкен иесі Мейрам Армияұлы.
Иә, бастапқыда ағаш өңдеу цехында тұрмысқа қажетті бұйым мен жиһаздарды шебер істеген Жасқайрат, кейін баспахана ісі алға басқанда, дүкеннің ішкі жабдығын жаңарту жұмыстарын да жоғары деңгейде атқарды. Істен шыққан әлдебір машина, құрылғы болса, сырттан ешкімді шақыртпай-ақ, қыбын тауып дереу жөндеп, қайта жұмысқа қосып отырды. Одан кейін дүкеннің барлық ішкі бөлмелерін заманауи уақыт талабына сай жөндеу жұмыстарын жалғыз өзі атқарып шықты. Мұнда да жанына ешкімді ертпей-ақ, екі қабатты дағарадай дүкен ғимаратының барлық бөлмелерін жөндеуден өткізді. Үйдің қабырғаларын тегістеп, еденін жөндеп, есік-терезелерін ауыстырып, барлық бөлмелерді жұтындырып қойды.
Осының нәтижесінде дүкен иесі сол дайын бөлмелерді пайда көзіне айналдырып, аудан орталығында жеке ғимаратқа қол жеткізе алмай жүрген бірқатар мекемелерге жалға бере бастады. Бүгінде бұл ғимаратта аудандық әкімшілікке қарасты тұрғын үй инспекциясы, құрылыс бөлімі, «Қарқаралы су» мекемесі, Ардагерлердің кеңсесі орналасқан.
Осының бәрі, бір жағынан, кәсіпкер Мейрам Сағымбековтің өз ісін сауатты, дұрыс ұйымдастыра алғандығынан болса, екінші жағынан алғанда, Жасқайраттың еңбекқорлығы, табандылығы, ыждағаттылығы, діттеген ісін аяқтамай үйіне қайтпайтын, жалықпай да шаршамай жұмыс істей алатын қабілеттілігінің нәтижесі екені даусыз.
Биыл Жасқайрат Қабыкенұлы дүкен ғимаратының сыртқы қасбетін сайдингпен қаптау жұмысын қолға алған болатын. Ел ішіне кең тараған «Жалғыздың шаңы шықпас» деген қағиданы теріске шығарғандай, тағы да өзге ешкімге жүгінбей, барлық жұмысты бір өзі атқарып, үлкен ғимараттың сыртқы екі қабырғасын бүгінгі күн талғамына сай сәнмен аяқтап шықты. Зіл темірді жалғыз көтеріп, биік басқышты қолымен құрастырып, ауыр зат, тақтайларды тасып, баппен ғана жұмысын тындырып жүрген жанның қажырын көрген әрбір адам Жасқайраттың табандылығы мен қайратына таңғалар еді.
– Әкем сурет салу өнеріне жастайынан құмартып, көркемөнерге жақын болған екен, – дейді кейіпкеріміздің баласы, Қарағанды техникалық университетінің студенті Мөлдір. – Өзі айтқандай, бұрынырақта суретті көп салыпты, ағаштан ойып мүсіндер жасауға да, бұйымдар әзірлеуге де бейім болыпты. Оның осындай өнері маған да ықпал етті ғой деп ойлаймын. Әкем сияқты сурет салуды бала кезімнен ұнатамын. Мектеп бітіргеннен кейін сәулетші мамандығын таңдауыма сурет салуға деген ынтам себепші болды.
Әр нәрсенің өзінің себеп-салдары, қозғаушы күші болады ғой. Жасқайраттың бала күннен сурет салуға құштарлығы қолының ісмерлігіне қозғау болып, «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бойындағы қабілетін әрі қарай дамыта алды. Негізгі жұмысының ара-арасында таныс адамдардың шақыруымен үйлердің ішкі жөндеу жұмыстарына шығып, қосымша табыс та тауып жүр. Бәрі де отбасының қамы, бауырындағы үш баласын ешкімнен кем қылмай өсіріп-жеткізсем деген мақсатының нәтижесі. Зайыбы Сымбат ерінің табысын ұқсататын жан, отбасының берекесі. Жасқайраттың Мөлдірден басқа, Аружан мен Мақсат есімді балалары О.Жәутіков атындағы №1 қазақ орта мектебінде оқиды.
Әрине, денсаулығына байланысты Жасқайратпен тікелей тілдесіп, сұхбаттаса алмасақ та, оның болмыс-бітімі мен қарым-қабілеті жайында өзі қолымен атқарған еңбегінің нәтижесі толық айтып береді. Еңбекқорлығы мен шеберлігін сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеген жан қашанда және кез келген қоғамда қадір-құрметке ие.
Аян ҚЫЗКИН