Жаңалықтар

Жалған құжат жасағандарға жаза – қатаң

ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері коронавирусқа қарсы вакцина паспортын сату мен ПТР-тест нәтижелерін қолдан жасауға қатысы 65 қылмыстық іс қозғалыпты.

«Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385- бабы бойынша 42 қылмыстық іс болды (ҚК 385-бабы 1-бөлігі-23, 2-бөлігі-3, 3-бөлігі-16). Оның ішінде 39-ы биылғы жылы тіркелген. Вакцина паспорттарын қолдан жасау фактілері бойынша биыл 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасуда», – делінген хабарламада.

Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекетке барған адамдардың саны да әр түрлі. Бұлар тергеу нәтижелері бойынша нақтыланатын болады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше өткізген эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде де жеке тоқталды.

Иммундау процесін тежейтін тағы бір өзекті мәселе – жалған вакцина паспорты. Бұл жағымсыз құбылыстың таралуымен байланысты кез келген әрекетті тез арада тоқтату маңызды. Жұмыс басталды, оны жалғастыру керек», – деген Президент ІІМ жанынан қоғам өкілдері мен халықтан ақпарат алып, өңдейтін ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырды.

Вакцина паспортын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырамын. Мен бұл мәселені кеңейтілген отырыста көтердім. Әңгіме елдің ұлттық қауіпсіздігі туралы болып отыр,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button