Жалған құжат жасағандарға жаза – қатаң
ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері коронавирусқа қарсы вакцина паспортын сату мен ПТР-тест нәтижелерін қолдан жасауға қатысы 65 қылмыстық іс қозғалыпты.
«Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385- бабы бойынша 42 қылмыстық іс болды (ҚК 385-бабы 1-бөлігі-23, 2-бөлігі-3, 3-бөлігі-16). Оның ішінде 39-ы биылғы жылы тіркелген. Вакцина паспорттарын қолдан жасау фактілері бойынша биыл 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасуда», – делінген хабарламада.
Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекетке барған адамдардың саны да әр түрлі. Бұлар тергеу нәтижелері бойынша нақтыланатын болады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше өткізген эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде де жеке тоқталды.
– Иммундау процесін тежейтін тағы бір өзекті мәселе – жалған вакцина паспорты. Бұл жағымсыз құбылыстың таралуымен байланысты кез келген әрекетті тез арада тоқтату маңызды. Жұмыс басталды, оны жалғастыру керек», – деген Президент ІІМ жанынан қоғам өкілдері мен халықтан ақпарат алып, өңдейтін ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырды.
– Вакцина паспортын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырамын. Мен бұл мәселені кеңейтілген отырыста көтердім. Әңгіме елдің ұлттық қауіпсіздігі туралы болып отыр,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жансая ОМАРБЕК.