Бас тақырып

Жалпыұлттық келісімнің тиімді тетігі

Бүгінгі Ұлттық құрылтай – бұл жай ғана пікір алмасу алаңы емес, жалпыұлттық келісімді қалыптастыратын маңызды тетік. Онда ел өңірлеріндегі азаматтарды толғандыратын әлеуметтік әділеттілік, отбасы мен ананы қолдау, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды нығайту және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі секілді өзекті мәселелер кеңінен көтерілді.

Сурет Ақорда

Құрылтайдың айрықша маңыздылығы – оның әртүрлі саланың өкілдерін: қоғам қайраткерлерін, сарапшыларды және өңірлік белсенділерді біріктіруінде. Бұл қоғамның нақты сұраныстарын естуге және оларды шешім қабылдау деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елде отбасы мен неке институтын күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, неке – ер мен әйелдің мемлекет тарапынан ресми түрде бекітілген, ерікті одағы. Сонымен қатар, мемлекеттік ұстанымға қайшы көзқарастар үшін қылмыстық қудалауға немесе моральдық кемсітуге жол берілмейтіні, әрбір азаматтың өз таңдауына құқығы бар екені баса айтылды. Мемлекет барлық азаматтың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Комиссия құрамына 100-ден астам адам еніп, ел азаматтарынан түскен барлық ұсыныстарды жан-жақты талдайды. Талдау қорытындысы бойынша жалпыұлттық референдум өткізілетін күн белгіленетін болады.

Бұдан бөлек, Президент жаңа диалог алаңы – «Халық кеңесін» құру туралы бастама көтерді. Жаңа құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясының жинақталған тәжірибесін біріктіріп, елдегі барлық этностар мен қоғамдық топтардың өкілдігін қамтамасыз етпек.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиялары аяқталды. Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Құрылтайда көтерілген бастамалардың тек идея күйінде қалып қоймай, нақты бағдарламалар мен жүйелі өзгерістер арқылы, әсіресе өңірлерде, практикалық жалғасын табуы аса маңызды. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, халықтың мұндай алаңдарға деген сенімін арттыра түседі.

Зара ШАЛАБАЕВА,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты,
«
AMANAT» партиясының әйелдер қанатының жетекшісі

Басқа материалдар

Back to top button