Жалғыз шайба жеңіс әкелді
«Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңіндегі төртінші ойынында жеңіске жетті. Жерлестер сырт алаңда «Алматы» клубын 1:0 есебімен жеңіп, жалпы есепте теңесті. Есеп – 2:2. Енді 2 наурызда жерлестер қарсыластарын өз алаңында қабылдайды.
Ойынның алғашқы минутында жерлестер шабуылды бастады. Қорғаушы Дмитрий Стулов қақпа тұсынан шайбаны алып шығып, шабуылшы Артем Валеевке пасс шығарады. Ал, қырағы шабуылшы ашық тұрған әріптесі Тимур Шингареевті байқап, шайбаны қарсылас қақпасына қарай бағыттады. Ал, Тимурдың міндеті – шайбаға қарсыластарынан бірінші жету. Бірақ, ол шайбаға бір қадам жетпей қалады. Дегенмен, жоғары жылдамдықпен келе жатқан шайба қарсылас қақпасына тиіп, кері қайтты. Осы сәтте Тимур доп таяғымен түртіп қалуға мүмкіндігі болып еді. Бірақ, алдынан шыққан қақпашымен қақтығысып, шабуылды сәтсіз аяқтады.
Араға екі минут салып, алаң иелері шабуыл бастады. Артем Бурделев қақпа тұсынан шабуыл бастап, алаңның ортасында әріптесі Виталий Карамновқа пас шығарады. Ал, ол қақпа алдын торуылдап тұрған қорғаушыларды қасына маңайлатпай, қақпаға жойқын соққы жасады. Абырой болғанда қарағандылық қақпашы Данил Кадочников шайбаны жібермеді.
Дәл осындай шабуылдар үшінші айналымның соңына дейін жалғасты. Осы ойында қос қақпашы керемет сейф жасап, көрермен көзайымы атанды. Жойқын соққыға да төтеп берді. Алдап өтіп, шабуылдағандарға да алданбады. Дегенмен, қосымша берілген овертайм уақытында жерлестер қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Осылайша, соғылған жалғыз шайбаның арқасында зор мүмкіндікке ие болды.
– Қос команда арасында нағыз тартысты ойын өтіп жатыр. Алғашқы кездесуде қателіктер болды. Содан жеңіліп қалдық. Бізде арнайы тактика болмады. Бізге берілген тапсырма – үйреншікті ойынымызды ойнау. Яғни, еркін ойнап, әр ойыннан ләззат алу. Сонда жеңіске бір табан жақын боласың. Қос команда тарапынан жарақат алған ойыншылар көп. Соған қарамастан бәрі намысқа тырысып, финал үшін күресуде. Осы кездесуде ойын жүйесіне аздап өзгеріс енгіздік. Біздің тараптан тамаша шабуылдар болды. Бірақ, оны пайдалана алмадық. Ең бастысы – біз жеңдік. Енді келесі ойынды Қарағандыда өткіземіз. Өз жерімізде жеңіске жету керек, – деді клуб шабуылшысы Александр Коннов.
Жалпы есепте таразы басы теңесті. Сондықтан, қос команда әлі екі мәрте ойнайды. Ал, жерлестердің ақтық бәсекеге өту мүмкіндіктері де жоғарылады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан